Жарнама
Жаңалықтар

Ел экономикасының қозғаушы күші

Президенттің Жолдауында көтерілген мәселелер мен ұсыныстар — қазіргі агросектордың өзекті жағдайына дәл берілген баға және болашаққа бағытталған нақты бағдар. Бұл құжаттағы әрбір ой ауылдағы өмір сапасын көтеруге, шаруаның еңбегін бағалауға, жер мен өнімнің қадірін арттыруға бағытталған.

Шынында да, мемлекет соңғы жылдары ауыл шаруашылығын қолдауға ерекше назар аударып отыр. Бір триллион теңге көлеміндегі қаржылық қолдау – бұрын-соңды болмаған қадам. Дегенмен, Президент атап өткендей, мәселе бөлінген қаржының көлемінде емес, оның қаншалықты тиімді игеріліп, нақты нәтижеге айналатынында. Бұл жерде негізгі жауапкершілік салалық министрліктер мен жергілікті атқарушы органдардың иығында. Қаражаттың әр теңгесі жер мен өнімнің игілігіне жұмсалуы керек.

Ауыл шаруашылығының әлеуеті зор, бірақ оны толық ашу үшін жүйелі жоспар мен нақты стратегия қажет. Президент атап өткен агрохолдингтердің тәжірибесін тарату – өте маңызды бастама. Өйткені бұл кәсіпорындар заманауи технология мен цифрландыруды пайдаланып, өндірісті тиімді ұйымдастырып отыр. Мұндай тәжірибелерді республика көлемінде кеңінен енгізу – жалпы саланың тиімділігін арттырудың басты жолы.

Агроөнеркәсіптің дамуы үшін шетелдік және отандық инвесторларды тарту – уақыт талабы. Бірақ мұнда да маңызды шарт бар. Біздің кәсіпкерлер жаңа заман технологияларын, соның ішінде жасанды интеллектіні, агроаналитиканы және цифрлық мониторингті игеруі тиіс. Бұл тек бизнес тиімділігін емес, ауыл шаруашылығының тұрақтылығын да қамтамасыз етеді.

Мал шаруашылығы, ет және сүт өнімдерін өндіру – еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін негізгі бағыттардың бірі. Президент бұл салаға ерекше тоқталып, экспорттық әлеуетті күшейтуді тапсырды. Ішкі нарықты етпен толық қамтамасыз етіп қана қоймай, сапалы отандық өнімді шетелге шығаруға мүмкіндік жасау әр шаруаның, әр өңірдің басты мақсаты болуы тиіс.

Жер мәселесіне келсек, Мемлекет басшысының ұстанымы айқын: жер – халықтың игілігі. Игерілмей жатқан және заңсыз пайдаланылған жерлердің қайтарылуы – әділетті шешім. Бірақ ең бастысы, сол қайтарылған жердің жаңа иелерінің оны нақты игеруі. Бұл бағытта әкімдерге үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Әр гектар жер еңбек пен өнімнің көзіне айналуы тиіс. Жер қатынастарын цифрландыру, жерді электронды форматта бөлу, спутниктік мониторинг пен жасанды интеллект арқылы бақылау – бұл тек ашықтық емес, тиімділік пен әділдіктің кепілі. Мұндай қадамдар жердің нақты иесін айқындап, жемқорлықтың алдын алады.

Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы ғылымының артта қалып отырғанын да орынды сынға алды. Расында, қомақты қаржы бөлінгенімен, аграрлық ғылымның нәтижесі әлсіз. Ғылыми зерттеу мен нақты өндірістің арасында алшақтық бар. Бұл алшақтық жойылмай, ауыл шаруашылығының жаңа сапалық деңгейге көтерілуі қиын.

Қорыта айтқанда, Президент жолдауында ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтерудің барлық кілті бар. Ендігі мәселе – сол тапсырмаларды орындау. Егер жергілікті билік пен министрлік деңгейінде нақты бақылау, жүйелі жоспар және заманауи технологиялар үйлесім тапса, ауыл шаруашылығы ел экономикасының нағыз драйверіне айналары сөзсіз. Ауылдың өркендеуі – елдің тұрақтылығы мен болашағының кепілі. Президент ұсынған бағыт – осы жолдағы нақты бағдаршам.

Жеңіс ӘБІЛҚАЙЫРОВ,

“Асыл тұқымды Еділбай қойын өсіретін Бірлестік” шаруа қожалығының басшысы,

Ауыл шаруашылығы саласының үздігі.

Сурет: egemen.kz

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button