«ДЕНДЕР» – ДІЛДІҢ ДАУАСЫ

Тарихы бай, дәстүрі берік «Дендер» газетінің 8000-шы саны жарыққа шыққалы тұр. Сегіз мың белес. Сегіз мың жүздесу. Сегіз мың сырласу. Бұл басылым осы уақыт ішінде шежірелі өңірдің шынайы жылнамасына айналды. Бұдан сексен бір жыл бұрын газеттің алғашқы санына қол қойған Ғабді Аманғалиевтен бүгінгі бас редактор Жанай Амантурлинге дейінгі басшылардың қай-қайсысы да «Дендердің» рухын көтеріп, шығармашылық сапасын арттыруға елеулі үлес қосты. Қаламгерлер арасында өзіндік орны бар Теңдік Жауыров, Қойшығұл Жылқышиев, Ерсайын Көшеков, Қуандық Батыров сынды танымал журналистердің осы ұжымнан түлеп ұшқаны біраз нәрсені аңғартса керек.

Өз басым «Дендер» газетін ерекше қадірлеймін. Ғылым жолына алғаш қадам басқан тұсымда осы газеттің редакциясы менің арнайы тоқтаған бекетім болды. Себебі, бұл басылым сол жылдарда рухани тұрғыдан ғаламат міндет атқарды. Қазақ әдебиетінің алыбы Мұрат Мөңкеұлының ардақты есімі ақталысымен екі-үш жыл бойы тынбастан оның барлық мұрасын елге кең таныстырып, белгісіздеу өмірбаяндық деректерін үнемі жариялап тұрды. Ол кезде кеудесі қазынаға толы көнекөз қарттардың көзі тірі еді. Тіпті, олардың арасынан Мұрат ақынға бала кезінде жолығып, әңгімесін тыңдаған кісілер де табылып қалатын.

Сол тұста біз республикалық «Жас алаш» газетінің еліміздің Батыс аймағындағы меншікті тілшісі Исатай Балмағамбетов екеуміз Индерборға келіп, дамылсыз ел араладық. Осы газеттің босағасын бекітуге бүкіл ғұмырын арнаған қаламы жүйрік журналист Сансызбай Базарбаев біздің жолбасшымыз болды. Ол күндіз-түні ұйқы көрмей, Мұрат мұрасының жиналуына айтулы үлес қосты. Күні бүгінге дейін бұл тақырыпқа қайта айналып соғып, Мұрат мұрасына қатысты жылт еткен жаңалықты оқырманға жеткізіп тұрады. Сондықтан, біздің оған деген құрметіміз шексіз. Ауыл-ауылдарға барып, ақсақалдармен сөйлесіп, қалың дәптерді толтырып қайтып келгенімізде Исатай екеуміздің ат шалдыратын орнымыз да Сансызбай ағаның шаңырағы мен осы «Дендер» газетінің редакциясы еді.

Мен «Дендердің» ең бір жемісті шағы 1991-1993 жылдар деп санаймын. Бұл кезеңде басылымның рухы өте биік болды. Өйткені, ұлтымыздың ұзақ жыл қапасқа қамалған құнды дүниелерін түгендеуге арналған материалдар дүркін-дүркін жарық көріп жатты. Күн сайын, сәт сайын жәдігерліктер табылып, оқырманға жедел ұсынылып тұрды. Осының бәрін ұйымдастыру ісі сол кездегі халық депутаттары Индер аудандық кеңесінің төрағасы, руханият жанашыры, абзал азамат Өтеп Нұриевтің басшылығымен жүзеге асқанын айтуға тиіспін.

«Дендер» газеті ел ішін мекен етсе де жалпақ жұртқа танымал болған талантты тұлғалар Зәмзәм Дәуітов пен Табылды Досымовтың өнеріне кеңінен өріс ашты. Олардың шығармашылығын ұдайы насихаттап отырды.

Жалпы, шығармашылық ұжымда бір-бірінің жолын жалғаған үйлесімді үш буынның сабақтастығы сақталған кезде жұмыс жемісті болады. «Дендер» газеті де бұл үлгілі үрдістен ауытқыған емес. Сөз қадірін білетін сақа журналист Сүйеу Халықов, орта буынның орнықты өкілі Жанай Амантурлин, жасындай жарқылдаған жас перілер Арал Байжігітов, Саламат Базарбаев, Сұңқар Көшековтер қазір қара шаңырақтың діңгегін нық ұстап тұр.

Мұрат Мөңкеұлының «Үш қияны» секілді осы үштағанның бірлігі бар екені басылым беттерінен айқын байқалады. Әріптестеріміз қасаң қағидаға негізделген таптаурын тақырыптардың өзіне қан жүгіртуге тырысады. Үндестік заңына бағындырады, оқырман назарын аударуды қалайды. Жұмырлайды, жонады, жетілдіреді… Мәселен, соңғы сандардағы «Өркені өскен өңір», «Елең еткізген ереже», «Баспана – басты тілек», «Бейбарыс» бет қаратпады» деген тақырыптар – аудандық газет үшін өнегесіз өлшем емес. Бұл сөздің күріші мен күрмегін айыра білетін аға буынның басылым сапасын қадағалап отырғанын көрсетсе керек.

Он алты беттік «Дендердің» безендірілуі де тәп-тәуір. Журналистикадан азды-көпті хабары бар адам мықты макетшінің, жігерлі жаухатшының қолтаңбасын бірден байқайды. «Дендерліктер» қаламнан қолы босағанда доп додасынан да ешкімге есе жібермейтін көрінеді. Шығармашылық пен сергектікті қоса серік еткен біздің ұстазымыз Сейдахмет Бердіқұловтың дәстүрі бұл ұжымға да жат емес сияқты.

Қысқасы, бұл – ұлт ұпайын түгелдеуге үлес қоса алатын басылым. Ұлттық менталитетімізді діл десек, сол ділімізге қауіп төндіретін түрлі дертке дауа болып жүрген «Дендердің» оқырманмен сегіз мыңыншы жүздесуі жаңа белестерге жол ашсын деп тілейік!

Бауыржан ОМАРҰЛЫ,

Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының

корреспондент-мүшесі,

филология ғылымдарының докторы, профессор.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз