
Цифрландыру банктерді де кеңінен қамтыды
Бүгінде басқа салалармен қатар қаржы мекемелері де кезең-кезеңімен цифландыру жүйесіне көшіп жатыр. Соның бір мысалы ретінде өңір экономикасында қолма-қол ақшасыз есептесу, QR-төлем үрдісі белең алып, қарқын алғанын айтуға болар еді.
Ұлттық банктің Атырау облыстық филиалының басшысы Серік Омаровтың сөзінше, кейінгі кездері жергілікті қаржы-несие құрылымдарында қолма қол ақшасыз есеп айырысу операцияларының көлемі күрт өсіп келеді. Оның басым бөлігі интернет пен мобильді банкингтің үлесіне тиеді. Қазір QR-төлем жүйесі қала мен аудан орталықтарындағы ірі супермаркеттерде, қоғамдық көліктер мен тамақтандыру орындарында, жанар-жағармай бекеттері мен сауда нүктелерінде енгізілген.
Бұдан басқа, банкаралық QR-төлем сервисі іске қосылған. Соның нәтижесінде, әркімнің өзі қызметін пайдаланушы банк мекемелерінің мобильді қосымшасын ұялы телефонына жүктеп алып, пайдалануына мүмкіндігі бар. Осылайша, күні бүгінге мұндай сервис «Центр Кредит Банкі», «Home Credit Bank», «Қазақстан Фридом Банкі» клиенттеріне көбірек қолжетімді көрінеді.
Дәулетқали АРУЕВ



