Дін саласындағы министрлік: Қандай міндеттерді көздейді?

d95ac1e7d6d78552526cbaae66d68531 XL Жаңалықтар

Апта басы Үкіметте үлкен жаңалықтармен басталды. Кадрлық өзгерістерді айтпағанда, Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің құрылуы – үлкен жаңалық болды. Бұған дейін агенттік, кейін комитет түрінде жұмыс істеп, енді министрлік деңгейіне көтерілген жаңа құрылымның алдында нендей міндеттер тұр? Осы сауалдарға сала мамандарының жауабын ұсынып отырмыз.

d95ac1e7d6d78552526cbaae66d68531_xl

Айбек АТАШЕВ,

теолог, дінтану ғылымдарының магистрі:

«Рухани құндылықтарды нығайтсақ»

Бұл жаңалық жұртшылыққа қуаныш сыйлады деп ойлаймын. Өйткені, мұндай министрлік елімізде тұңғыш рет құрылып отыр. Елбасының мемлекеттік басқару жүйесіндегі кадрлық және құрылымдық өзгерістер мәселелері жөнінде жасаған мәлімдемесінде баяндалғанындай, бұл министрлік те еліміздегі дінге және азаматтық қоғамға қатысты қордаланған мәселелермен бірге, қазіргі сын-қатерлерді лайықты еңсереді деп сенемін.

Жаңа министрлік мыңжылдықтар тоғысындағы талайлы сын-тегеуріндерден  Ұлы Дала елінің іргесін шайқалтпай алып шығудың ауыр да, абыройлы аманатын орындайды. Зайырлы мемлекетіміздің негізгі құндылықтарын – мемлекет азаматтарының өмірін, бостандықтары мен құқықтарын, ұлттық қауіпсіздікті, ішкі тұрақтылықты, халықтың рухани-мәдени құндылықтарын сақтау мен нығайтуға бағытталған шараларды атқарады деп сенемін.

Кейінгі уақытта елде орын алып жатқан қарулы қақтығыстардың негізінен уаһабизм, салафизм ағымымен тікелей байланысты екендігін, яғни мұның діни ахуалды күрделендіріп отырғанын ескеретін кез келді. Демек, отандық сала мамандарымен бірлесе отырып, үкіметтік жəне үкіметтік емес мекеме қызметкерлерінің қатысуымен, республикалық дін комиссиясы құрылып, халықтың алдына шығып, еліміздің ертеңі үшін аянбай қызмет жасайды деп ойлаймын. Жаңа министрлікке және оның басшылығына тек сәттілік тілеймін.

580790_1426070918

Батыржан МАНСҰРОВ,

ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі, «Иманғали» орталық мешітінің Бас имамы, PhD доктор:

«Жат ағымдарға тосқауыл керек»

Бұл – уақыт талабынан туындаған жағдай. Өйткені, қазіргі таңда халықтың төл дәстүрімен біте қайнасқан асыл дініміздің атын жамылып, ұлттық тек-тамырымызға балта шабуды көздейтін жат ағым идеологиясының ұлт қауіпсіздігіне қатер төндіріп отырғаны жасырын емес.

Түптеп келгенде, бұл – Елбасымыз айтқан «Мәңгілік ел» идеясын іске асырудың жолын кесетін қоғамдық дерт. Ғасыр қасіреті. Қазақ елінің баянды болуы жас ұрпақтың қолында дейтін болсақ, балаларымыздың мектептен шықпай жатып, тарихи санасынан ажырап, рухани мәңгүрттенуін көздейтін жат ағымдардың жетегінде кетуі алаңдатпай қоймайды. Міне, ұлт тағдыры сын үстінде тұрған кезеңде, осындай экстремистік ағым ықпалына қарсы тұру, күресу бағытында нақты қадамдар жасау қажеттілігі күн тәртібіне көтеріліп отыр. Демек, Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің  құрылуы – мемлекетіміздің дін мәселесінде қордаланып қалған түйткілді мәселелерді шешуге мүдделі екенін көрсетеді.

Жаңа министрлік халықты жаппай діни сауаттандыруды  жолға қойып, жат ағым жетегінде кеткен жастарымызды оңалту және қаракөздеріміздің қарулы қақтығыс жағдайына дейін барып жүрген берекесіз әрекеттеріне тосқауыл қоя алатын тетік болуы керек. Сондай-ақ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ислам дінін насихаттау, өркендету тарапындағы ұстанымдарын қолдап, оны жүзеге асыруда, әріптестік көмек қолын созады деп ойлаймын.

Мешіттеріміздің қоғамдық ролін күшейтіп, дін қызметкерлерінің азаматтық құқығын қорғайтын заң шығару, сапалы кадр тәрбиелеуде оқу орындарының санын көбейту сынды игі істер жаңа министрлік құзырында қаралатын оң шешім болады деген де үміт бар.

P.S. Қалай десек те, дін саласын толыққанды қолға алатын жаңа  министрлік, әсіресе, жат ағымдардың «жұмысына» тосқауыл болып, күрделі ахуалдан шығудың тиімді тетіктерін қарастыруы тиіс.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз