Денсаулыққа дем берген…

скерл¦к ¦здер¦ Жаңалықтар

Жұдырықтай жүрегіне жылылық пен ұлылық ұялаған әйел-өмірдің мәні, тіршіліктің сәні. Олардың қоғамдағы, жалпы адамзат өміріндегі алатын орны ерекше. Әйел-алдымен отбасының ұйытқысы, ең бастысы «ана» деген киелі ұғымның иегері. Заман талабына сай әйелдер қауымы өмірдің әр саласында белсенділік танытып, мехнаты мол жұмыстың ауыртпалығына мойымай,  әртүрлі жауапты қызметтер атқарып келеді. Солардың қатарында облыстағы «Медицина» акционерлік қоғамы ұжымы да бар.

-скерл¦к ¦здер¦

Сонау 90 жылдардың басында бар болғаны төрт-ақ адаммен жұмыс бастаған аталмыш ұжымда бүгінгі күні 200-ден астам адам еңбек етеді. Облыс аумағында 28 дәріхана мен 10 дәріхана пункттері бар бұл мекеме, негізінен дәріхана қоймалары арқылы дәрілік заттардың, медициналық бағыттағы бұйымдар мен медициналық техниканың көтерме саудасын, өңірде орналасқан дәріханалар арқылы дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдардың  бөлшек саудасын, дәрілік заттарды дайындау және дәрілік заттардың медициналық  мақсаттағы бұйымдардың бөлшек саудасын жүзеге асырады. Бұған қоса 20 төсектік күндізгі стационарда гинекологиялық бөлімше, зертхана, физиотерапиялық кабинет халыққа мүлтіксіз қызмет көрсетуде.

Басы ауырып, балтыры сыздай қалса, адам шіркінге ең керектілердің бірі дәрі-дәрмек. Сондықтан да бұл саладағы қызметтің сапалылығы мен әртүрлілігінің маңызы зор. Әдетте, қай істің болмасын алға басуы білікті басшыға байланысты деп жатамыз. Біздіңше, жаны бар сөз. Аталған еңбек ұжымын жиырма жылдан астам уақыт бойы басқарып, мекеменің халыққа қалтқысыз жұмыс жасауын қамтамасыз етіп келе жатқан осы акционерлік қоғамның бас директоры Дәулетжанова Забира Жағыпарқызының ізденіске толы тынымсыз еңбегі өз нәтижесін беріп те келеді.

«Біздің ұжымдағы қызметкерлердің дені әйелдер. Осы саланың жілігін шағып, майын ішкен тәжірибесі мол мамандар да, жас мамандар да бар.  Ұжымның басты ұстанымы сапалы еңбек ету және қызметтің жауапкершілігін білу. Осы қағиданы берік сақтаған мамандарымыз еңбек ырғағын еш уақытта төмендеткен емес. Мекемеде жұмыс жасауға тиісті жағдайлардың барлығы да жасалған. 2012 жылдан бастап дәріхана жүйелері толықтай автоматтандырылып, электрондық бағдарламалар жүйесіне көшірілді. Мекемеміз әлеуметтік қорғау мекемелеріне, денсаулық сақтау ұйымдары мен еңбек және соғыс ардагерлеріне басқа да категориядағы адамдарға қайырымдылық көмектерін көрсетіп келеді. «Қамқорлық», «Парыз» бағдарламаларына белсенді қатысамыз. «Демеу» жобасын іске асыру мақсатында облыстық әкімдік пен  бизнес өкілдерінің арасында меморандумға қол қойылған болатын. Осыған орай қыруар іс жасалды. Міндеттеріміздің абыройлы орындалып, жетістікке жетуіміздің бірден-бір себебі-мамандарымыздың өнікті еңбектерінің жемісі деп білемін» дейді фармацевтика бөлімінің меңгерушісі Сұлушаш Қуанғалиева асқан ризашылықпен.

Қазақта «жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген қанатты сөз бар. Мекеменің деректері мен дәйектеріне көз жібере отырып, сегізінші наурыз Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында жауапкершілік жүгін терең сезініп, жоғары еңбек үлгісін көрсетіп жүрген қыз-келіншектер туралы айта кетуді ұйғардық.

Қаладағы ең үлкен №25 дәріхана Авангард шағынауданында орналасқан. Бұл дәріхананы 30 жылдан астам еңбек өтілі бар жоғары білімді провизор Күләнда Өтеулиева басқарып келеді. Өзінің біліктілігімен, көпшілікпен тілтапқыш, кісілік қасиеттерімен тұтынушылар көңілінен шығып жүрген Күләнда Нәсіпқалиқызы өз мүддесінен гөрі халық жағдайын жоғары қояды. Халыққа қалтқысыз қызмет көрсетуді өзінің төл міндеті санайды. Жүрек қалауымен таңдаған мамандығының қыр-сырын терең меңгерген кәнігі маман өмірлік тәжірибесін жастарға үйретуден жалыққан емес.

«Халықтың көп келетін жерлерінің бірі – дәріхана. Жұмыс көлемі ауқымды. Тегін берілетін дәрілерді алушыларға, сақтандыру компанияларының адамдары мен жеке тұрғындарға қызмет көрсетеміз. Заман талаптарына, салалық стандартқа  сай жасақталған бұл дәріханада толықтай жағдай жасалған. Бұл жерде мекеме басшысының ерен еңбегін айтпай кетуге болмас. Орайлы сәтте барлық әріптестерімді көктем мерекесімен құттықтаймын. Әйелдің қуанышы – әр үйдің, отбасының, Отанның мерейі. баршаңызға зор денсаулық, баянды бақыт, игілік тілеймін!» деп ақжарма тілегін жолдады Күләнда Нәсіпқалиқызы.

Облыс бойынша дәрі-дәрмек №3 дәріханада ғана дайындалады.  Дәріхананың меңгерушісі Сәуле Әбішқызы Бекешова өз ісінің шебері, жар сүйіп, бала тәрбиелеп, немере қызығына бөленіп отырған асыл әже. Жоғары білімді маман-провизор. «Мен осы салада, осы ғимаратта 35 жылдан бері  еңбек етіп келемін. 1982 жылы Забира Жағыпарқызы осы дәріхананың меңгерушісі болатын. Мен сол кісінің қарамағында кіші медицина қызметкері болып екі жыл жұмыс жасадым. Сосын Алматы медицина институтына түсіп, провизор мамандығын алып, кезінде өзім оқуға аттанған дәріханама қайтып келдім. Содан бергі өмірім осы жерде жалғасуда» дейді Сәуле  Әбішқызы әңгіме арасында. Әр адамның өнеге тұтар ұстазы, тәлімгері болатыны белгілі. Үлкен өмірге бағыттап, ақыл-кеңесін аямаған Забира Жағыпарқызының есімін үлкен құрметпен атайды. Бұл күндері Сәуле Әбішқызының өзі де тәлімгер. Атырау медицина колледжінен тәжірибе жинақтауға келген студенттерге  жұмыстың жауаптылығын,  халыққа  жоғары дәрежеде қызмет көрсетудің  маңыздылығын түсіндіруді  өзінің  міндеті санайды.

Қажырлы еңбегімен аталған салаға өзіндік қолтаңбасын қалдырып келе жатқан мамандардың бірі – Махамбет орталық аудандық емхана дәріханалық пунктінің меңгерушісі Аманғалиева Гүлнәр Калимқызы. Өзінің біліктілігімен, адамдарға деген жылы көзқарасымен еңбек етіп көптің құрметіне бөленіп жүрген маманды жұмыстастары да мақтан етеді. «Әр уақытта тұтынушыға көмек беруге дайын болу,өз-өзіне сенімді болу маманның жоғары мәдениеті мен біліктілігін көрсетеді. Біздің Гүлнәр Калимқызында бұл қасиеттердің барлығы да бар» дейді ол туралы. Көп балалы ана, сүйікті әже, өз кәсібінің шебері Гүлнәр Аманғалиева: «Әріптестерімді көктем мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Бар жақсылықты тілеймін» деді ағынан жарыла.

Іс тетігін үйлестіріп табысқа жеткізтін мамандар. Олардың жемісті еңбегі. Осы орайда «Медицина» АҚ ұжымындағы қызметкерлердің қай-қайсысы да еңбек көрігін қыздырып жүрген адамдар. №20 дәріхана меңгерушісі, провизор Құлмендинова Айжан Нұрадинқызы  да Қазақ ұлттық медицина университетінің түлегі. Өз мамандығының шебері атанып, өнікті еңбегімен құрметке бөленіп, әріптестерінің мақтанышына бөленіп жүрген  ардақты ана, немерелерінің асыл әжесі.

Нұрмышева Алмагүл Кенжеғалиқызы – №11 дәріхананың меңгерушісі. Алмагүлді  жұмыстастары «акционерлік қоғам жанында қалыптасқан маман» дейді. Өйткені, ол Атырау медицина колледжінің Фармация бөлімінде мекеме есебінен оқып, 2010 жылы үздік бітіріп шықты. 2016 жылы  Ресей Федерациясының Саратов қаласындағы медициналық университетке мекеме есебінен оқуға түсті. Осылайша  өмір жолының алғашқы баспалдақтарын осы жерде бастаған Алмагүл Кенжеғалиқызын әріптестері мақтан етеді.

Акционерлік қоғам жұмысының қарышты дамуына үлес қосып, біліктілікпен, ұйымдастырушылық қабілеттерімен көрініп жүрген мамандар қашанда сыйлы. Солардың қатарында фармацевтикалық бөлімнің меңгерушісі, провизор Сұлушаш Мұхамбетқалиқызы Қуанғалиева,  фармацевтикалық бөлім меңгерушісінің орынбасары, провизор Камашева Гүлнара Маулешқызы, фармацевтикалық бөлімнің менеджері, провизор Гүлжан Шаймерденқызы Қонақбаева, фармацевтикалық бөлімнің менеджері Томилина Елена Александровналар да бар. Олардың тынымсыз еңбектері көпшілік назарында. Білімдері мен тәжірибелері ұштасқан бұл мамандардың ұжым алдындағы беделі қашан да жоғары, қашан да мадақтауға лайық.

«Көктем мерекесі барлық аналарға, жалпы әйелдер қауымына құтты болсын! Олардың әр күндері қуанышқа толып, отбасы бақытына бөленсін. Мықты денсаулық, мерекелік көңіл күй тілейміз» деді олар бірауыздан. «Көп тілегі көл» деген, лайым айтқандарыңыз келсін. Мереке құтты болсын!

Ағиба ҚАТЕШОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз