Баспаналы болғыңыз келсе…

Баспаналы болғыңыз келсе.. Жаңалықтар

Биыл мұнайлы мекенде қоныс тойын тойлаушылар қатары көбеймек. Мемлекеттік бағдарламалар аясында бірнеше тұрғын үйдің құрылысы басталып, пайдалануға беріледі. Жер кезегінде тұрғандар үшін пилоттық жоба ретінде жаңа баспаналар салынбақ. Осы орайда басты талап – тиімді тәсілмен үй алуға тілек білдірушілердің «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде» есепшоты болуы тиіс. Ал, оны сәуір айынан бастап тегін ашуға мүмкіндік туып отыр. Пәтерлі болудың оңтайлы жолдарын бізге аталған банктің Атырау облыстық филиалы бизнесті дамыту бөлімінің басшысы Сандуғаш Абдрахманова толығырақ айтып берді.

Баспаналы болғыңыз келсе..

Пәтер иелері күзде анықталады

Сонымен, ағымдағы жылы «Нұрлы жол» бағдарламасымен үш жүз пәтерлік алты тұрғын үйдің құрылысы басталды. Оның екеуі «Нұрсая», төртеуі «Береке» ықшамаудандарында салынуда. Сандуғаш Абдрахманованың айтуынша, баспана иелерін анықтау үшін күз айларында конкурс өткізілмек.

 – Жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын «Өз үйім – Атырау» бағдарламасы аясында «Береке» ықшамауданында салынып жатқан 270 пәтерлік бес үйдің биыл тапсырылуы жоспарланып отыр. Ал, «Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасы бойынша республикалық қаражат есебінен «Нұрсая» ықшамауданындағы 45 пәтерлік тұрғын үй де  иелерін таппақ. Бір айта кетерлігі, пәтерлердің 50 пайызы жергілікті атқарушы билікте кезекте тұрғандарға берілсе, қалған бөлігі банк салымшыларына тиесілі. Алайда, мемлекеттік бағдарламамен үй алатындардың барлығы да біздің банктың салымшысы болуы керек. Міндетті түрде оның төлем қабілеттілігі анықталады, – дейді ол.

Бөлім басшысының әңгімесінен ұққанымыз, баспаналы болуға ниет білдірген әрбір тұрғын қазірден бастап банктен депозиттік шот ашуы тиіс. Өйткені, кезекте тұрғандардың көпшілігі бастапқы жарнасының жоқтығынан конкурстан өте алмай  жатқан көрінеді.

«Нұрлы жердің» тиімділігі

Баршаға белгілі, Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Нұрлы жер» бағдарламасы қолға алынды. Бірнеше тарапты қамтитын бағдарламаның бір бағыты – жеке тұрғын үй кешендерін тұрғызу. Міне, осы сала бойынша пилоттық негізде Қайыршақты ауылдық округінің Талғайраң елді мекенінен инженерлік коммуникациясы толық тартылған 80 жер телімі бөлініп отыр.

– Мұндағы жеке тұрғын үйлер бірыңғай типтік жобамен салынады. Жер кезегінде 2005 жылдан бері тұрғандардың банкте депозиттік шоты болуы шарт. Сондай-ақ, бастапқы жарна ретінде тұрғын үй құнының 30 пайызы төленуі тиіс. Кейін несие бес пайызбен беріледі. Егер кезегі келіп, бірақ банкте бастапқы жарнасы болмаса, онда үміткер жобаға қатыса алмайды. Бүгінде әрқайсысы 74, 120, 199 шаршы метрден үш типтік жоба бар. Сондай-ақ, жеке үй алуға өтініш білдірушінің несие тарихы мен төлем қабілеттілігі қаралады, – деген Сандуғаш Абдрахманова жаңа бағдарламаның тиімді тұстарын жұртшылыққа кеңінен насихаттау мақсатында жергілікті атқарушы билікпен бірлесіп түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатқандығын айтты.

Айбөпе САБЫРОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз