«БЕКІРЕ – 2016»: акция аяқтала келді

Бүгінде «Бекіре – 2016» балық қорғау акциясы аяқтала келді. Апта сайын өтетін үйлестіру штабының отырысында маңызды науқандағы жасалған жұмыстар қорытындыланды.

– Балық қорғау шарасы кезінде табиғат қорғау заңнамасын бұзған 1130 дерек анықталды. Оның ішінде 188-і өрескел түрдегі заңбұзушылық болып табылады. Табиғат байлығын заңсыз тасымалдаған 67 факті тіркелді, – дейді облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Мұрат Ермекқалиев.

«Балық барымташылары» талаптың тегеурінді, тәртіптің нығая түскендігіне көз жеткізді. Бұрын ойларына келгенін жасаған олардың енді аяқтарын тартып жүруі соның көрінісі. Құзырлы орган өкілдерінің пікірінше, бүгінде әкімшілік жауапкершілікке 948 адам тартылған. Акция басталғалы 153 қылмыстық іс қозғалыпты. Айта кетейік, браконьерлерге салынған айыппұлдың көлемі 11,6 млн. теңгені құрайды. Оның дені мемлекет қазынасына өндіріліп алыныпты.

Заң бұзушылардан 31,2 тонна балық тәркіленген еді. Соның 2301,4 келісі – бекіре. Олар қазіргі күні Жайық-Атырау бекіре балығын өсіру зауытына тапсырылған. Ал, су маржанының өзге түрлері «Надежда» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне жөнелтілуде.

Ауқымды науқан кезінде бағалы балықты өсіру шараларына айрықша маңыз беріліп отыр. Акция басталғалы 185 бекіре тұқымдас балық  ауланған болатын. Оның 58-і – шоқырдың аналығы, бекіренің 3 аналығы мен 25 аталығы, сондай-ақ тағы бір тұқымы – сүйрік бар. Ауланған балықтар жергілікті зауыттарға жіберілді. Арнайы мамандар солар арқылы табиғатта көзі аз су маржанының санын көбейтуге күш салатын болады.

Азамат БАЗАРБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз