Бүгін – «ATYRAY» газетінің туған күні!

prara rotated Жаңалықтар

Atr.kz/1 сәуір, 2020 жыл. Осыдан тура 97 жыл бұрын дәлірек айтқанда, 1923 жылғы 1 сәуірде өңіріміздегі қазақ тілінде жұмасына бір шығатын алғашқы уездік «Ерік» газеті жарыққа шыққан. Қазіргі облыстық «Атырау» газетінің тарихы осы басылымнан бастау алады.

Атаулы күн аясында аймақтың бас басылымының тарихына сәл шегініс жасағанды жөн көріп отырмыз.

* «Еріктің» тұңғыш  редакторы Төлепкерей Өтеулиев пен оның қосшылары халық мүддесі жолында отқа да, суға да түсетін, көзі ашық, көкірегі ояу  ұлтжанды азаматтар болған.

* Кеңес үкіметі тұсында газет атауы да әлденеше рет өзгерді. Яғни, сол кезеңнің тынысын бейнеледі: «Жұмыскер тілі» (1924 ж.), «Жем жұмысшылары» (1932 ж.), «Социалды құрылысқа» (1933 ж., қыркүйек), «Социалды құрылыс» (1933 ж., қараша), «Социалистік құрылыс» (1938 ж., қаңтар), «Коммунистік еңбек» (1963 ж., мамыр) болып аталып, ал, 1990 жылы маусымда «Атырау» болып өзгерді. Мұнайлы өңір басылымы бір орында қайырлап, не тұралап қалған жоқ, талай-талай шыңдалу белестерінен өтті. Қалай аталса да, халықтың көзі мен құлағы, сенімді мінбері бола білді.

* Осынау тоқсан жылдық шығармашылық жолда облыстық газеттің деңгейін төмендетпей, ұдайы бұқарамен біте байланыста ұстап, халықтың үніне айналдырғандар қатарында Серікқали Жақыпов, Ғатау Махамбетов, Зайтүн Сыздықов, Шияп Қожахметов, Сағат Төлебаев, Сүлеймен Сауырғалиев, Мәди Байтұрсынов, Абдолла Құрманаев, Хабир Нұрмұхамедов, Түсіп Бисекенов сынды редакторлар болды.

 * Аймақтың рухани өмірінде облыстық газеттің алар орны да, ұйымдастырушылық-ұйтқылық ролі де ерекше болды. Осы тұрғыдан алғанда, қазақтың талай-талай небір талантты тұлғаларының қаламгерлік жолдағы тұсауы осында кесілді. Кезінде Әбу Сәрсенбаев, Асқар Тоқмағамбетов, Сәбит Мұқанов, Ғабдол Сланов, Хамит Ерғалиев, Жұмекен Нәжімеденов, Берқайыр Аманшин, Зейнолла Қабдолов, Әбіш Кекілбаев  шығармалары газетімізде үнемі жарияланып тұрған. 

* Бір ғажабы, сол 80-інші жылдары редакцияда өңкей қаламы қарымды ер-азаматтар қызмет жасады. Атап айтқанда, Айтқали Нұрғалиев, Қабижан Сағиев, Жаңбырбай Сұлтанғалиев, Қаржаубай Сұлтанғалиев, Сансызбай Оқасов, Мұқан Көптілеуов, Тәжі Ақымов, Төлеген Берішбай, Өтепберген Әлімгереев, Мақсот Елеусінов, Әнуарбек Қосанов, Төлеген Жаңабаев, Тасмағамбет Текеев, Арынғазы Мырзағалиев, Кеңес Тұрышев, Ермек Биғалиев, Алпамыс Теміров, Әндіржан Мұқанғалиев, Меңдібай Сүмесінов, Тәкен Қозыкешов… Ал, қыздардан Светлана Қайырғалиева, Бағзай Супьянова, Сара Досниязова ғана болды.

* Барша журналистердің ұстазы Тауман Амандосов, қазақтың көрнекті ақындары Меңдекеш Сатыбалдиев, Фариза Оңғарсынова, Марат Ысқақов, Берік Қорқытов сынды ақын-жазушылар редакцияда қызмет істеп, осы ортадан түлеп ұшты. Қазір де белгілі қаламгерлер Әнес Сарай, Мереке Құлкенов,  Ғарифолла Әнес «Атыраумен» тығыз байланыста.

* Тұтас бір аймақтың ұдайғы жылнамасына айналған «Атырау» газетіне 2018 жылдың 1 сәуірінде 95 жыл толды. Осы орайда бүгінгі облыстық газеттің мазмұны да, көтер жүгі де күн санап байып, халық арасындағы абырой-беделі өсіп отырғандығы қапысыз. Жұртшылық іздеп жүріп оқитындай тартымды басылым жасауға жан-жақты мүмкіндік те бар. Баяғыдай сия сауыт пен қол терімнің уақыты өткен, компьютер мен басқа да заманауи озық құралдармен қаруланған журналистер мен баспагерлер аймақтың ғана емес, елдің, тіпті әлемнің жаңалықтарын да қас пен көздің арасында оқырманға жеткізе алады.

Бас редакторлар:

  • ӨТЕУЛИЕВ Төлепкерей
  • МӘМБЕТОВ Сейітмұхамед
  • ЖАҚЫПОВ Серікқали
  • МАХАМБЕТОВ Ғатау
  • ЖАНШОРИН Кәрім
  • СЫЗДЫҚОВ Зайтүн
  • ҚОЖАХМЕТОВ Шияп
  • ТӨЛЕБАЕВ Сағат
  • САУЫРҒАЛИЕВ Сүлеймен
  • БАЙТҰРСЫНОВ Мәди
  • ҚҰРМАНАЕВ Абдолла
  • ОМАРОВ Боранбай
  • НҰРМҰХАМЕДОВ Хабир
  • БИСЕКЕНОВ Түсіп
  • КЕНЖЕҒАЛИЕВ Құмар
  • ЖАУЫРҰЛЫ Теңдік
  • ҚУАНЫШБАЙҰЛЫ Қилыбай
  • ҚАБЫЛОВ Нұрлан
  • БАЛМАҒАМБЕТОВ Исатай
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз