
Бүгін – Радио күні
Бұл мерекенің тарихи негізі тереңде жатыр. Елімізде алғашқы радио хабарлары 1921 жылдың қазан айында тарай бастаған болатын. Сол кезеңнен бастап радио қоғам өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесімен құттықтау барысында осы тарихи белесті атап өтіп, Қазақ радиосының 100 жылдығын мерекелеу аясында 1 қазанды «Радио күні» деп жариялауды ұсынған еді.
Қазақ радиосының бас редакторы Алмас Байдрахманның айтуынша, бүгінде радио еліміздің 91 пайыз аумағын қамтып отыр. Бұл дегеніміз – 4 мыңға жуық елдімекенге тәулік бойы хабар таратылады деген сөз. Радионың орташа тыңдарманының жасы бүгінде 35 болса, аудиторияның 77 пайызын автокөлік жүргізушілері құрайды.
Тыңдарманмен тығыз байланыс орнатып, қоғамның үнін жеткізіп отырған радио – ақпарат айдынындағы сенімді құралдардың бірі. Осы орайда, радио саласының барлық мамандарын кәсіби мерекемен құттықтап, шығармашылық табыс пен тыңдарманның ықыласын тілейміз!
Еркеназ ҚАЛИЖАН
Сурет: newsib.net


