Жарнама
Жаңалықтар

Дамбы инспекция бөлімі – жаңа ғимаратта

Соңғы кездері Атырау облысында экономиканың басқа салаларымен қатар балық шаруашылығы да дамып келеді. Соған байланысты «су маржандарын» аулаумен бірге оны қорғап, қорын молайтудың да маңыздылығы арта түсті. Бұл бағытта атқарылатын жұмыстардың нәтижелілігі оның ауқымымен ғана емес, мемлекеттік балық қорғау құрылымдарының мүмкіндіктеріне тікелей байланысты екені даусыз.

Мәселеге бірден бір мүдделі орган – Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы мен оған қарасты бөлімдердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға баса назар аударылып отыр. Осылайша, бүгін Атырау қаласындағы Дамбы инспекция бөлімі пайдалануға берілгеніне 45 жыл толған ескі орыннан жаңадан тұрғызылған, заманауи құрал-жабдықтармен жарақтандырылған ғимаратқа көшірілді. Салтанатты сәтке орайластырылған рәсімге ресспублика Ауыл шаруашылығы министрлігі балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Сермағамбетов арнайы келіп, әріптестерінің қуаныштарына ортақтасты.

–Расымен де соңғы жылдары елімізде, соның ішінде өңірде балық шаруашылығы мен тауарлы балық өндірісін өркендетіп, оны уақыт талабына сай дамытуға баса мән беріліп отыр. Бұл үрдістің өзі табиғат байлығын халықтың игілігіне пайдалана отырып, оған заңсыз қол сұғылуына жол бермеу, көздің қарашығындай сақтап, қорын молайту міндетін жүктейтіні сөзсіз. Бүгін бәріміз куәсі болғалы тұрған жаңалық – салаға деген қамқорлықтың үлгісі деп білеміз. Бұған министрлікпен қатар жергілікті атқарушы билік органдарының, атап айтқанда облыс әкімдігінің үлкен қолдау көрсетіп отырғанын сезінеміз. Бұл мақсатқа жыл сайын жергілікті бюджет есебінен қомақты қаражат бөліп, қызметтік ғимараттарды жаңғыртып қана қоймай, көлік-құралдарын жаңалауға дай айтарлықтай көмегін ұсынуда, — деді ол.

Модульді ғимараттың тұсаукесеріне орай оның кіреберісіне керілген лентаны республикалық ведомоствоның басшысы Серік Сермағамбетов пен сала ардагері Қажығали Қапсалықов кесті. Содан жаңа ғимараттың рәміздік кілті мекеме басшысы Еламан Халидуллинге тапсырылды. Бұдан соң құттықтау сөз кезегін Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының басшысы Нұрлыбек Гайсин,  ұзақ жылдар бойы осы Дамбы инспекция бөлімінде еңбек етіп, құрметті еңбек демалысына шыққан ардагер Феруза Алдоңғарова, облыстық мәслихаттың депутаты Бақыт Қаметов еншілеп, жылы лебіздерін жолдады.

Куәсі болғанымыздай, кеңсе жанындағы ангарда жұмыс барысында пайдаланылатын қызметтік көлік-техникалар мен құралдар жайғастырылған. Ал ғимаратта  инспекторлар мен техникалық қызметкерлердің алаңсыз жұмыс жасауына қолайлы жағдай (жуынатын бөлме, асхана, демалыс бөлмесі, әжетхана, т.б.) жасалған. Мұнда Теңіз инспекция бөлімінің қызметкерлері үшін де орын қарастырылған. Бұрынғы ғимарат күрделі жөндеуден өткізіліп, ол да қажетіне қарай  кәдеге жаратылуда. Мұның бәрі табиғат байлығының қырағы күзетінде тұрған балық қорғаушылардың жұмысына соны серпіліс туғызары кәміл.

Дәулетқали АРУЕВ

Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button