lorlrlrl

Бес жыл өмірін Сирия жерінде өткізген атыраулық Нұржамал өкінішін айтты (+ВИДЕО)

ATR.TV Дін Жаңалықтар

Сәбиін, жолдасын, жиенін қан сасыған Сирия жеріне жерлеп келген Нұржамал Юсупова бес жыл өмірінің тозақта өткеніне, сол тозаққа өзге емес, өзінің еркімен, таңдауымен барғанына өкінеді.

«Атырау – Ақпарат» медиахолдингі түсірген деректі фильмде терроризм бабымен сотталған Нұржамал Юсупованың тағдыры көрсетіледі. «Жусан» операциясымен елге оралған Нұржамал өз елінде жазасын өтеп жатқанына өкінбейді…

«Намазға келуіме ағам себепкер болды. Діни білімім болды дей алмаймын. Ағам нені айтты, не нәрсеге тыйым салды. Сол айтылған бағытты ұстанып жүрдім. Кейін көп ұзамай күйеуге шықтым. Одан үш балалы болған соң ажырастық. Одан әрі әпкем, келініммен бірге, мен де емшектегі баламды алып Сирияға кеттім. Екі үлкен балам бұрынғы күйеуімде қалды» деген Нұржамал Сирияға жеткенше бұларды арнайы ұйымдасқан адамдардың күтіп алып, соғыс ортасына жеткізгендерін айтты.

Бізге айтылған сөздердің барлығы өтірік алдау екенін көп ұзамай түсіндік. Мен Сирия жерінде екінші рет күйеуге шықтым. Ұлты қазақ жігіт соғыстан жаралы болып, қара жұмыстарға жегіліп жүрді. Елге кері қайтқымыз келді. Бірақ, кері қайтататын жол болған жоқ. Ол үшін көп ақша керек еді. Және қауіпті жолда сенімді адамдар болмаса, шығу қиын» дейді Нұржамал.

Судай аққан қанның ортасында бес жыл өмірін құрбан еткен Нұржамал Сирия жерінде ешқандай да жұмақтың жоқ екенін айтады.

«Біз қатты қателестік. Өмірім осынша деңгейде тас талқан болады деп ойламаппын. Жұмақ далада емес, әркімнің өз туған жерінде екен» дейді Нұржамал Юсупова.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған