
Білім саласын жаңғыртудың жаңа кезеңі басталды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың соңғы Жолдауында көтерілген экономиканы жан-жақты цифрлық жаңғырту және адам капиталын дамыту мәселелері — еліміздің білім беру саласы үшін стратегиялық бағыттардың бірі. Президент атап өткендей, цифрлық дәуірдің басты талабы — жаңа технологияларды игерген, жасанды интеллектіні меңгерген, сындарлы ойлай алатын жаңа буынды қалыптастыру.

Бұл міндеттерді жүзеге асыруда білім беру саласының рөлі айрықша. Цифрлық трансформацияның негізі — сапалы білім мен заманауи дағдыларға ие ұрпақ. Сондықтан облыс мектептерінде цифрлық сауаттылықты арттыру, робототехника мен бағдарламалау пәндерін енгізу, оқушылардың IT бағытындағы жобаларға қатысу мүмкіндігін кеңейту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді.
Президенттің «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 217 жаңа мектеп салу бастамасы, соның ішінде 150 мектептің іске қосылып, қалғандарының алдағы үш айда аяқталуы – білім беру инфрақұрылымын жаңғыртудағы зор қадам. Бұл бастама балалардың оқу жағдайын жақсартып қана қоймай, өңірлер арасындағы білім теңсіздігін азайтуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы атап өткен «Qazaq Digital Mektebi» жобасы – ауылдық жерлердегі шағын жинақты мектептер үшін сапалы білім алуға жол ашатын маңызды бастама. Қашықтан оқыту мен жасанды интеллект технологияларын біріктіретін бұл үлгі ауыл мұғалімдерінің кәсіби мүмкіндігін кеңейтіп, оқушылардың білім алу сапасын жаңа деңгейге көтереді.
Президент тапсырмасына сәйкес, мектеп оқушыларына арналған жасанды интеллект негіздері бойынша оқу бағдарламасын әзірлеу және педагогтердің цифрлық құзыретін арттыру – басты міндеттердің бірі. Атырау облысында мұғалімдердің ІТ бағытындағы біліктілігін арттыру курстары жолға қойылған. Облыстың барлық аудандарында «STEM кабинеттері» ашылып, жасөспірімдерді инженерлік және технологиялық ойлауға баулу ісі қолға алынған.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы бастамашы болған Al-Sana бағдарламасы өңірлік деңгейде де үлкен қызығушылық тудырып отыр. Бұл бағдарлама аясында Атырау жастарының жоғары технологиялық жобаларға қатысуын қамтамасыз ету – біздің алдағы негізгі міндетіміздің бірі.
Атырау облысының білім беру саласы Президент Жолдауында қойылған міндеттерді толық қолдайды және оларды іске асыру үшін бар күш-жігерін жұмсайтын болады. Біз үшін басты мақсат — бәсекеге қабілетті, цифрлық сауатты, инновациялық ойлайтын жас ұрпақ тәрбиелеу.
Света АМАНШИЕВА,
облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары



