«ДАМУМЕН» дамыған кәсіптер

img 2322 600x400 1 Жаңалықтар

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» Атырау филиалы қаламыздағы мемлекеттік бағдарламалар аясында қолдау тапқан кәсіпорындарға баспасөз-турын өткізді.

Шара барысында өңірлік филиал директорының орынбасары Есенжан Мусагалиев Атырау облысындағы «Даму» қорының кәсіпкерлерді қаржылық және ақпараттық қолдауы нәтижелерімен бөлісті.

¬- Атырау облысында 2020 жылдың бірінші жарты жылдығында субсидиялау арқылы, несиенің жалпы сомасы 3,2 млрд. теңгелік 66 жобаға қолдау көрсетілді. Олардың ішінде «Бизнестің жол картасы» бойынша – жалпы құны 2,3 млрд.теңгені құрайтын 60 жоба, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасымен жалпы құны – 478 миллион теңгеге бес жоба, «Нұрлы Жер» бағдарламасы бойынша құны 400 миллион теңге тұратын бір жоба жүзеге асты, – деді ол.
Сондай-ақ, қор «Шағын және орта бизнестің топ-менеджментін оқыту» жобасы бойынша жыл басынан бері Атырау облысы бойынша «Назарбаев Университеті» ДБҰ Жоғары бизнес мектебінің көмегімен шағын және орта бизнес компанияларының топ-менеджерлерін онлайн-оқытуда.

Мемлекеттің қолдауымен бизнес-идеясын жүзеге асырған үш кәсіпкердің қызу жұмыс процесімен танысып, бұл жобаларды таңдау мен қолдауда қордың қателеспегендігіне көз жеткізіп қайттық. Жобалардың қай-қайсысы да қаламызда сұранысқа ие кәсіптер.
Біз барған алғашқы объект – «Гурьевский десерт» кондитерлік дүкені болды. Жеке кәсіпкер «Жардемова» кондитерлік өндіріс бағытында 2015 жылы «Даму Регионы-3» бағдарламасы аясында алғашқы мемлекеттік қолдауға ие болыпты. Бүгінде осы саланы табысты дамытып отырған кәсіп иелерінің бірі. Кәсіпкер бұл қаржысына өндірістік процесті кеңейту үшін қосымша үй-жай, еуропалық жабдықтар мен көлік сатып алған. Сондай-ақ, HALAL QUALITY сапасын сертификаттауды да енгізуде.

Жоба «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасының екінші бағыты, яғни өңдеуші өнеркәсіптің басым салаларында іске асырылатын жобаларды субсидиялау негізінде мақұлданған. Кредит Атырау қаласындағы «Халық банкі» АҚ-да жылдық 14,25%-бен беріліпті. Оның 7,13%-ын мемлекет субсидиялайды.
«Дамумен» дамып жатырған екінші жоба – «Marvel Dental Kids Clinic» балалар стоматологиялық клиникасы. Клиникада 20 стоматолог-дәрігер жұмыс жасайды. Олардың дені Астана, Алматы қаласының мамандары. Мұнда стоматологтармен бірге педиатр-кардиолог жұмыс істейді. Әрі, аллергологиялық зертхана да бар. Тісін емдететін бөбектер үшін барлық жағдай жасалған.

«Классик-Ара» ЖШС-нің балалар инновациялық стоматологиялық клиникасын кеңейту жөніндегі жобасын «Сбербанк» АҚ ЕБ мақұлдап, жалпы құны 100 млн. тұратын бұл жобаның мемлекет көмегімен алған 20 млн. теңгесіне клиникаға арнайы ғимарат сатып алыпты. Аталмыш жобада «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасының екінші бағытымен субсидияланыпты. Яғни, екінші деңгейлі банктің жылдық 14 пайызының 8 пайызын мемлекет өз есебінен төлеп отырады. «Бұл біз үшін үлкен көмек» дейді клиника басшысы.

Үшінші барған объектіміз – «ТЕС» жеке кәсіпкерлігі қасбеттерді, интерьерді, экстерьерді және ландшафтық дизайнды әрлеуге арналған «икемді» термопанельдер өндірісімен айналысып жатыр екен. Бұл кәсіп нарыққа енді енген жаңа дүние. Басшысы Бақытжан Адилбеков бұл саланы екі жыл зерттеп, Ресейдің Саратов қаласынан арнайы оқуын оқып келіпті. Биыл ақпан айында жобасы мақұлданғаннан кейін, жұмысын бастап кеткен. Өңірде сұраныс бар. Тапсырыстарды қабылдап, бүгінде жеті адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.

«Еңбек» бағдарламасы шеңберінде кәсіпкерге жалпы құны 15 млн. теңге «СберБанк» АҚ ЕБ-де жылдық 6%-бен кредиттік қарыз берілген.
Баспасөз-турында көргеніміздей аталмыш қордың бағдарламалары кәсіпкерлер үшін қаржыландыру көлемін ұлғайтып, оған қолжетімділікті арттыруда. Сондай-ақ, кәсіпкерлік сектордың әртараптануы мен оның индустриялық-инновациялық дамуына жәрдемдесіп, ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерді де оқытып, назардан тыс қалдырмай отыр.

Салтанат Сансызбайқызы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз