
Дәстүр жалғастығы мен даналық үні
Енді ұлт тәрбиесі мәселелерін шешуге, жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіруге облыстық ардагерлер кеңесі жанынан құрылған әжелер алқасы да атсалысатын болады. Бүгін өңірде әжелер алқасы атқарып жатқан жұмыстардың есебі тыңдалды.
Облыстық халық шығармашылығы орталығында өткен «Әжелер сөзі – тәрбие көзі» атты облыстық конференцияда әжелердің қоғамдағы орны, ұрпақ тәрбиесіндегі рөлі туралы айтылды. Әсіресе, қазіргідей қатыгездік дендеген заманда әжелердің мейірімі аса қажет екендігі сөз болды.
Конференция жұмысына облыстық ардагерлер кеңесінің пленум мүшелері, қалалық және аудандық әжелер алқаларының төрағалары мен мүшелері, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Өткен жылы құрылған әжелер алқасы бір жылдың ішінде айтарлықтай іс тындырып үлгерген. Бүгінде қалалық әжелер алқасының құрамында 40-қа жуық, ал аудандық алқалардың әрқайсысында 30-ға тарта мүше бар.
– Біздің басты мақсатымыз – ұрпақтар сабақтастығын жалғастырып, аға буынның тәжірибесін, ата-бабамыздың салт-дәстүрі мен ұлттық құндылықтарын жас ұрпақ бойына сіңіру. Әжелер алқасының құрылуын облысымыздың әрбір елді мекеніндегі ата-аналар, баламен жұмыс жасайтын тәрбиешілер мен ұстаздар қуана қарсы алды, – дейді ардагер ұстаз Зылиха Дүйсекенова.
Ал Индер аудандық әжелер алқасының төрайымы Бақыт Қарекешова қазіргі қоғамда әйел-аналармен қатар әкелердің де тәрбиедегі рөлін арттырып, жауапкершілігін күшейту қажет деп есептейді. Өйткені, бар жүкті әйелдің мойнына арта бергеннен пайда болмайды. Отбасы екі адамнан құралып, бір бүтін болғаннан кейін қос тарап та ұрпақ тәрбиесіне атсалысуы керек.
– Мәселен, жақында көрші облыста сұмдық жағдай болды. Оңы мен солын танып үлгермеген жасөспірім мектеп партасында отырып, сәбиін дүниеге әкелді. Жас қыз жүктіліктің қалай өтетінін де білмеген болар. Осындай сәтте әке қайда болды? Сондықтан кінәнің барлығын қыз балаға арту дұрыс емес, – дейді ол.
Конференция барысында бір топ әже облыстық ардагерлер кеңесінің «Әже даналығы» алтын төсбелгісімен марапатталды.
Айбөпе САБЫРОВА



