20190531170406

Бәсекелестік – береке бастауы

Жаңалықтар СарапTime

Atr.kz/23 қазан, 2019 жыл. Бәсекелестік – қарапайым тілмен түйіндегенде, өзгелерден оқ бойы озық болуға ұмтылу. Жарыста жүлдеге жету. Сайыста сан соғып қалмау. Басқалармен иық тіресуге тырысу. Сонда ғана берекелі тірлік болады екен. Ендеше, осы талап үдесінен шығып жүрміз бе?

Әлем ақпаратының анықтамасы Осы орайда, әрине, халықаралық салмағы сом құрылымдардың хабарламасына құлақ түреміз. Дүниежүзілік банктің «Doing Business» рейтингісі қазақстандық бизнесті жүргізуді жеңілдету жөнінен 140 мемлекеттің арасында 28-ші орынға тірепті. Республика бойынша алдыңғы санатта Алматы, Ақтау мен Ақтөбе қалалары аталыпты. Атыраудағы жағдай да тәп-тәуір тәрізді еді, есепке енбей қалыпты. Әйтсе де, бүгінгі белес ертең елеске айналуы ықтимал.

Сондықтан, 2025 жылы алғашқы жиырма елдің қатарына кіру міндеті бар. Қазір көш басында Финляндия, Аустралия мен Латвия тұр. Байқайсыз ба, бұлардың барлығы да жер көлемі жөнінен де, табиғи байлығы бойынша да бізден кейін жүргендер. Соңғысы кешегі кеңестік кеңістікте бірге болған. Бірақ, кәсіпкерлікті ұйымдастыруда ұтымдылық танытыпты.

Шыны керек, бізде де бизнеспен шұғылданушыларға шынайы қолдау көрсетілуде. Ілгергі жылдары іргелі басқосуда аймақққа белгілі кәсіп иесі бұл бағытта республикада жасалып жатқан жұмыстарға разылық танытып, басқа елден мұндай шара байқамағанын айтқан-ды. Қазір де қамқорлық жетерлік. Азды-көпті қарыз беріп жатыр, кейбірі тіпті қайтарымсыз. Бұған дейін де кәсіпкерлерді ретсіз тексеруге тыйым салынған, енді үш жылға салықтан босатқалы жатыр. Бұдан артық нендей демеу керек?

Қазір белгілі болып отырғанындай, республика бойынша жүздеген кәсіпкер миллиондаған теңге табысын жасырған. Пайдаға белшесінен батып жатса да, соны аз етіп көрсеткен. Бұл – құзырлы орындардан бой тасалау ғана емес, халықты да алдау. Өйткені, бюджет салықтан құралады. Ортақ қазынаға қосылмаған қаржы әлеуметтік мәселелерді шешуге кедергі келтіреді. Оның арғы жағында өзге де күрмеулі проблемалар бой көтереді. Әділін айтсақ, Атырауда да кәсіпкерлік қарқыны көтеріңкі.

Кейбір бизнес иелері шетелдік әріптестерімен араласып, тауарларын тысқа тасуда. Ауыл адамдары нарықтық қатынастың жаңа қырын жете меңгере бастады. Сүт-шұбаттарын сатуға шығарып жүр. Шағын цехтары бар. Кейбірі жап-жақсы жабдықтармен жарақтандырылған. Елді мекендердің еңсесін көтеріп жүргендер де солар. Бірақ, әлі де алыпсатарлық белең алып тұр. Біреудің даяр өнімін үстемесімен қайта сататындарды солай демеске шара жоқ.

Кешегі кеңестік кезде олар жазаға тартылатын. Қазір кәсіпкер саналады. Рас, саудагерлікке субсидия берілмейді. Алайда, айналымдағы ақшасымен немесе мемлекеттің көмегімен өз шаруасын шалқытатын да кез келген жоқ па? Алыс ауылдарда бірер дүкен ұстап отырғандарды да кәсіп иелері деп есептейміз бе? Иә, орталыққа қатынап, қолы қысқа жерлестерін күнделікті қажеттілікпен қамтып отыр.

Әйтсе де, өнім өзінікі емес қой. Ал, елді мекенде еңсеретін іс аз ба? Кәдеге аспай жатқан жүн мен тері ше? Мал бордақылап, қыста семіз етпен қалалықтарды қамтамасыз етсе қане? Әттең, жан қинағанша, дайын нәрсені тұтынғанды дұрыс көреді. Бәлкім, қаншама қолдау көрсетілсе де еліміздің бизнесті жүргізу жөнінен әлемде алдыңғы қатардан көріне алмай келе жатқандығының бір себебі осы шығар?
Тәуекел түбі желқайық па? Мүмкін бел шешіп, бір істі бастарда мұндай қадам қажет те шығар?

Бірақ, бірлесіп шаруа тындырарда шетелдіктердің жеті мәрте өлшеп, бірақ рет кесетінін ұмытпалық. Қазақстан әлемде инвестиция тартудан алдыңғы лектен көрінеді. Кешегі кеңестік республикалардың кейбірі мұндай қадамға енді ғана барып жатыр. Қазір әлемде инвестор үшін талас басталды. Бәрі еліне сыртқы капиталдың көбірек кіргенін қалайды. Бірақ, қалталылар қаражатын кез келген дүдәмал іске жұмсамайды. Қазақ жерінің табиғи байлығының молдығы, икемді инвестициялық саясаттың орнығуы Қазақстанға әлі талайларды қызықтырады.

Алайда, халықаралық сараптау орталықтарының дерегінше, біздің тәуекел деңгейіміз «орташа» ретінде бағаланады екен. Демек, 2025 жылға дейін оны «төменгі» дәрежеге түсіруіміз керек. Қазір Жапония, Чили мен Польша бұл бағытта қолайлы мемлекеттердің көш басында тұр. Тағы да байқайсыз ба, бұлардың жер көлемі де, табиғи байлығы да біздегіден көп аз. Ал, инвестициялық тартымдылығы өте жоғары. Жетіқат жер астынан бұрқақтай шығып жатқан мол мұнайы да, алтын-күміс немесе көмір кеніштері де шектеулі. Ұтымдылығы – сыртпен байланысының беріктігі.

Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовтің пікірінше, тәуекел деңгейі төмен мемлекеттер қатарына қосылу үшін экономиканы әртараптандыру, банк секторын сауықтыру, бюджет тәртібін күшейту керек. Тәуелсіздігіміздің ширек ғасырдан аса мерзімінде осы салаларды әлі қалыпқа келтіре алмай жүрміз. Рас, көп істі қайта бастауға тура келді. Әйткенмен, барлық бастамаларда шетелдік озық әдіс қолданылғаны айтылған еді ғой. Ендеше, неге тағы тың тәсіл іздеуіміз керек?

М и н и с т р и н в е с т и ц и я л ы қ тәуекелімізді түзеу үшін бюджет тәртібін күшейту керектігін де тілге тиек етті. Әрине, қажет. Бюджет дегеніміз – халықтан жиналған ақша. Әр азамат кез келген табысынан салық төлеуі тиіс. Міне, соның бәрі ортақ қазынаға құйылады. Одан әрі қажеттілікке жұмсалады. Әлеуметтік ахуалды айықтыру, білім беру мен денсаулық сақтау нысандарын тұрғызу, қоғамның әлсіз топтарын қолдау тәрізді шараларға қаражат осы қордан алынады.

Алдағы уақытта ел ішіндегі алысберісті және сыртқы сауданы дамытуға бағытталған бірнеше инфрақұрылым құрылмақшы екен. Сатылап жүзеге асырылатын шарада республиканың батысы бойынша Ақтөбе мен Орал аталады да, Атырау назардан тыс қалған. Біздің ойымызша, мұнайлы мекеннің де мүмкіндігін пайдаланған жөн. Облыс Орталық Азия мемлекеттерімен де, Ресеймен де шектесе алады. Тақтайдай тегіс тас жолдарымыз бар. Ендеше, неге ескерілмейді? Парламенттегі депутаттарымыздың үн қатқаны жөн бе?

P.S.

Міне, бәсекелестік белесінде ортаға салар осындай ойлар бар. Атырауда инвестиция негізінен мұнай-газ саласына тартылуда. Енді соның төңірегінде сервистік мекемелердің шоғырлануы қажет-ақ. Тек ұсынар қызметіміз, өндірер өніміміз бәсекеге сай болса… Сонда ғана шетелдіктер әріптестікке өздері ұмтылады.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған