ЕҢБЕКТІ ҚОРҒАУ – ЕҢ МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕ

Жыл сайын сәуір айының 28-і елімізде Еңбекті қорғау күні ретінде атап өтілетіні белгілі. Осыған орай Атырау қаласындағы «Ренессанс» қонақ үйінде аймақтық семинар-кеңес өтті. Ол «Еңбек жағдайларын жақсарту және қорғау – Қазақстан Республикасының экономикалық өсімі мен дамуының факторы» деп аталды. Осы тақырыпта ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау министрлігі еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон Комитетінің төрағасы – республиканың бас мемлекеттік еңбек инспекторы Ақмәди Сарбасов баяндама жасады.

Келесі кезекте 2012-2014 жылдары атқарылған жұмыстар жайынан Атырау облысы бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Салауат Ишайдың хабарламасы тыңдалды.

2013 жылдың өзінде инспекция тарапынан жүргізілген 412 тексерудің (өндірістік нысандардың 18,5 пайызын қамтыған) нәтижесінде 1026 кемшілік немесе келеңсіз факт анықталған. Соның негізінде, кінәлі деп танылғандарға 380 жазбаша ескерту беріліп, 438 айыппұл (жалпы сомасы үш млн.теңгенің үстінде) салынған. Өткен жылдың басында жұмыс берушілердің жалақы бойынша берешегі 79,3 млн.теңгені құрап, кейін толығымен өтелген. 2014 жылы облыста құрылған дағдарысқа қарсы штабтың бес мәрте мәжілісі өткізіліп, онда елуге жуық субъектінің (жұмыс беруші) қызметі тыңдалған. Десек те, игерілмеген қаржы, мезгілінде төленбеген еңбек ақы төлеу, мердігер мекемелер арасындағы жасалған келісім-шарттың мерзімінен бұрын тоқтатылуы, тәуекелдер мониторингінің жүйелі жүргізілмеуі, бақытсыздық оқиғалары салдарының жан-жақты зерттелмеуі себепті де біраз проблемалардың туындап отырғандығы ашық айтылды.

Семинар-кеңесте, сондай-ақ  Атырау облысы бойынша кәсіпкерлер палатасының, облыстық кәсіподақтар орталығының басшылары, «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорнының, «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамының және «Work Place Attestation» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілдері өз ақпараттарымен бөлісті.

Дәулетқали АРУЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз