
«Binom RUN» спорт пен бірлікті ұштастырды
Әл-Фараби атындағы «Binom» мектеп-лицейінде оқушылар, ата-аналар және ұстаздардың қатысуымен «Binom RUN» марафоны өтті. Салауатты өмір салтын насихаттауды көздеген бұл шараға барлығы үлкен қызығушылықпен атсалысты. Мектеп ауласынан бастау алған марафон үш кезең бойынша ұйымдастырылды.

Алдымен 5–6 сынып оқушылары 2 шақырымдық қашықтықты жүгіріп өтті. Одан кейін 7–8 сынып оқушылары 3 шақырымдық бағытта күш сынады. Соңғы кезеңде 9–11 сынып оқушылары 3,5 шақырымдық айналымды еңсерсе, ата-аналар мен ұстаздар 7 шақырымдық қашықтықта бақ сынады.

Жарыс барысында қатысушылардың бойынан ерекше жігер мен ынта байқалды. Мәреге алғашқы болып жеткен жеңімпаздар арнайы марапатталып, естелік сыйлықтар табысталды. Бұл марафон білім ордасында спорт пен бірлікті дәріптеген, оқушылар, ата-аналар мен ұстаздарды жақындастыра түскен әсерлі шара ретінде есте қалды.

Еркеназ ҚАЛИЖАН


