1468417368 otruyennya

БОЛАШАҚ – БИОТЕХНОЛОГИЯДА: Қолдан жасалған құдірет

Жаңалықтар Медицина СарапTime

Atr.kz/16 шілде, 2019 жыл. Біз биотехнология саласында әлем ғалымдарының жеткен жетістіктері жайында бастаған әңгімемізді одан әрі жалғастырамыз. Күрделі дене мүшелерін қазір қолдан өсіріп, оңай трансплантациялауға болады.

Жасанды жолмен өсіруге болатын органның бірі – қуық. Мұндай жаңалыққа доктор Энтони Атала мен оның американдық Вэйк Форест университетіндегі әріптестері қол жеткізді. Олар бірнеше науқастың қуығынан ұлпа кесіндісін алып, зерттеу жүргізген. Сөйтіп, оны қуық пішіндес кесеге салып, 7-8 апта ішінде өсіріп шығарған. Нәтижесінде науқастың ағзасына тігіліп, бірнеше жылда оң нәтижесін берген.

Испандық оташылар отыз жасар Клаудии Кастильоның кеңірдегін де Бристол университетінде қолдан өсіріп шығарды. Қиын отаны профессор Паоло Маккиарини сәтті жасап шықты. Кейін бұл үрдіс Ресейде де кең қолданысқа ене бастады.

Ал, «Advanced Cell Technology» компаниясында 2002 жылы небәрі бір-ақ жасушадан толыққанды бүйрек өсіп шықты. Бұл үшін сиырдың құлағынан бір жасуша алынып, клондалды. Сөйтіп, арнайы қоспалардың көмегімен бүйрек жасушалары пайда болды. Солардан ұлпа өсірілді. Тірек материал ретінде Гарвард медициналық мектебінде дайындалған бүйрек формасындағы қаңқа пайдаланылды. Осылайша, ұзындығы 5 сантиметрге жететін бүйрек әлгі сиырдың ағзасына сіңістірілді. Нәтижесінде жасанды орган зәр шығару қызметін толықтай атқарды.

Американдық Массачусетс ауруханасының Коркут Югун жетекшілігіндегі мамандары атжалмандардың жасушаларынан бауыр өсіріп, өздеріне тігіп берді. Бұл қалай іске асты? Алдымен, бес тышқанның бауырын алып тастап, бұрынғы клеткалардан тазартты. Артынан әрқайсысына 50 миллион бауыр жасушасын енгізді. Екі жұманың ішінде толық қуатында жұмыс жасай алатын бауыр өсіп шықты. Ғажап емес пе?!

Марат МАҒАУҰЛЫ,

Үздік дәрігер, «Еңбек ардагері» медалінің иегері:

– Қазір медицина саласы неғұрлым қарыштап дамыған сайын жаңа ауру түрлері де соғұрлым көбейіп отыр. Әйтсе де, ағзаның көптеген мүшелерін қолдан өсіруге мүмкіндік туып жатқаны қуантады. Алдағы он жылдықта трансплантация, инплантация үрдістерінен арылып, дене мүшелерін оп-оңай ағза ішінде өсіріп алуға болады деп ойлаймын. Осы орайда жергілікті жерлерде жас ғалымдардың ғылыми жобаларына материалдық қолдау танытуымыз керек.

Британдық Хэафилд госпиталінің Мегди Якуб бастаған ғалымдары тарихта тұңғыш рет діңгекті жасушалардан жүректің бір бөлшегін өсіріп шықты. Сонда жасанды тері ағзадағы қан айналымына жауап беретін жүрек қақпақшаларының қызметін атқарған. Ал, неміс оқымыстылары бұл жағдайда лазерлік технологияны қолданған.

Лаура Никласон бастаған американдық Йель университетінің ғалымдары зертхана ішінде өкпені де өсіріп шығарған. Бұл жолы да тышқандар қолданылды. Жасанды орган отадан соң бірекі сағат өткенде ғана жұмыс жасай бастаған. Бірақ, кейін өкпе қантамырларында қанның ұюы, яғни, тромб пайда болды. Аздаған қан тұтастай ағзаға тарады. Соған қарамастан, бұл сынақ өкпені ауыстыруға қатысты көптеген жайттардың бетін ашты.

Регенеративті медицина жетістіктері ішектерді де айналып өтпеді. Нара медициналық университетінде Есиюки Накадзима жетекшілік жасайтын бір топ жапондық зерттеушілер тышқан ішегінің титтей бөлшегін қолдан жасап шығарды. Мұнда да діңгекті жасушалар көмекке келді. Жасанды ішектің табиғи түрінен еш айырмашылығы болмады. Ал, израильдік «Technion» институтының профессоры Шуламит Левенберг бастаған ғалымдар ұйқы безінің ұлпасын өсірді.

Бұл – өте күрделі үрдіс. Қан құрамында ешкім ойламаған құбылыстар орын алды. Десе де, сынақ сәтті өтті. Бәлкім сенбейтін де шығарсыз, бірақ, қазір жасанды жолмен адамның көзіне дейін өсіріп шығуға болады. Токио университетінің биологтары бақаның көз алмасын алып, орнына эмбрионалдық діңгекті жасушалар орнатты. Көздің ішкі бөлігін жасушаға қажетті қоректік заттармен толтырды. Санаулы аптадан соң әлгі клеткалардан жаңа көз алмасы пайда болды.

Сонымен бірге, көру мүмкіндігі де қалыптасты. Ал, Швециядағы Салгрен академиясы мен Калифорния университетінің ғалымдары діңгекті жасушадан көздің қасаң қабығы мен сегіз қабатты көз торын (роговица) жасап шығарды. Қазір бұл бағытта жануарларға сынақ жұмыстары жүріп жатыр. Таяу болашақта барлық көз ауруларын емдеп шығуға мүмкіндік туары хақ.

Жапондық «RIKEN» даму биологиясы орталығының зерттеушілері тышқандардың жүйке тіндерін (нервные ткани) қолдан өсірді. Ең ғажап жаңалық, бұл – адамның ми бөлшегін қолдан өсіру мүмкіндігі. Бұл бағытта Ресейдің Нижегород мемлекеттік медициналық академиясының ғалымдары нейрон жүйесін жасап шығарды. Бұл ретте нейрондардың электр күшін реттеп отыратын арнайы матрицалар пайдаланылды.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

ТҮЙІН

Міне, біз ғылыми-технологиялық үрдіс пен таңдай қақтырған технология турасында сөз өрбіттік. Адам ағзасының маңызды бөлшектерін қолдан өсірген ғалымдардың жарқын жаңалықтарымен бөлістік. Біз мұнымен робототехниканы қалай дамытсақ, биотехнологияға да сондай көңіл бөлу қажеттігін айтқымыз келді.

Алдағы уақытта әлі талай адам жасын ұзартып, ағзасын жаңартатын тың тәсілдер дүниеге келеді деп сенім білдіреміз.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған