ЕГІСІ КӨПТІҢ – ЫРЫСЫ МОЛ

Облыста көктемгі дала жұмыстары қарқын алды

Каналдарға  су  келді

Ауыл шаруашылығы басқармасынан алынған мәліметтерге сүйенсек, ағымдағы жылы облыстағы егістік жердің көлемі 6292 гектарды құрайды. Оның 2430 гектарына көкөніс, 1500 гектарына картоп, 1487 гектарына малазықтық және 875 гектарға бақша дақылдарын өсіру жоспарланған. Мұның сыртында, тамшылатып суару технологиясымен баптап-күтілетін егіндіктің аумағын 1500 гектарға жеткізу межеленген. Білгеніміздей, былтырғы жылмен салыстырғанда қай дақыл түрінен болмасын егіс көлемі біраз көбейтілсе, бір ғана тамшылату тәсілімен суарылатын егіндіктің көлемі 136 пайызға ұлғайтылған.

Бізді осы жайлардан хабардар қылған облыстық  ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Тілек Әміровтің айтуынша, күні бүгінге көкөністен 1084, бақшадан 580, картоптан 326 және малазықтық екпелі шөптерден 565 гектар жерге тұқым себіліп, егін салынған. «ҚазСушар» РМК-на қарасты 14 суару-суландыру жүйесі арқылы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне су жеткізіліп, сәуір айынан бастап каналдарға су шығарылуда.

  Тыңайтқыш пен  жанармай – жеңілдікпен

Бұдан басқа, бюджеттік субсидиялау бағдарламасы аясында шаруашылық құрылымдарына керекті 1040 тонна көлеміндегі минералдық тыңайтқышты 50 пайызға немесе тең жарты құнына дейін төмендетілген бағамен сатып алуға келісім-шарт жасалған. Соның тең жартысынан астамы, яғни 640 тоннасы қазірдің өзінде тапсырыс берушілерге жеткізілген болып шықты. Ал, былтырғы көктемде небәрі 840 тонна минералды тыңайтқышқа тапсырыс берілген. Сонымен қатар, жеңілдетілген бағамен босатылатын 2,0 мың дизель отыны да тұтынушысын тапқан. Сұраныс нүктесіне жеткізіліп берілген жағдайда бір литр жанармайдың бағасы 72 теңгеден сатылса, өз күштерімен тасып алғандар үшін 69 теңгеден белгіленген. Және бір мәлім болғаны, егін шаруашылығы бойынша бюджеттік субсидиялаумен қамтылған жобалардың жүзеге асырылуын қамтамасыз етуге 255,9 млн. теңге қаржы қаралған. 

Индерде  ілкімді істер  бар

Индер ауданында биыл 53 шаруа қожалығының күшімен 260 гектарға картоп, 240 гектарға көкөніс және 150 гектарға бақша, барлығы 650 гектар алқапқа егіс өсіру көзделген. Одан бөлек, 140 гектар жер суармалы екпелі шөп егістігіне бөлінген. Оған қоса, жеміс ағаштарын өсіруге де ден қойылып, 19 гектар аумаққа алма бағы өсірілгелі отыр. Бұл шаруамен мұнда төрт бірдей шаруа қожалығы шұғылдануда.

Осылайша, «Алғабас-Жорық» каналының бойына қоныстанған, Бөдене селолық округіне қарасты «Айсұлтан» шаруа қожалығының (жетекшісі Айтқали Жұмағұлов) жігіттері жаңбырлы маусымдағы шуақты күндерді сәтті пайдаланып, жоспарланғанындай 10 гектар жерге егін салыпты. Аталған округтің иелігіне берілген «ХМЗ-150» тракторының көмегімен жерін жыртып, алдын-ала қамданған диқандар ойластырған шаруаларын оңғарып та тастаған. Егіншіліктен тәжірибесі мол мамандар Кәрім Хамидуллин мен Орынша Баетованың басқаруындағы «Медет» шаруа қожалығы да күтімдеріне алған он гектар егіндіктің жеті гектарына картоп, қалғанына көкөніс-бақша дақылдарын еккен. Сол сияқты, «Базым» учаскесінен жер телімін алып, бақша салуға ниеттенген жарсуаттық Сара Әбдірова да өз отбасымен шаруасын сәтті бастапты. Сөйтіп, баптауына алуға бекінген он гектар егіс алқабының екі гектарына тамшылатып суару тәсілін қолдануға бел буыпты. Аудандағы ірі шаруа құрылымдарының бірінен саналатын «АсылАгро» шаруа қожалығы (басшысы Мүфтолла Құлбасов) да барлығы 65 гектар жерге егін салса, оның 25 гектарын тиімді технологияның көмегімен игеруді ұйғарыпты.

Дәулетқали АРУЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз