БЕНЗИН БАҒАСЫ БҰҒАУЛАНДЫ МА?

Биылғы қыркүйектің басында Премьер-министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев енді Үкіметтің АИ-92/93 бензинінің бағасын мемлекеттік реттеуден бас тартатындығын айтты. Демек, алдағы уақытта оның құнын нарықтағы сұраныс нақтылайды.  Яғни, тұтынушылар қаншалықты көбірек алса, жанармай да соншалықты қымбаттайды.

 

Әйтсе де, бұған дейін әлеуметтік саналып келгендіктен Үкімет тарапынан тұрақты бақылауда болған АИ-92/93 бензиндерінің бірнеше теңгеге өсуі бастапқыда біраз дүрбелең туғызды. Оның үстіне, біздегі сауданың әлі де жабайылығы соншалық, Үкіметтің мәлімдемесі мәлім болған сәтте-ақ «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының жанар-жағармай стансалары оның құнын бұрынғы 108 теңгеден бірден 130 теңгеге шарықтатты. Олардан «Гелиос» пен «Синойл» да қалмай, жанармай бағасын көтеріп-ақ жіберді. Тек Ұлттық экономика министрлігінің араласуымен ғана «ҚазМұнайГаз Өнімдері» акционерлік қоғамы АИ-92/93 бензиндерінің құнын әр литрге шаққанда 125 теңгеге түсірді. Әрине, бұл да аз емес. Бірақ, жүргізушілер бірнеше күннен бері осы бағаның тұрақтап тұрғанына да разы. Тек ол қаншаға дейін созылар екен?

Жалпы, бізде осы бағалар қалай құралады? Бұған дейін де айтып жүрміз, түрлі себептерге байланысты сәл қымбатшылық туралы сыбыс шықса болғаны, біздегі сатушылардың бәрі өнім бағасын көтере қояды. Бұл тауарлардың қымбатшылыққа дейін жеткізіліп, біраздан бері қоймаларда жатқандығы ескерілмейді. Тек Астанадағы құзырлы орындар араласқан соң ғана баға біраз түскен тәрізденеді. Әйтсе де, сол екі арада сатушылар қанша мың теңгенің заңсыз пайдасын тауып үлгерді екен? Теңге еркін айналымға шыққалы бері сатушылар тауарлар құнын өзгертті. Дабыра етпегенімен, тексерушілердің көзін ала беріп бағаны көтере қояды. «Дина» базарындағы қоймаларды аралап жүріп оны өзіміз де көрдік. Әттең, маман емеспіз. Әйтпесе, алған-сатқан тауарларының айырмасын шығарып берер едік.

Тіпті, жанармаймен сауда жасайтындар баға реттелгенше қанша табыс түсіріп үлгерді? Құзырлы орындар тексеріп көрсе, есеп-қисабын шығарар еді-ау. Сонау жылы да жанармай құнын аяқ астынан заңсыз көтеріп жібергендер жазаға тартылған-ды. «Мың асқанға – бір тосқан» дегендей, кейде осындай жедел әрекеттер де керек. Ол халықтың қалтасын қағып, жұрттың жинағанын жымқырғандарды сабасына түсірер еді.

Ал, бензин бағасы неліктен құбылып отыр. Мамандардың айтуынша, оның екі себебі бар? Алдымен, республикадағы үш мұнай өңдеу зауыты ішкі сұранысты қамтамасыз ете алмай отыр. Үкіметтің мәлімдеуінше, бізде жылына 2,1 млн. тонна шамасында АИ-92/93 бензині шығарылады. Ал, тұтыну көлемі – 3,2 млн. тонна. Арасындағы айырмашылық негізінен Ресей арқылы жабылады. Рубль бағамы әуелден теңгеден жоғары екендігі тағы ақиқат.

Осы орайда бұдан біраз жыл бұрын елімізде төртінші мұнай өңдеу зауытын салу қажеттігі қозғалғаны еске түседі. Сонда салалас министрлік басшыларының өздері қарсы болған. Олардың пайымдауынша, үш зауыт барлық сұранысымызды қанағаттандыруы қажет еді. Өкінішке орай, бұл өндіріс ошақтарының ескілігі, жоғары деңгейдегі жабдықтармен жарақтандырылмағаны есепке алынбады. Мәселен, Атырау мұнай өңдеу зауытының пайдалануға берілгеніне биыл тура 70 жыл толып отыр. Шымкент пен Павлодардағы зауыттар да жаңғырту күтеді. Қазір солардың бәрі бір мезгілде күрделі жөнделіп жатыр. Рас, кәсіпорындар тоқтаған жоқ. Бірақ, жөндеу жұмыстарының өндірістік желіге аз-кем кері әсері болуы ықтимал ғой. Енді осы өндіріс ошақтарының әбден жаңартылып, 2017 жылы қатарға қосылуын ғана күтеміз.

Одан әрі, бұған дейін де Энергетика министрінің бірінші орынбасары Ұзақбай Қарабалин айтқанындай, біздің жанармайымызды көршілердің көліктері де жалмап жатыр екен. Мәселен, іргелес Ресеймен шекарамыз ашық. Күніне осы елдің кемінде ондаған көлігі үстімізден әрі-бері өтеді. Әлгілер біздің жерімізге жететін ғана жанармай құяды екен де, қалғанын осында толтыратын көрінеді. Өйткені, өздерінде бензин қымбат. Сондықтан, арзан өнімге ұмтылады. Ал, ішкі нарықты қорғап, сырттан келгендерге бензин бермеу жөнінде ереже жоқ. Әйтсе де, осындай да бір тетік керек. Оның үстіне, сатушыларға тауарын кім алғаны бәрібір емес пе? Өзіне пайда түссе болғаны ғой. Бұған республикадағы көліктерді қосыңыз. Қазір әркімде кем дегенде біреуден, кейбірінде екеуден жеңіл машина бар. Енді Еуроазиялық экономикалық одақ аясында Қазақстанға келіп-кететін көліктер саны еселеп артпақ.

Сонымен, қазіргі қалыптасқан жағдайды қалай сараптауға болады? Біріншіден, әлемдік нарықта «қараалтын» құнықұлдырады. Бұрын мұнайымызды сыртқа қымбатқа сатып, одан біраз пайда көріп келсек, енді ондай мүмкіндіктен айырылдық. Рас, оның бағасы алдағы уақытта көтерілер. Бірақ, соған дейін арзан мұнайымызды алғандар одан дайындаған өнімді өзімізге қымбатқа сатып жатыр. Сайып келгенде, шикі мұнай мен даяр тауар арасындағы айырмашылық жер мен көктей болды. Ұлттық қорға қол сала беру түбі тақырға отырғызады.

Екіншіден, жанармай бағасы өсуіне байланысты қазақстандық мұнай өндірушілер шикізат құнын көтеруі мүмкін. Олар бензин сатушылардың табысқа кенеліп жатқандығын көреді. Демек, мұнай өңдеу зауытына тапсыратын шикізатын енді басқа бағамен ұсынады. Немесе, соңғысы дайын өнімді мұнай иелеріне қымбат құнымен қайтарады. Міне, сонда әлемдік нарықта мұнай бағасы төмендегенде, бізде аз-кем артуы да мүмкін. Кейбір мамандар осындай да болжам айтады.

Жалпы, қазір әлемдік нарықта «қара алтын» құны кеміп тұрғанда оны сыртқа тасымалдау тиімді ме? Рас, кейбір халықаралық келісімдерді орындауға да тура келеді. Әйтсе де, Қытай, т.б. мемлекеттер мұнай сатып алуды азайтты. Өйткені, өздеріндегі өндіріс көлемі қысқарды. Сондықтан, бұрынғыдай мол шикізат керек емес. Міне, осындай жағдайда республикадағы мұнай өңдеу зауыттарын «қара алтынмен» толтырып тастаса қайтеді? Әйтсе де, тағы да мамандардың пікірінше, отандық кәсіпорындардың көп мөлшерде шикізатты өңдеуге шамасы жетпейді.

Үшіншіден, әлемдік нарықта мұнай бағасы арзандап тұрғанда одан жасалатын өнімдердің қымбаттауы қалай? Қарапайым заңдылықтарға сүйенсек, оның да құны кемуі керек еді ғой. «Инвестициялар тиімділігін зерттеу агенттігінің» аға сарапшысы Ерлен Бадыханның жақында ғана «Время» газетіне берген сұхбатына қарағанда, біздегі АИ-92 бензинінің бағасы 80-82 теңге шамасында болуы керек. Шикізат пен өңдеу құнын және салықтар, жалақы, тасымалдау, т.б. шығындарды қазіргі бағаммен есептегенде осы деңгейден аспауы тиіс. Маман қазір өңдеуші зауыттардың да, бензин сатушылардың да пайдаға кенеліп жатқандығын айтады. Тіпті, жыл соңына дейін әлемдік нарықта мұнай құны өссе, бензин бағасы да көтерілуін жоққа шығармайды. Сонда оны қандай деңгейде күтеміз? Жалпы, елімізде немесе көрші мемлекеттерде әлдекімдердің күшімен қымбатшылық қолдан жасалып жатқан жоқ па? Бұл ретте құзырлы орындардың әрекеті қалай болар екен? Бірер қылмыстың бетін ашса, өзгелері де айылын жинамас па?

Төртіншіден, Энергетика министрі Владимир Школьниктің айтуынша, дизель отынының бағасы өзгермейді. Бүгінде оның 300 мың тонна шамасында қоры жасақталған. Демек, оны ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге арзан бағасымен жеткізуге мүмкіндік бар. Бұл да көңілге демеу. Өйткені, жергілікті бау-бақша дақылдары мен көкөністің қымбаттауына негіз жоқ. Сонымен қатар, АИ-80 бензинінің бағасы бұрынғы күйінде сақталмақшы. Рас, оған сұраныс та шамалы. Ақырында, біраздан бері айтылып жүрген төртінші мұнай өңдеу зауытының құрылысы басталмақшы. Бірақ, ол 2021 жылы ғана қатарға қосылмақшы. Егер осы нысанды қазіргідей экономикалық дүрбелең кезінде емес, ертерек қолға алғанда әрі арзанға түсіп, әрі бүгінгідей қымбатшылықтың алдын алуға болар еді. Әттең, Абай айтқандай, қолымызды кеш сермейтін әдетіміз бар.

Бесіншіден, Премьер-министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, Қазақстан өзімізде жетпейтін бензинді бұрын Ресейден әр литрін 97 теңгеден алып келіпті. Сол кезде бір рубль 2,95 теңге екен. Енді теңге еркін айналымға жіберілді. Ресей ақшасы да өсті. Олардан әр литр бензинді 120 теңгеге алып, ішкі нарықта 108 теңгеден ұсыну ел экономикасын қыруар шығынға ұрындырмақшы. Осылай жалғаса берсе, осы қыркүйектің соңында-ақ еш бензинсіз қалатын көрінеміз. Үкіметтегілер солай дейді. Қалай дегенде де, нақты ахуалдың қандай боларын алдағы уақыт көрсетеді.

P.S. Мемлекет басшысы жақында ғана Атырауға сапарында республикада көмірсутегі шикізатының мол қорын жасақтау қажеттігін тағы да ескертті. Қазақстандық геологтардың зерттеуінше, Каспий маңы ойпатында мұнай мен газдың үлкен көзі бар. Жеті-сегіз мың метр тереңдікте жатқан оны жер бетіне шығарып, халық кәдесіне жарату үшін қыруар қаражат керек. Міне, осы орайда Елбасы шетелдік инвесторларды тартуды ұсынды.

Осы материал баспаға дайындалып жатқанда кейбір жанармай құю стансаларында АИ-92/93 маркалы бензиндердің әр литрі тұтынушыға 123 теңгеден сатыла бастады. Міне, нарық заңы осындай. Мұнда ұсынысты сұраныс анықтайды.  Баға да соған сәйкес құбылып тұрады.

 Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз