
Болашақ мұнайшылардың шеберханасы
С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде индустриалды-инновациялық оқу полигонының ашық есік күні өтті. Былтыр қарашада құрылысы басталған нысан толық аяқталып, өңірдегі инженерлік білім беру мен ғылыми-өндірістік интеграцияның жаңа платформасына айналды.

Іс-шараға Атырау қаласы әкімінің орынбасары Тілек Махуов, «Ембімұнайгаз» АҚ бас директорының орынбасары Рысты Тасмағанбетова, Индонезия Республикасының Қазақстан және Тәжікстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Мұхаммад Фаджрул Рахман, мемлекет және қоғам қайраткерлері, сала ардагерлері, серіктес компаниялар өкілдері, индустриалды кеңес мүшелері, оқытушылар мен студенттер қатысты.
Университеттің Басқарма төрағасы – ректоры Гүлзада Шакуликова жаңа орталықтың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, полигон студенттердің теориялық білімін өндірістік ортада тәжірибемен ұштастыруға, болашақ инженерлерді нарық талаптарына сай дайындауға мүмкіндік береді.
Атырау қаласы әкімінің орынбасары Т.Махуов университеттің мұнай-газ саласына жоғары білікті маман даярлаудағы рөлін ерекше атап өтіп, жаңа нысанның өңірдің кадрлық әлеуетін арттыруға қосатын үлесі зор екенін айтты. Сондай-ақ «Ембімұнайгаз» АҚ және өзге де серіктестер атынан табыс тілектері жолданды.

Полигон – Атырау мұнай-газ университетінің Индустриалды комитеті мен «Ембімұнайгаз» АҚ-ның бірлескен бастамасы. Мұнда жер қойнауын барлау кезеңінен бастап, мұнайды өңдеуге дейінгі өндірістік үдерістерді тәжірибеде меңгеруге жағдай жасалған. Оқу орталығында заманауи зертханалар, тәжірибелік қондырғылар және инновациялық технологияларды сынақтан өткізу алаңдары орналасқан.
Жобаның басты мақсаты – жоғары тұтқырлы мұнай өндірісіндегі жаңа технологияларды меңгерген, бәсекеге қабілетті инженерлер даярлау. Полигонның іске қосылуы университеттің «Білім. Ғылым. Өндіріс» қағидатын нақты түрде жүзеге асырып, отандық және шетелдік компаниялармен бірлескен ғылыми жобаларды дамытуға жол ашады.

Іс-шара барысында AVC қайырымдылық қорының атаулы стипендиясы оқу және қоғамдық белсенділігімен көзге түскен студенттерге табысталды. AVC компаниясының Атырау филиалы басшысы Талғат Ақбердиев үздік білімгерлерге 500 мың теңге көлеміндегі сертификатты табыстады. Сонымен қатар оқу орнының дамуына үлес қосқан оқытушылар мен серіктестер алғыс хаттармен марапатталды.
Жұмысшы мамандықтар жылы аясында жүзеге асқан бұл бастама өңірдегі индустриалды-техникалық кадрларды даярлау жүйесін жаңа деңгейге көтереді. С.Өтебаев атындағы университеттің оқыту-өндірістік полигоны мұнай-газ саласына жаңа буын инженерлерін қалыптастыруға қызмет етпек.
Алмас ҚАБДОЛ



