snimok 2

Баспана бағасы аспандап барады

Жаңалықтар
7 / 100

finprom.kz сайтының мәліметінше, биыл риэлторлық қызмет көлемі 17%-ға қысқарған. Алайда тұрғын үй нарығындағы дүмпу аталған сектордағы өсімнің жаңа драйвері болуы мүмкін.

Баспана бағасының жыл сайын өсіп бара жатқаны байқалады. Оған Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жинақтың халыққа берілуі себепші болған секілді. Дегенмен белгілі экономист-сарапшылар бұл құбылысқа өзгеше баға беріп отыр. Олар «жылжымайтын мүліктің қымбаттауы қолдан жасалған. Мұның артында белгілі бір мүдделі топтар болуы мүмкін» деген пікірде.

 Ал белгілі қаржыгер Расул Рысмамбетов «оған бірнеше себеп бар» дейді.

snimok 2

 – Кешегі кеңес кезеңінде қалаға көшіп келгендердің баспанаға қолы жетпеді. Амалдың жоқтығынан көпшілігі пəтер жалдап, бір орыннан екінші орынға көшіп жүрді. Тəуелсіздік алғаннан кейін де отбасы үшін маңыздысы үй сатып алу еді. Қазір біздегі еңбек нарығы əлі тұрақсыз, сондықтан жалға берілетін тұрғын үйде тұру да өте тиімсіз. Сол үшін адамдар барынша пəтер сатып алуды жөн санайды. Мұны бірінші десек, екіншісі, 2000-жылдары нарықта көптеген құрылыс компаниялары пайда болды да, адамдар солардың салған жаңа үйлерін сатып ала бастады. Оған банктердің түрлі ипотекалық бағдарламалары мүмкіндік берді. Кейінгі жылдары құрылыс саласында табыс тауып жүргендер жекелеген үйлерді ғана емес, бүтін бір аудандардың құрылысын қолға ала бастады. Дегенмен бүгінде мемлекеттің үй сатып алғысы келетін адамдарға немесе белгілі  бір құрылыс компанияларының қайсысына көмектесетіні белгісіз болып қалып отыр. Адамдарға зейнетақы жинағынан ақша алуға рұқсат етілсе, демек ипотеканы тоқтата тұрып, жаңа пəтерлер сатып алудың мүмкіндіктері туады. Сұраныс пен ұсыныс тұжырымдамасына сəйкес, пəтерлер саны тұтынушылардың сұраныс жылдамдығымен өспесе, баға соғұрлым жоғары болады, – дейді экономист.

Баспана мəселесін шешу үшін елімізде бірқатар мемлекеттік бағдарламалар қолға алынғаны белгілі. Дегенмен мəселенің түйіні одан да тереңірек жатса керек. Бұл туралы да қаржы сарапшысы өзінің пікірін айтты.

 – Мемлекеттік бағдарламалар тұрғын үйді сатып алуға мүмкіндік беру үшін іске қосылады. Ал бізде мемлекет нақты адамдарға жəрдемдеседі. Бұл – тұрақсыз тəсіл. Өйткені өтініш бойынша адамдарға ақша берудің орнына, мемлекеттік бағдарламалардың міндеті – халықтың тұрғын үйді сатып немесе ипотеканы жеңілдіксіз алуына жағдай жасау болуы керек. Жеңілдетілген ипотекаға ақшалай көмек бере отырып, мемлекет үнемі ақшаға мұқтаж, ипотекаға тəуелді адамдардың қатарын толықтырып отыр. Тұрғын үй бағасына қатысты болжам жасау қиын. Оның құны теңгеге шаққанда түсуі екіталай. Дегенмен теңге əлсіресе, онда доллармен шаққанда баспана бағасы арзандайды. Шикізат қорының мол қорына ие еліміз жоғары сапалы құрылыс материалдарының ірі өндірушісі жəне экспорттаушысына айналуы керек. Қазірдің өзінде цемент пен арматураны белсенді түрде экспорттап жатырмыз, бірақ ол ішкі нарық үшін жеткіліксіз. Сонымен қатар мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары арқылы көші-қон процестерін басқару үшін орта қалалар мен облыс орталықтарын белсенді дамытудың қажеттілігі туындады, – дейді Расул Рысмамбетов.

Жоғары жалақы – Атырауда Экономистер Атыраудағы үй бағасының қымбаттауын орташа жалақы мөлшерімен жиі байланыстырады. Себебі облыс орташа жалақы көлемі бойынша ең алдыңғы орында – 350 800 теңгені құрайды. Сонымен қатар БЖЗҚ бойынша да мұнайлы өңір алдыңғы қатарда тұр. Бірақ елімізде баспана бағасының өсуі тек биыл болып жатқан жоқ. Бұл туралы осы салада зор тəжірибесі бар риэлторлық компанияның өкілі баяндады.

 – Өзімнің жұмыс тəжірибемде соңғы 5 жылда жаңадан салынған немесе қайтара саудаланған үйлердің арзандағанын көрмеппін. Керісінше құны жыл сайын 5 пайызға өсіп отырады. Бұл жəне қалыпты жағдайға айналып барады. Былтыр пандемия басталғалы да баға кеміген жоқ, керісінше шарықтап кетті. Біздің «Baspana Group» компаниясының бас кеңсесі Елордада орналасқандықтан, əзірше Нұр-Сұлтан қаласындағы жағдайды нақты айта аламын. Əрине, үйдің бағасына оның орналасқан жері əсер ететіні белгілі. Мəселен, бас қалада үйдің 1 шаршы метрінің орташа бағасы 350 мың теңгені құрайды. Бізде «7-20-25», «Баспана хит», «Шаңырақ», «Бақытты отбасы» секілді бағдаламалар белгілі бір санаттағы халықтың жағдайын жақсартуға арналған. Алайда баспана бағасының өсуіне белгілі бір деңгейде осы аталған мемлекеттік бағдарламалар əсер етіп отыр. Компаниямыз Атырауға былтыр күзде келгелі мынадай өзгерістерге тап болды.

Мысалы, былтыр екі бөлмелі ескі пəтерлер (1970-80 ж.) 7-8 миллион тұрса, қазір ол 13-14 миллион теңгеге бір-ақ көтерілді. Өткенде қазақстандық ақпарат құралдарында «тұрғын үй бағасы бойынша Атырау облысындағы өсім 2,9-3 пайыз құрайды» деген хабар тарады. Меніңше, бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Біз күнделікті жұмыс істеп жүргендіктен, бағаның қалай құбылып отыратынын білеміз. Атырау қаласы бойынша баспана өсімі кем дегенде 30-40 пайызға артты деуге толықтай негіз бар. Бізге жолығатын тұтынушылардың арасынан соңғы кездері Түркияға, Египетке жəне АҚШ-қа көшіп, сол жақтан үй алатындар көбейіп барады. Əсіресе, Түркиядан жылжымайтын мүлік алушылар көп. Себебі ол жақта баспана бағасы бізден біршама арзан əрі орташа жалақы мөлшері көбірек, – дейді «Baspana Group» жылжымайтын мүлік агенттігінің жетекшісі Ботагөз Мақышева.

P.S. Баспана бағасы осылайша бүгінгі күннің басты мәселесіне айналып отыр. Сарапшылардың пікірінше, ол әзірге арзандамайды. Оған қоса өзімізде бар шикізатты пайдаға асырмай, ішкі нарықты реттемей тұрып, құрылыс материалдарын шеттен қымбатқа алатынымыз да – өзекті мәселе. Егер жағдай қазіргідей жалғасатын болса, бағаны реттеу мүмкін болмайды. Біздің айтқымыз келгені де осы еді.

Алтынбек МЕРСАДЫҚ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған