Бизнес бастай алады: Атырауда аналар тегін білім алуда

img 20210604 wa0018 Жаңалықтар

«Атырауда әлеуметтік осал топқа жататын аналар жаңа мамандықтарды тегін игеруде. Жоба 100 адамға шақталған» деп хабарлайды Atr.kz

Сәуір айында басталған жобаны «Consolidated Contractors Company» компаниясының қаржылай қолдауымен «Жүректен жүрекке» қоғамдық қорының ұйымдастыруда.

Атырау қаласында іске қосылған «Bilim for all» жобасы аясында түрлі әлеуметтік санатқа жататын аналар, соның ішінде ерекше баласы бар аналар, көпбалалы аналар, мүгедектігі бар әйелдер шаштараз, аспаз, визажист, тігінші, SMM-маманы бойынша 5 түрлі мамандықты игеруде.

Жобаның негізгі мақсаты – әлеуметтік осал топқа жататын аналарды кәсіпкерлікке баулу, жаңа мамандықтарды үйрету, қосымша табыс көздерімен таныстыру.

– Жобаға деген қызығушылық өтінім қабылдау кезінде-ақ байқалды. Себебі, 100 орынға есептелген жобаға 800-ден аса өтінім түсті, қатысушылар санын арттыру туралы сауалдар қойылды. Жобада игерген жаңа мамандықты қатысушылар өмірлік азығы етеді деп сенеміз. Ол үшін қатысушыларға білімнен бөлек, психологиялық қолдау да қажет. Сол себепті, өз тарапымыздан олардың өмірге деген құлшынысын арттыруға, өзіне деген сенімділікті күшейтуге арналған тренингтер өткізуді жоспарлап отырмыз, – деп атап өтті жоба жетекшісі Әйгерім ДОСҚАЛИЕВА.

Қатысушылар үшін бес бағыт бойынша барлық қажеттілікті қамтамасыз ететін арнайы оқу кабинеттері дайындалған. Сонымен қатар, COVID-19 байланысты елімізде орнаған санитарлық-эпидемиологиялық нормаларға байланысты, 100 қатысушы 10 адамнан 10 шағын топта оқуда.

– Мен үш бірдей ерекше баланың анасымын. Жобаға өтінім тапсырарда қабылдай ма, өтемін ба деген сандаған ойлар болды. Осы жобада визажист мамандығын оқып, балаларым жақсы өмір сүру үшін қосымша табыс көзі етсем деймін. Жобаға, ұйымдастырушыларға, демеуші компанияға аналық ризашылығымды жеткізгім келеді. Сабақ жоғары деңгейде өтуде, барлық жағдай жасалған, – деген пікірімен бөлісті жоба қатысушысы Мина ХАДИСОВА.

Айта кетейік, жоба жаздың соңына дейін жалғасады. Курс аяқтаған соң қатысушыларға сертификаттар табысталады.

img 20210604 wa0014
img 20210604 wa0016
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз