
Бірлігі жарасқан елдің болашағы баянды
Қоғамдағы мәдениет пен тәртіп, адамгершілік пен жауапкершілік, бәрі де мектептен, отбасынан, ең бастысы, тәрбиеден басталады. Соңғы уақытта кейбір азаматтардың әлеуметтік желіде немесе қоғамдық ортада өзін бейәдеп ұстауы, балағат сөз айтып, ел тыныштығына нұқсан келтіруі – шын мәнінде ойланарлық жағдай. Мұндай көріністер ұлттың рухани деңгейіне көлеңке түсіреді. Ел Президенті Жолдауда атап өткендей, біз өркениетті, мәдениетті ел болғымыз келсе, ең алдымен өз іс-әрекетімізден, өз сөзімізден бастауымыз керек. Бұл – әркімнің жеке мәдениетінің, рухани деңгейінің айнасы.
Ұстаз ретінде мен үшін ең үлкен парыз – жас ұрпақтың бойына адамдық қасиетті, елге, жерге деген сүйіспеншілікті, сыйластық пен сабырлылықты сіңіру. Өйткені шын патриотизм – бос ұран немесе даңғаза емес, ол – еңбекте, ізденісте, игі істе көрінетін ұлтқа деген адалдық. Бүгінгі жастардың көбі Отанға деген сүйіспеншілікті жаңашылдық, білім, технология арқылы танытады. Олар үшін елді сүю – халыққа пайдасы тиетін іс бастау, жаңа мүмкіндік ашу. Бұл – өте дұрыс түсінік.
Мемлекет басшысының жастарға сенімі бізді де жігерлендіреді. Себебі ұстаз бен оқушының мақсаты ортақ – елге пайда келтіру, тәуелсіздікті нығайту, білім мен парасат арқылы мемлекетті биікке көтеру. Сол үшін біз, мұғалімдер, шәкірттерімізге тек пән үйретіп қана қоймай, азаматтық көзқарас қалыптастыруымыз керек. Әдеп пен мәдениет, сыйластық пен татулық – ұлтты біріктіретін ең маңызды құндылықтар.
Қазір әлем тез өзгеріп жатыр, жаңа технологиялар, жасанды интеллект, жаһандану үдерісі қоғамды өзгертуде. Бірақ қандай заман келсе де, рухани бай, мәдениетті, білімді ұрпақ қана елдің тірегі бола алады. Сондықтан жастарды елдікке, адамдыққа, парасат пен сабырлыққа тәрбиелеу – бүгінгі ұстаздың, жалпы қоғамның басты міндеті. Президенттің бұл үндеуі – баршамызға бағыт, ұлттың санасын сергітіп, жаңа биікке жетелейтін нақты бағдар.
Күнарай МАМАШЕВА,
Қарабау орта мектебінің химия пәні мұғалімі
Қарабау ауылы


