istock 679524826 d 850

Биыл жергілікті бюджет қаржысынан тұрғындарға 30 275 вакцина салынды

Жаңалықтар

Atr.kz/13 желтоқсан, 2019 жыл.  Биыл облыста жіті респираторлы вирустық жұқпа өткен жылдармен салыстырғанда екі есеге төмендеді. Бұл көрсеткішке тұмауға қарсы екпе жұмыстарының арқасында қол жеткізілді.

Облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін қадағалау департаментінің бас маманы Жайнагүл Өтепқалиеваның хабарлауынша, Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының ұсынысы бойынша тұмаудың алдын алу үшін халықтың 10 пайызын аталмыш дертке қарсы екпемен қамтамасыз ету қажет.

«Былтыр эпидемиологиялық маусымда тұмауға қарсы 72 510 адам немесе халықтың жалпы санының 11,7 пайызы, оның ішінде жергілікті бюджет қаражатынан 61613 тұрғын (созылмалы өкпе, жүрек-қан тамыры ауруларымен ауыратын, иммун жетіспеушілігі, әлсіз және жиі ауыратын балалар, медицина қызметкерлері және жүкті әйелдер), жұмыс берушілер есебінен – 9661, ақылы клиникаларда 1236 адам егілді. Ал, биыл жергілікті бюджет қаржысынан тұрғындарға 30 275 вакцина салынды. Ақылы түрде – 1284, жұмыс беруші тарапынан 12 678 екпе алынды» дейді Ж.Өтепқалиева.                                                                                                           Халықтың осал тобына жататын денсаулық сақтау қызметкерлері, медициналық бақылауға жататын балалар, алты айдан асқан көп ауыратын сәбилер, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдары, сәбилер үйлеріндегі тәрбиеленушілер, медициналық-әлеуметтік мекемелердің қызмет алушылары, жүктіліктің екінші немесе үшінші триместрінде жүкті әйелдер, жүрек – қантамыр жүйесінің және тыныс алу мүшелерінің созылмалы аурулары бар адамдар жыл сайын жергілікті бюджеттен бөлінген қаражат есебінен тұмауға қарсы тегін вакцинацияланады. Осал топқа жатпайтын әрбір адам өз қалауы бойынша ақылы түрде немесе жұмыс беруші есебінен облыстың мемлекеттік бір емханалары мен жеке клиникаларынан (№5 қалалық емхана, Опен клиник, Интертич, Вестерн, Медикер, Медина, СОС жеке емханалары) тұмауға қарсы екпе алуына болады. Ақылы егу кабинеттерінде вакцинаның құны 2500 теңгеден бастап 3500 теңгені құрайды.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған