Белсенділер еңбегі елеусіз қалмады

«Нұр Отан» партиясының Атырау қалалық филиалында жуырда елімізде өткен VI шақырылымдағы ҚР Парламенті Мәжілісі және жергілікті мәслихат депутаттарының сайлау науқанына белсенді қатысқандарды марапаттау рәсімі өтті.

Партияның сайлауалды бағдарламасын сайлаушылар арасында кеңінен насихаттауға үлес қосқандары үшін партия мүшелері  Бағыт Шеркешбаева, Мұрат Әмірғалиев, Қаршыға Жауынбаев, Асхат Дүйсәлиев және басқа да жаңадан сайланған қалалық мәслихаттың 14 депутаты, сондай-ақ, Әли Әбішев, Есбол Керей сынды қалалық сайлауалды штаб құрамында қызмет еткендер (барлығы 14 адам) ҚР Президенті, «Нұр Отан» партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Алғыс хатымен марапатталды. Оларға Елбасының Алғыс хаттарын шаһар басшысы, партияның Атырау қалалық филиалының төрағасы Нұрлыбек Ожаев табыс етті. Шараға қатысушыларды құттықтаған қала әкімі еліміз бойынша 800 шетелдік, он мыңға тарта жергілікті байқаушы қатысқан бұл сайлау кезінде ешқандай заң бұзушылық болмағанын атап өтті.

Халық қалаулыларының атынан сөз сөйлеген Саламат Мұқашев атындағы политехникалық колледждің директоры Бағыт Шеркешбаева тәуелсіз еліміздің бірлігі мен тыныштығы үшін «нұротандықтардың» да әркез ұйымшылдықпен аянбай еңбек ететінін жеткізді.

Еске сала кетейік, соңғы сайлау науқанында Атырау қаласы бойынша 140 266 сайлаушы тіркеліп, 100 745 адам дауыс беруге қатысты. Атырау қалалық мәслихатының депутаттығына 56 үміткер бақ сынап, оның ішінде 19 округ бойынша «Нұр Отан» партиясының үміткерлері депутат болып сайланды.    

Бағила САҒЫНДЫҚҚЫЗЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз