ДҮНИЕЖҮЗІЛІК САУДА ҰЙЫМЫНА ҚОСЫЛУ – ЖАҺАНДЫҚ ЭКОНОМИКАҒА ҚОСЫЛУ

Осыған дейін бұл Ұйымның қатарында 161 ел бар еді. Енді, міне, 162-ші ел болып біз қосылып отырмыз. Мұның өзі – сыртқа ұсынатын тауарлары көп, әрі жаңа технологияларды отандық өндіріске енгізуге барынша мүдделі болып отырған Қазақстан үшін ұлы дүбірлі оқиға.

 

Маңызды тарихи оқиға

 

Дүниежүзілік сауда ұйымының ғимаратында осы Ұйымның елдерді мүшелікке қабылдау жөніндегі де­партаментінің директоры Чиеду Осакве қазақстандық журналистермен кездесіп, шағын баспасөз мәслихатын өткізді. Онда Чиеду Осакве бұл күнді Қазақстан үшін өте маңызды күн деп атады. Оның айтуынша, кез келген елдің ДСҰ-ға мүше болып енуі оның экономикасына үлкен өзгерістер әкелуі тиіс.

«Биылғы жыл – ДСҰ үшін де маңыз­ды жыл. Өйткені, осы жылы біздің Ұйым­ның құрылғанына жиырма жыл болмақ. ДСҰ осы аралықта, яғни 1995-2015 жылдар аралығында әлемнің 33 елін өз қатарына мүшелікке қабылдаса, енді, міне, 34-ші болып Қазақстан қабылданғалы отыр. Осы жөніндегі келіссөздер үдерісін жүргізу барысында Қазақстан Президенті бұл мәселеге үлкен мән беріп, икемділік пен дипломатиялық шеберлік танытты. Келіссөздердің әрбір сәтін қадағалап отырды. Бұл – дұрыс саясат. Өйткені, ДСҰ-ға қосылу дегеніміз – жаһандық экономикаға қосылу деген сөз. Сондықтан осынау ел экономикасы үшін тарихи сәтте ештеңені мүлт жіберуге болмайды. Осы тұрғыдан алғанда, сіздердің Президенттеріңізді алысты болжайтын көреген адам деуге болады. Менің бұлай дейтін себебім, осының алдында ғана сіздердің елдеріңіз «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын қабылдады. Мұнда, ДСҰ-ға мүшелік жағдайында елді алға жылжыту әбден ескерілген. Қазақстанның жаһандық экономика жағдайында жұмыс істеу тәртіптері, бәсекелестікке қабілетті болу мәселесі айқындалған. Мұның өзі елдің өз ішкі жағдайында да тас түйін әзірліктерді жүзеге асырып жатқандығын білдіреді.

Жалпы, Қазақстанның ДСҰ-ға қо­сы­лу мәселесінде үлкен проблемалар бол­ған жоқ. Проблемалар болса, ол саяси тұрғыдан емес, техникалық тұрғыдан болды. Көптеген заңдарға өзгерістер енгізу қажет болды. Қазіргі күнге дейін елдің 350 заңы қайта қаралып, өзгерістер енгізілді. Енді 50-ге жуық заң қайта қаралуы керек. Сондықтан бұл жұмысты жеңіл деп айтуға келмейді. Заңдарға өзгерістер енгізілу себебінің бірі сіздерде сырттан енетін тауарларға кедендік салық тарифтері жоғары болды.

Біз Қазақстанның ДСҰ-ға енуін қуанышпен қабылдаймыз. Өйткені, Қазақстан – қазіргі уақытта Орталық Азиядағы өте ықпалды ел. Оның Батыс пен Шығыстың арасында орналасуының өзі дүниежүзілік сауданың дамуына жағымды ықпал етеді. Сондықтан мен бұл жерде «Қазақстан ДСҰ-ға қосылу арқылы болашақ үшін үлкен қадам жасады және осы қадамы арқылы ол ДСҰ-ны да қуатты ете түсетін болды» дер едім. Енді ДСҰ-ға қосылу арқылы қазақстандық кәсіпкерлер де жаһандық экономика жағдайында жұмыс істей бастайды. Оларға енді өздерін жарыс жолындағы спортшылардай сезінуге тура келеді. Өйткені, жаһандық экономикада бәсекелестік күшті. Бұл, әрине, тек кәсіпкерлерге ғана қатысты емес. Кез келген үкімет, халық бәсекеге қабі­летті болуы керек. Осы жолда мен сіз­дер­дің елдеріңізге үлкен табыстар тілей­мін. Қазақстан өзінің қазіргі даму қарқы­нымен осындай биіктен көрінеді деп сенемін. Сіздер әлемнің дамыған отыз елінің қатарына қосылуды мақсат етіп отырсыздар. Осы мақсатқа ДСҰ-ға қосылу арқылы қол жеткізесіздер», – деді.

Дүниежүзілік сауда ұйымының штатында 640 адам жұмыс істейді екен. Оның орталық кеңседен оңаша тұр­ған негізгі шешімдерді қабылдайтын үлкен залына кіргенімізде, қатар-қатар тізілген үстелдерді жағалай 161 орындық қойылғандығын байқадық. Мұнда ұйымға мүше 161 елдің өкілдері отырып, қабылдайтын шешімдерге байланысты дауыстарын осы арадан береді екен. Бразилия экономисі, осының алдында біраз жыл бойы Бразилияның ДСҰ-дағы тұрақты өкілі болып қызмет істеген Роберто Карвалью ди Азеведо 2013 жылдың мамыр айынан бастап Дүниежүзілік сауда ұйымының бас директоры қызметіне сайланыпты.

Жоғарыда сөз болып отырған маңызды шараға қатысу үшін Дүниежүзілік сау­да ұйымының штаб-пәтеріне келген Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев алдымен Ұйымның Бас директоры Роберто Азеведомен кездесті. Тараптар кездесу барысында Қазақстанның ДСҰ-ға қосылуы жөніндегі келіссөздердің сәтті аяқталғаны туралы пікірлер алмас­ты.

Сондай-ақ, біздің еліміздің Ұйымға қо­сылуы жөніндегі құжаттар топтама­сын ратификациялауға қажетті ішкі рәсімдерге қатысты мәселелер де қоз­ғалды.

Елбасы «Қазақстан-2050» ұзақ мер­зімдік даму стратегиясындағы алға қойылған міндеттерді жүзеге асыру, сондай-ақ, сыртқы сауданы одан әрі дамыту, шетелдік инвесторлармен іс-қимылдарды кеңейту тұрғысында республикамыздың ДСҰ-ға қосылуының маңыздылығын атап көрсетті.

 

Бас кеңес берген баға

Мұнан кейін ДСҰ Бас кеңесінің отырысы басталды. Қазақстанның ДСҰ-ға кіруі бойынша Жұмыс тобының төр­ағасы, Финляндия елшісі Веса Химанен өз сөзінде келіссөздер барысында Қ­а­зақстанның 50-ден астам жаңа заң қа­былдап, Кеден одағы мен Еуразиялық экономикалық кеңістік аясында қабыл­данған 10-нан астам халықаралық келі­сімдерге түзету енгізгендігін атап көр­сетті.

«Президент Нұрсұлтан    Назарбаевтың басшылығымен заңдар жөніндегі алға жылжушылық және Қазақстанның ЕАЭО бойынша әріптестерімен тығыз байланыста жұмыс істеуі соңғы жылдары біздің жұмысымызды айтарлықтай жылдамдатты. Қазақстанның құжаттар топтамасы – бұл жоғары сапалы құжаттар топтамасы», – деді өз сөзінде В.Химанен.

ДСҰ Бас директоры Роберто Азеведо Қазақстанның аталған Ұйымға кіру жөнінде келіссөздер үдерісі барысында Президент Назарбаевтың көшбасшылық қырлары айқын көрінгендігін айтып, жоғары баға берді. Бұл – Қазақстан үшін де, ДСҰ үшін де шынымен тарихи күн. Ұйымға кірудің артықшылықтары – жаңа жұмыс орындарын ашу, халықтың табысын арттыру, тұрмыс деңгейін жақсарту. Қазақстан үшін бұл сіздердің соңғы жылдары қол жеткізген жетістіктеріңіз бен жұмсаған күш-жігерлеріңіз-дің мойындалуы. Бұл – реформалардың кешенді бағдарламасының қисынды нәтижесі, Қазақстанның бизнес үшін ашық екені туралы бүкіл әлемге жолдауы. Бұл күн ДСҰ үшін де айшықты болып табылады. Қазақстанның қосылуы біздің пікірталастарымызға қуатты әрі беделді үн қосады, Ұйымды Орталық Азияның жүрегіне жақындатады, – деп атап өтті Р. Азеведо.

 

Қазақстан түбегейлі бетбұрыс кезеңінде

Отырыста Қазақстан басшысы Нұр­сұлтан Назарбаев сөз сөйледі. Елба­сы өзінің сөзінде ДСҰ-ға мүше бар­лық елдерге, Ұйым хатшылығына келіссөздер барысындағы сындарлы ұстанымдары мен қолдауы үшін, сон­дай-ақ, Қазақстанның ДСҰ-ға кіруі жөніндегі жұмыс тобындағы төраға­лықты қолдағаны үшін Финляндия Үкі­метіне алғысын білдірді. Елбасы Қазақ­стан үшін бұл оқиғаның тарихи мәні зор екенін айтты. Келіссөздерді жүргіз­ген он тоғыз жыл уақыттың ішінде Қазақстан экономикасының елеулі өзгеріске түскендігін жеткізді.

Біріншіден, ол қуатты да ашық бола түсті. ІЖӨ-нің жан басына шаққандағы көлемі 18 есе өсіп, Орталық және Шығыс Еуропа елдерінің деңгейіне жетті. Сыртқы сауда көлемі 120 миллиард долларды құрады. Сыртқы сауда айналымының 90 пайыздан астамы ДСҰ қатарындағы елдермен жасалады. Сауда қатынасының географиясы да әлдеқайда кеңейе түсті. «Егер тоқсаныншы жылдардың ортасында Қазақстан тек посткеңестік елдермен ғана сауда қатынасын жасаса, бүгінгі күні біз әлемнің 185 елімен сауда жасаймыз. Еуропалық одақ Қазақстанның негізгі экономикалық әріптесі болып табылады. Біздің саудамыздың 40 пайыздан астамы соның үлесіне тиеді. Ресей, Қытай, АҚШ, Канада және басқа да бірқатар елдер Қазақстанның сауда айналымына едәуір үлес қосуда», – деп атап көрсетті Қазақстан Президенті.

Екіншіден, Қазақстан эко­но­мика­сының құрылымы да үлкен өзгерістерге түсті. Бүгінгі күні еліміздің ішкі жалпы өнімінің 54 пайызын қызмет көрсету саласы қамтамасыз етіп отыр. Бұлар қаржы, телекоммуникация, құрылыс, энергетика, көлік салалары. «ДСҰ аясында қаржы қызметін ырықтандыру «Астана» халықаралық қаржы орталығын құру үдерісімен бір мезгілде қабаттаса жүргізіледі. Ол Қазақстанның қаржы инфрақұрылымының негізіне айналады, мұнан кейін бүкіл өңірдің қаржы хабы болады деп есептейміз. Қазақстан барлық елдерді осы жобаға қатысуға шақырады. ДСҰ аясында ырықтандырылып, қолжетімді бола түсетін жоғары табыс­ты саланың бірі – телекоммуникация. Біз шетелдік инвесторларды осы нарыққа шақырамыз. Олардың жұмысы қызметтің бағасын төмендетіп, сапасын арттыра түсуге ықпал етеді деп үміттенеміз», – деген Елбасы Қазақстанның теңізге шығатын жолы жоқ әлемдегі ең ірі мемлекет екендігін жеткізді. Сондықтан елге көліктік инфрақұрылымдар мен көліктік-логистикалық қызметтерді дамыту өмірлік маңызға ие болып отыр.

«Біз жаһандық коммуникациялардың бір бөлігіне айналу үшін жұмыс істеу­деміз. Осы мақсатта біз аса ірі нарықтарды жалғайтын стратегиялық көліктік дәліздерді қалыптастырудамыз. Соның бірі «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автокөлік жолының құрылысы. Оның жалпы ұзындығы 8 мың шақырымды құрайды. Оның 2800 шақырымы Қазақ­стан аумағынан өтеді. Бүгінгі күннің өзінде осы бағыттағы транзиттік жүк тасымалының көлемі 2 еседен астамға өсті», – деді Елбасы.

Қазақстан басшысы өткен жылы «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясаты қабылданғанын айтып өтті. Ол қазіргі заманғы көлік және энер­гети­калық инфрақұрылымдарды қалып­тастыруға арналған. Осының негізінде 7 мың шақырымдық автожол қайта жаң­ғыртылатын болады. «2019 жылға таман біз ірі қалалар арасындағы жолға кететін уақытты үштен біріне қысқартуды ұйғарып отырмын», – деді Нұрсұлтан Назарбаев осы орайда.

Үшіншіден, Қазақстан инвестициялық әлеуетін едәуір нығайтты. Соңғы 10 жылда ел экономикасына 200 миллиард доллардан астам шетелдік инвестициялар тартылды. Нидерланд, АҚШ, Швейцария, Франция, Ұлыбритания, Канада, Жапония, Корея Республикасы елдің ірі инвесторларына айналды. Инвестициялық ахуалды жақсарта отырып, экономиканы әртараптандыруға басымдық берілуде. Инвестициялардың тек мұнай мен газ, тау-кен секторларына ғана емес, сонымен қатар, эконо­миканың өңдеу салаларына келуіне бар­лық жағдай жасалған. Басымдық беріл­ген салалардағы инвесторлар 10 жылға корпоративтік табыс салығын және жер салығын, 8 жылға мүлік салы­ғын төлеуден босатылды. Нысандар іске қосылғаннан кейін мемлекет жұм­салған күрделі шығындардың 30 пайы­зын өтеп беруге әзір. Инвесторлар ешқандай бір квота мен рұқсаттарсыз шетелдік жұмыс күштерін тарта алады. Мұның сыртында қатарында АҚШ, Германия, Ұлыбритания, Франция, Италия, Малайзия, Нидерланд, БАӘ, Оңтүстік Корея, Жапония, Австралия, Бельгия, Швейцария, Швеция секілді әлемнің дамыған елдері бар 20 елдің инвесторларына визасыз режім бекітіліп отыр.

«Қазақстан өзара тиімді ынты­мақ­тастық үшін ашық. Біздің посткеңестік кеңістікте бірінші болып ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көр­месін өткізу құқығына ие болуы­мыз осыны дәлелдей түседі. Оның «Болашақтың энергиясы» тақырыбы энер­гетикалық ресурстарды үнемді пайдалану проблемасының адамзат үшін неғұрлым өткір сипатқа ие болған­дығын білдіреді. Халықаралық қоғам­дастық үшін «жасыл» экономика және орнықты даму қағидаттарына көшу – баламасыз таңдау. Осыған байланыс­ты ЭКСПО-2017 көрмесін өткізудің әлем үшін маңызы зор. Бүгінгі күні ондаған мемлекет көрме аясындағы жұмысқа өз ықыластарын білдірді. Осы өтіп жатқан оқиға жағдайын пайдалана отырып, сіздердің елдеріңізді Астанада өтетін ЭКСПО-2017 көрмесіне қа­ты­суға шақырамын», – деді Қазақстан Пре­зиденті.

Мұнан әрі Елбасы Қазақстан экономикасын жаһандық нарыққа интеграциялау бойынша үлкен жолды басып өткенімізді және мұнымен тоқталып қалмайтынымызды айтты. Қазақстанның 5 кең ауқымды институттық реформаны жүзеге асыруға кіріскендігін мәлімдеді. «Бұл реформалар қазіргі заманғы мемлекеттік аппаратты қалыптастыруды, заңның үстемдігін қамтамасыз етуді, экономиканы әртараптандыруды, болашағы біртұтас ұлт қалыптастыруды, мемлекеттің ашықтығы мен есептілігін арттыруды көздейді. Осы барлық реформа бойынша нақты қадамдар белгіленген. Мұнда сыртқы экономикалық ынты­мақтастықты одан әрі дамыту жолдары қарастырылған. Реформаларды тиімді жүзеге асыру сапалық жаңа институттық ортаны қалыптастыруға мүмкіндік береді», – деді Президент.

«Біздің келесі қадамымыз Эко­но­микалық ынтымақтастық және даму ұйымымен белсенді түрдегі өзара іс-қимыл әрекеттестігі болып табылады, – деп жалғады сөзін Елбасы. Қазақстан мен ЭЫДҰ арасындағы ынтымақтастық бірінші кезекте Елдік бағдарлама аясында басталды. Қазақстанның осы бағыттағы күш-жігеріне сіздердің елдеріңіз қолдау білдіреді деп үміттенемін». Осылай деген Елбасы Қазақстанның таяудағы уақыттары ДСҰ нормалары бойынша жұмыс істей бастайтынын атап өтті. Өңірлік интеграцияның локомотиві бола, ашық қарым-қатынас жасаудың қағидаттарын алға жылжыта, осы реттегі кедергілерді жоя отырып, Қазақстанның өзінің экономикалық саясатын ДСҰ рухында бұрыннан-ақ жүргізіп келгендігін айтты. Осы жылдардың ішінде бірлесіп жүргізілген жұмыстар үшін алғысын білдіріп, ұйым жұмысына табыс тіледі.

Отырыс қорытындысында мүше елдер өкілдерінің қатысуымен Қазақстанның ДСҰ-ға қабылданғандығы туралы хаттама әзірленді. Оны енді Парламентіміз ратификациялауы керек. Сол кезден бас­тап біз ДСҰ-ның толыққанды мүшесіне айналамыз. Әрине, көрінген таудың алыстығы жоқ. Оның үстіне, ДСҰ өзі тарапынан бізді мүшелікке қабылдады. Енді қалғаны Қазақстанның өзінің ішкі рәсімдік мәселелері. Сондықтан бұл сәтті шынайы тарихи сәт деп айтатынымыз айқын.

Осы күні Елбасы БҰҰ Женева бө­лімшесінде болып, оның жұмысымен танысты. БҰҰ Женева бөлімшесі осы Ұйым жүйесіндегі маңызы жөнінен екін­ші офис болып табылады және 20 ха­лықаралық ұйымның қызметін үйлес­тіреді.

Сондай ақ, Қазақстан Президенті Ұлттар сарайында және онда орналасқан «Қазақстан» залында болды. Елбасы шешіміне сәйкес 2013 жылы ашылған бұл зал бүгінгі күні БҰҰ-ның Женевадағы штаб-пәтерінің неғұрлым техникалық жабдықталған орынжайы болып табылады.

 

Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан» – Женевадан.

Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз