«Біз кімді болса да қорғауға, құтқаруға дайынбыз»

200623200126275e Жаңалықтар

Atr.kz/24 маусым, 2020 жыл. Күндіз де, түнде де қоғамдық тәртіпті күзететін полицейлер қатарында Болат Дүйсенов те бар.

Оның бұл саладағы еңбек өтілі аз емес. Ішкі істер департаменті тарапынан берілетін шұғыл әрі жедел тапсырмаларды үнемі тыңғылықты орындайды. Сондықтан, басшылар оны жауапты істерді атқаруға жұмсайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ол жұртпен тез тіл табыса біледі. Полицейлер үшін ең қажеттісі – еліміздің түрлі заңдарын да жетік біледі. Оның қазіргі шені – полиция полковнигі. Қазір жергілікті полиция қызметінде еңбек етеді. Жаңадан құрылған құрылымның аға инспекторы, полиция полковнигі Болат Дүйсенов 2016 жылы Президент Жарлығымен «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Бұл марапат оған не үшін беріліп еді?

«2015 жылдың 30 сәуірінде әріптесім Мұрат Демегеновпен күндегіше түскі ас ішіп, жұмыс орнына бет алған едік. Қызмет көлігімізбен Жайық өзенінің Азия бетіне бағыт алған кезде тосын оқиғаның куәсі болдық. Көпір жақтауында тұрған ер адам Жайық өзеніне секіріп кетті. Оны біреу итеріп жіберді деуге де келмейді. Өйткені, өзенге секірген адамның жанынан ешкім көзге шалынбады. Біз көлікті жеделдетіп жағадағы тұраққа қойып, өзенге қарай жүгірдік. Жағаға жеткен соң Жайыққа түсіп жүзе жөнелдім. Әрине, киіммен жүзу оңай болмады. Мақсатым – судағы адамды құтқару. Соған жеткенше асықтым», – дейді Болат Дүйсенов.

Бала күнінен суға жүзудің қыр-сырын меңгерген полиция қызметкеріне жүзу қиынға соқпаған. Көктемнің сызы әлі қайта қоймаса да, әп-сәтте өзен ортасында суға бір батып, бір шығып жүрген жанды уысына түсірді. Сөйтіп, оны жағаға алып шықты. Қызметтік киімінен Жайық өзенінің мұздай суы сорғалап, жағаға жеткенше әріптесі, полиция подполковнигі Мұрат Демегенов жедел жәрдем шақырып үлгерген. Дәрігерлер келіп жеткенше судан құтқарылған ер адамға алғашқы дәрігерлік көмекті де өздері көрсеткен.

«Кейіннен белгілі болғандай, Жайық өзеніне көпірден секірген жігіттің жасы 32-де екен. Оны ешкім суға секіруге мәжбүр етпеген болып шықты. Дегенмен, орда бұзар жастан асқан жігіттің жүйкесі ауыратындықтан, арнайы есепте тұрады. Оның денсаулығындағы осы кінәраты суға секіруге себеп болған сияқты. Біз қоғамдық тәртіп сақшыларымыз, кімді болса да қорғауға, құтқаруға дайынбыз», – дейді батыл полицей Болат Дүйсенов.

Әрине, қызмет бабында ұдайы жеделдік танытып, қоғамның да, адамның тыныштығын күзететін, қажет кезде басын қауіп-қатерге тігуден тайынбайтын полиция қызметкерлері қандай құрметке де лайық. Әсіресе, сол кездегі полиция подполковнигі Болат Дүйсеновтің суға батып бара жатқан жанды құтқарудағы батылдығы мен жанкештілігі ескерусіз қалмады. Облыстық полиция департаментінің басшылығы оны мемлекеттік марапатқа ұсынды.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз