Байырғы ауданның байыпты тірлігі

Байырғы ауданның байыпты тірлігі Жаңалықтар

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылында Мақат ауданының бюджеті 14 есе өсті. Шағын бизнестің қызметі 19 есеге ұлғайды. Кәсіпкерлікпен бұрын ат төбеліндей топ айналысса, қазір бұл салада 3073 тұрғын нәпақасын тауып жүр. Баспасөз мәслихатында Мақат ауданының әкімі Берікқали Сәрсенғалиев осындай жетістіктерді мәлім етті.

%d0%b1%d0%b0%d0%b9%d1%8b%d1%80%d2%93%d1%8b-%d0%b0%d1%83%d0%b4%d0%b0%d0%bd%d0%bd%d1%8b%d2%a3-%d0%b1%d0%b0%d0%b9%d1%8b%d0%bf%d1%82%d1%8b-%d1%82%d1%96%d1%80%d0%bb%d1%96%d0%b3%d1%96

Инвестициялық жобалар – ел игілігіне!

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында кен орындарының қоры азайған, халқының біразы облыс орталығына көшкен Мақат ауданының бүгінде түтіні түзу ұша бастады. Жергілікті жұрт инвестициялық жаңа жобалардан үлкен үміт күтуде.

– Индустриялдық-инновациялық бағыт бойынша құны 1 млрд. 794,2 млн. теңге болатын «Ескене вагондық сервис орталығының» құрылысы жүруде. Жоба аяқталғаннан кейін 422 адам тұрақты жұмыспен қамтылады, – деді Мақат ауданының әкімі Берікқали Сәрсенғалиев.

Құны 3 млрд. 700 млн. теңгені құрайтын логистикалық орталық та мақаттықтардың ертеңгі күнге деген сенімін оятты. Алып нысанның құрылысы үшін «Нұр-Жас» ЖШС-іне Бәйгетөбе елді мекенінен 40 гектар жер берілген. «Қазақстан Темір Жолы» ҰК-на қарасты мекемелерден келісім алынып, экономикалық техникалық негіздемесі де жасақталып қойылыпты. Жоба іске қосылған кезде 30 адам тұрақты түрде жұмыс табады. «Қара алтын» өндірген Мақаттың қойнауы өзге байлыққа да толы. Зерттеу нәтижесінде аудан орталығынан 11 шақырым жерде көлемі 30 млн. 742 мың шаршы метрді құрайтын мол қазына табылды. Енді осы орында керамзит шығаратын цех салу үшін «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы «АтырауИновейшн» ЖШС-мен бірлесіп қызмет жүргізуде.

Ауданда теміржол, мұнай-газ саласының ірі кәсіпорындары қызмет етеді. Мұнда барлығы 1 597 адам жұмыс жасайды. «Аудан бойынша өндіріс көлемі жыл сайын артып келеді. Тәуелсіздік алған жылмен салыстырғанда өндіріс өнімінің көлемі 48 есеге өсті» дейді өңірдің жетекшісі.

Мұнай өндіруді 53,6 пайызға ұлғайтқан Мақатта атап айтар тағы бір жаңалық бар. Тәуелсіздік жылдары ауданда газ өндірісі қолға алынды. 2011 жылы 28 млн. текше метр газ өндірілсе, биылғы тоғыз айда оның көлемі 33,3 млн. текше метрді құрады.

%d0%b1%d0%b0%d0%b9%d1%8b%d1%80%d2%93%d1%8b-%d0%b0%d1%83%d0%b4%d0%b0%d0%bd%d0%bd%d1%8b%d2%a3-%d0%b1%d0%b0%d0%b9%d1%8b%d0%bf%d1%82%d1%8b-%d1%82%d1%96%d1%80%d0%bb%d1%96%d0%b3%d1%96-2

Облыс әкімінің тапсырмалары қалай орындалуда?

Мақат ауданының әкімі Берікқали Сәрсенғалиев осы жөнінде және журналистер қойған  көкейкесті  сауалдарға жауап берді.

Бұрын жеке тұрғын үй салу үшін берілген жер телімдерін прокуратура заңсыз деп  таныған болатын. Сонда оның қаншасы қайтарылды? Ескене бекетінен жаңадан жер телімдерін беру жұмыстары қалай жүріп жатыр?

– Ескенеге қатысты біздер ауқымды бағдарламалар жасақтаудамыз. Басты мәселе, аталған елді мекеннің мәртебесін анықтау қажеттігінде болып тұр. Бұл үшін ең алдымен жерге қатысты проблемаларды шешу керек. Теміржолдың қазіргі күншығыс беті Қызылқоға ауданына қарайды, келесі жағы бізге тиесілі. Осы себептен, ол жерде салынған үйлердің құжаттарында заңсыздықтар кездеседі. Қазіргі күнде 82 үйдің құжатын кері қайтару жөнінде жұмыстар жүргізілуде. Сол бойынша жасақталған материалдар сотқа жолданды. Қалған 42 жер кері қайтарылып алынды.

Халықтың сұранысын қамтамасыз ету мақсатында үлкен бастамалар қолға алынуда. Доссор поселкесінен әрі Таскескен елді мекеніне дейінгі, Атырау тас жолының бойындағы жерлерді Қызылқоға ауданының иелігінен шығарып, Мақатқа беру туралы облыс әкіміне ұсыныс жолдағанбыз. Сол бойынша 19,6 млн. теңге қаражат бөлініп, қазір оның құжаттары дайындалып жатыр. Осы жоспарлы шаралар жүзеге асқаннан соң тұрғындарға заңды түрде жер телімін беру мәселесін, газ, су желісін тарту жұмыстарын қолға алу мүмкін болады.

Ескенеліктердің тағы бір проблемасы бар. Ол – көгілдір отын жетіспеушілігі. Тұрғындарға газ баллондары уақытында жеткізіліп отыр ма?

– Ескене елді мекенінде газ желісі болмағандықтан, тұрғындарға сұйық отынды тасымалдап жеткізіп тұрмыз. Оны жүзеге асыратын «Атырау Жайық» газ тасымалдау мекемесінің өкілдерін жуырда жұртшылықпен кездестірдік. Бұл – газ баллонын жеткізудегі кідірістің болмауы, өзара түсіністіктің орнығуы үшін қажетті шара. Айта кетері, көп адам кезек күткісі келмейді, өз көліктерімен қажетті отындарын жеткізуде.

Көгілдір отынмен қамтамасыз етілмеген ауылдардың қатарында 377 разъезд, Таскескен бар. Тұрғылықты халықтың саны 50-ден асқанда оған елді мекен мәртебесі беріледі. Ескенеден өзге осы ауылдардағы тұрғындардың қатары белгіленген мөлшерге жетпейді. Сондықтан, «оған газ тарту, жол салу қаншалықты тиімді болады, мұнда жұртшылық тұрақтана ма?» деген сауалдар туындайды. Ал, Ескенеде қазір 252 адам тұрады. Ол толықтай «елді мекен» мәртебесін алуға құқылы. Осы себепті, жер мәселесін шешкеннен кейін, газын жеткізуге болады. Оған қоса бүгінде «Ескене вагондық сервис» мекемесі көгілдір отынның желісін Ескененің басына жеткізіп қойды. Біз олармен де келіссөз жүргізіп жатырмыз. Одан газ алсақ, екі жаққа да тиімді болады деп ойлаймын.

Мақат ауданында жаңа әлеуметтік нысандар көп. Дегенмен, олардың кейбірінің сапасыз тұрғызылғандығы байқалады, қабырғалары да жарылып тұр. Оларды қалпына келтіру жұмыстары қашан қолға алынады?

– Әлеуметтік жаңа нысандардың сапасыз тұрғызылғандығын жасыруға болмайды. Мұндай жағдай ауданда кездеседі. Мәселен, Бәйгетөбе ауылындағы мектеп пен дәрігерлік бекет, аудан орталығындағы мәдениет үйі соның мысалындай. Кемшіліктердің орын алуына жергілікті жердің ерекшелігі,  сортаңдығы ескерілмеуі себеп болды. Төселген топырақты қатты жауын шайып кеткен, мұның соңы ғимараттардың ішкі қабырғалары жарылуына әкелді. Қазір сапасыз салынған нысандар қалпына келтіріліп отыр. Жұмыстың нәтижесін келесі жылы тағы қараймыз. Жағдай қайталанса, ғимараттарға күрделі жөндеу жүргізіледі.

Мақат кентінде төбесі жөндеуді қажет ететін бес көп қабатты үй бар. Ол – С.Мұқашев 80-5, 80-7, 80-8, 18 және Сәтбаев 18 мекен-жайындағы қонысжайлары. Қазір жаңбырлы кезең, олай болса бұл проблема ескеріліп отыр ма?

–  2005 жылы табиғи апаттың салдарынан  Мақат ауданындағы көптеген үйлер зардап шекті. Соған байланысты жергілікті жерде бірнеше көп қабатты үйлер салынды. Олардың шатырлары да уақытында жөнделді. Бұл мекен-жайлар кезінде бюджеттің емес, ТШО, НКОК, Ембімұнайгаз компанияларының демеу қаржылары арқасында тұрғызылған еді. Қазіргі таңда алпауыт құрылымдар үйлерді жөндеуге құлшыныс білдіріп отырған жоқ. Оған компанияның ішкі тәртібіне байланысты шектеулер,  жеке адамдардың меншігіндегі үйлердің жөндеуіне қаржы бөлу қарастырылмағандығы кедергі болуда.

Мемлекеттік бюджеттен де осы мақсатта қаражат бөлінбейді. Себебі, үйлердің барлығы да – жекеменшік иелікте. Мәселені тиісті заңға сәйкес, кооперативтер құру арқылы шешуге болады. Тұрғындармен кездесуде біз осы жағдайды бірнеше рет ортаға салғанбыз. Жұртшылық алғашқыда оған қолдау  білдіргенімен, кейін әртүрлі себеп айтып, мәселе аяқсыз қалып отыр. Ортақ шешім қабылданса терможаңғырту бағдарламасы арқылы үй жөнделер еді.

Тұрғындардың коммуналдық қызметке байланысты берешегі көп пе?

– Ауыз су, газ, коммуналдық қызметке қатысты төлемдердің барлығы да уақытылы төленіп отыр. Қазір мұндай берешек жоқ.

Жылыту маусымы туралы не айтар едіңіз?

– Мақат ауданында жылыту маусымы уақытында басталып, ойдағыдай өтіп жатыр. Көп қабатты үйлердің барлығы жеке автономды қазандықтар арқылы жылытылады. Төтенше жағдай қызметінің ережесіне сәйкес, 8 қабатты үйлерге дейін қазандық арқылы жылытуға болады. Осы тұрғыдан келгенде, біз сақтық шараларының орындалуына ерекше маңыз берудеміз. Қауіптің алдын алу, болдырмау бағытында жүйелі жұмыс жасалуда.

Мақат ауданының халқы ауыз сумен толық қамтылған ба?

– Тұрғындарға толықтай көлемде ауыз су жеткізілуде. Ауданда 1,4 млрд. теңгеге 133 шақырым ауыз су құбыры тартылып, екі кент, бір ауылдық округті толықтай ауыз сумен қамтамасыз ету мүмкін болды. Су «Атырау су арнасы» мекемесі арқылы  тазартылып, тұщытылып, бізге жеткізіледі. Қазір Мақатта 14 мың текше метр, Доссорда 12 мың, Қарабатанда  8 мың текше метр, жалпы алғанда бес күнге жететін су қоры жасақталған. Жалпы, ауданда сумен қамту толық шешілді деп айта аламыз.

Облыс басшысы Мақат ауданына сапары барысында Бәйгетөбе тұрғындарымен кездесті. Мұнда ауылдық округ әкімінің кеңсесі жоқтығы айтылған болатын. Осы мәселе қаншалықты шешімін тапты?

– Ауыл әкімінің кеңсесін салу жоспарда тұр, нысанның жобасы да дайын. Келесі жылға берілген сұранысымыз қанағаттандырылса, мәселе оң шешімін табады. Алайда, ауылдық округтің мамандары қазір де орыннан тапшылық көріп отырған жоқ. Олар Бәйгетөбеде 400 орындық мектепте орналасқан. Мұнда 200-дің үстінде бала бір ауысымда оқиды, бөлмелер де жеткілікті. Айта кетейін, біз жергілікті жердегі қосымша мектепті балабақшаға айналдырдық. Оның ішінде саз, спорт мектептерінің филиалдары ашылды.

Өңірде жұмыспен қамту қалай жүзеге асуда? Жұмыссыздықтың деңгейі қандай? Кәсіпкерліктің дамуына көрсетілген қолдау туралы не айтасыз?

– Халықты жұмыспен қамтуда жүйелі шаралар жүзеге асуда. Бұл бағытта жұмыссыздарды қайта оқытып, дайындауға маңыз берілуде. Мәселен, биылдың өзінде  98 тұрғын осы арқылы бұрынғы кәсібін жаңа мамандыққа ауыстыруға мүмкіндік алды. Әлеуметтік жұмыс орнына 56 адам орналастырылды. Әсіресе, жас мамандардың жұмыспен қамтылуы – басты назарда.  Мысалы, биыл 84 жас жұмысқа орналасты.

Мақатта шағын және орта кәсіпкерлік қарқынды дамып келеді. Соның нәтижесінде жұрт осы салаға жұмысқа тартылуда. Өткен жылы ауданның 17 кәсіпкері жалпы сомасы 92,9 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып, өз кәсіптерін бастады. Жергілікті жердегі жұмыссыздықтың деңгейі 4,9 пайызды құрайды. Түйіндей айтқанда, байырғы ауданның байыпты тірлігі осындай.

Азамат БАЗАРБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз