Алаңдатарлық ахуал: Жеделсатыда үзілген ғұмыр

d265fe339f9bd9aa09d65bf3d4b6520e Жаңалықтар

Қауіптің алдын қалай алуға болады?

Облыс орталығындағы көп  қабатты 114 үйде 301 жеделсаты бар. Соның басым бөлігі адам тасымалдауға арналған. Қалалық тұрғын үй инспекциясының басшысы Қайрат Хабиевтің айтуынша, дәл қазір 26 жолаушы, 28 жүк-жолаушы лифтіcі ауыстыруды қажет етеді.

4lifty

Түйінді тарқатудың жолы

Танысымыз Атыраудағы Алмагүл шағынауданынан пәтер алған еді. Баспанасы – 16 көп қабатты үйдің ең жоғарғысы. Аспанмен таласқан биік үйдің проблемасы аз болмай шықты. Соның  бастысы – жеделсатының жасамайтыны. Мұндағы тұрғындарға күнделікті кіріп-шығу қиын шаруаға айналған. Жоғарыға өрмелеген жұрт дем басу үшін қабат сайын отырғыш қояды екен. Кейін әлгі танысымыз зорға дегенде қол жеткізген пәтерін сатуға мәжбүр болды. Ақиқатында, аталған проблема атыраулықтар үшін алаңдатарлық ахуалға айналып отыр. Жаңа жыл қарсаңында қаладағы 9 қабатты үйдің лифт шахтасына жас қыз құлап кетті. Соның алдында жеткіншектердің ғұмыры жеделсатыда үзілді.

– Соңғы орын алған оқиғаға байланысты, 11 «б» үйдегі жеделсатыны толықтай тексеріп шықтық. Төтенше жағдай кезінде лифтінің ішінде төрт адам болған. Тексерістің барысында анықталғандай, құрылғы көтергішінде еш ақау байқалмаған, қолданысқа жарамды. Тоғыз қабатты үйдің бесінші және алтыншы қабатына келгенде лифт апаттық жағдайда тоқтаған. Бойжеткен авариялық қызметке хабарласудың орнына, өз еркімен шықпақ болыпты. Сол кезде лифт шахтасына түсіп кеткен, – дейді қалалық тұрғын үй инспекциясының басшысы Қайрат Хабиев.

Қазір оқыс оқиғаның себеп-салдары анықталып жатыр. Онымен құзырлы органдар айналысуда. Алайда, адам өміріне қауіп төндіретін ахуалдың қайталанбасына кім кепіл? Өйткені, жергілікті жерде лифт мәселесімен ешкім жете айналыспайды. Алдағы уақытта Парламентте талқыланатын тұрғын үйге қатысты заңдылықтар осы проблеманың түйінін тарқатады деген үміт бар. Айтпақшы, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері лифт апаттық жағдайда тоқтаған кезде өз еркімен шығуға ұмтылмауға, авариялық қызметтің келуін күтуге кеңес береді. «Аталған топтың байланыс нөмірі әрқашан лифттің есіктерінде көрсетілген» дейді мамандар.

d265fe339f9bd9aa09d65bf3d4b6520e

Биыл 13 үй күрделі жөнделеді

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Мұрат Иғалиев көкейкесті мәселеге қанық болып шықты. Оның баяндауынша, былтыр облыс орталығындағы 6 үйдің (Қ.Сәтпаев көшесі 52,54,56, Б.Момышұлы 15,17,19 үйлер) лифттерін ауыстыру жұмыстарының бір бөлігі бүгінде аяқтала келді. Бұл тұрғын үй қорын жаңғырту жобасы ауқымында жүзеге асады.

 – Атырау облысында 2011 жылдан бастап тұрғын үй қорын жаңғырту жұмысы іске асырылуда. Сол жылы аймақтағы 1476 тұрғын үйдің 438-і жөндеуді қажет еткен еді. Оның ішінде 281 үй Атырау қаласына тиесілі болатын. «2020 жылға дейін Өңірлерді дамыту» бағдарламасы шеңберінде 2011-2018 жылдар аралығында республикалық және жергілікті бюджеттен 3 млрд. 266 млн. теңге бөлініп, бұл қаржыға Атырау қаласында 114 тұрғын үй жөнделді, – дейді басқарма басшысы.

Тұрғын үй қорын жаңғырту бағдарламасы аясында 105 үй күрделі жөндеуден өткізілген. Ал, 9 үйдегі 27 дана жеделсаты ауыстырылыпты. Биыл 13 көп қабатты үйге жөндеу жасалатыны белгілі болып отыр. Оған қажетті 431 млн. теңге бюджеттік өтінім Инвестициялар және даму министрлігінің құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетіне жолданған. Мамандар тұрғын үй қорын жаңғырту жұмысы мекен-жайлардың техникалық жағдайын жақсартқанын айтады. Бұл көп жылдан бері қордаланған лифт мәселесінің қолға алына бастауына себеп болыпты. Алайда, адам ғұмыры жеделсатыда үзілмесін десек, проблеманы тездетіп шешудің қажеттілігі туындайды.

Азамат БАЗАРБАЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз