ZHem  orlyi    a     zhez no  ta

Басты міндет – алдын алу

Жаңалықтар Шаһар шырайы

Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау және онымен күресті күшейту, мемлекеттік қызмет сапасын арттыру – күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі. Әсіресе, халықпен тікелей жұмыс істейтін салық және кеден органдарында қоғам кеселін түбегейлі жоюға айрықша мән беру қажет. Аймақтағы Мемлекеттік кірістер департаменті мен ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Атырау облысы бойынша департаменті бірлесіп ұйымдастырған жиынға осы мәселе арқау болды.

????????????????????????????????????

Қылмысты әшкерелеу өз алдына, бүгінгі таңда бұл кеселмен күрестің тиімді жолы – оның алдын алу. Яғни, қызметкерлерге сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін тереңірек түсіндіріп, «10 мың теңге пара үшін» бірнеше есе айыппұл төлейтінін немесе бас бостандығынан айыруға дейінгі түрлі жазалар қолданылатынын жеткізу қажет. Ал, ұрлық пен қылмыстың «арты» бір-ақ тұтам екені айтпаса да түсінікті. Сондықтан, жемқорлыққа жол бермес бұрын оның соңы неге әкеліп соғатынын есте сақтау керек.

–  Бүгінгі таңда қоғам дертіне қарсы күрес Атырау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басым бағыттарының бірі болып табылады. Елбасы жыл сайынғы Жолдауында да сыбайлас жемқорлықты жою шараларына баса назар аударады. «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында институционалдық реформаларды жүзеге асыру үшін заманауи мемлекеттік аппарат қалыптастыру, жемқорлыққа қарсы күресті күшейту, басқа да тиімді жұмыстарды қабылдау қарастырылған. Ішкі шараларды атқару барысында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Атырау облысы бойынша департаментімен бірлесіп біраз іс тындырылды. Оның барлығы жемқорлық деректерін азайтуға бағытталған, – деді Атырау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Ерлан Жанбаев.

Бірақ, халықтың қызмет көрсету мекемелеріне деген сенімінің азаюы бұл бағыттағы шараларды әлі де жетілдіре түсу керектігін айқындап отыр. Ұлттық экономика мен мемлекеттік бюджет салық түсімінен қалыптасады десек, қазына қаражатын молайтуға салық органдарының үлесі мол. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Нығметжан Сапаровтың баяндауынша, өткен жылы аймақта 1 трлн.46 млрд. теңге салық салынса, жыл басынан бері бюджетке 843,5 млрд.теңге түскен.

– Ауыл-аймақтың өркендеп, әлеуметтік ахуалдың жақсаруы қазына қаржысына тікелей қатысты екені даусыз. Салық түсімі құрылысқа, кәсіпкерлік жобаларына бөлінетін субсидияларға және тағы да басқа жобаларға бөлінеді. Бұл органның жұмысы жұртшылықпен тығыз байланыста, демек, қызмет алушы мен маман арасында қарым-қатынас орнайды. Сыбайлас жемқорлық деректері де осындай жағдайларда орын алатыны жасырын емес.

Еліміздегі Мемлекеттік кірістер департаменті жүйесіндегі жемқорлық фактілері азаймай отыр. Кеден қызметінде шекарадан өткен кезде, салық жүйесінде кәсіпкерлерден пара алу деректері жиі анықталады. Жалпы, мұндай қадам-ға баратындардың басым бөлігі – бөлім басшылары. Алайда, бұл қылмысқа көз жұма қарайтын басшылар да кездеседі. Айталық, сыбайлас жемқорлық дерегімен Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау облыстарының Мемлекеттік кірістер департаментінің бірінші басшылары қолға түсті. Пара көлемі де әртүрлі. Оның құны 100 мың теңгеден бастап 1 млн. АҚШ долларына дейін жетеді, – деген ол  біздің өңірде де бұл жүйеде пара алу фактілері анықталғанын жасырмады.

Атырау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті ішкі қауіпсіздік басқармасы басшысының уақытша міндетін атқарушы Нұрмұхан Қажыкеновтың айтуынша, биылғы бірінші жартыжылдықта 22 қызметтік тергеу жүргізіліп, 19 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Оның біреуі –мемлекеттік қызметке кір келтіретін  тәртіптік бұзушылық жасағаны үшін,    үшеуі – этикалық нормаларын бұзғаны үшін.

– Біздің мақсатымыз – мемлекеттік кірістер органдарындағы сыбайлас жем-қорлық туралы қалыптасқан стереотипті жою. Бұл үшін бізде нақты тұжырымдама мен іс-әрекет алгоритмі бар. Мемлекеттік кіріс органдары жемқорлық деңгейін төмендету бойынша ведомостволық жоспарды қабылдады, оның шеңберінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жұмыстары үздіксіз жүргізілуде, – деді ол.

 

 

Айбөпе САБЫРОВА

Суретті түсірген: Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған