БАС ҚҰЖАТТЫҢ БАЙЫПТЫ БАҒДАРЫ

Құрамына Атырау облысы Жұмылдыру дайындығы, азаматтық қорғаныс, авариялар мен дүлей апаттардың алдын алуды және жоюды ұйымдастыру басқармасының басшысы Нұртас Мұхтаров, облыстық мәслихаттың депутаты Мәрия Қаражігітова, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы Өмірбек Бекежан енген насихаттық топтың мүшелері ауданға сапарын бұл жолы Қосшағыл селолық округінде тұрғындармен, одан кейін Жылыой мұнай және газ технологиялық колледжі мемлекеттік кәсіпорнында тәлімгерлер мен түрлі мамандықта оқып жатқан жасөспірімдер, темір жол қалашығында тұратын зейнеткерлер, ұстаздар және шәкірттермен жүздесуге арнады.

– Жыл сайынғы Елбасының Жолдауын насихаттайтын облыстағы сегіз насихаттық топтың бірі ретінде дәстүрлі сапармен келгендегі мақсатымыз – өміріміздің өзекті арқауына, ілгері дамуымыздың негізгі тетігіне айналған «Қазақстан – 2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекетіміздің жаңа саяси бағыты» аталатын аса маңызды құжаттың мәні мен сипатын аша түсу, – деді Нұртас Мұхтарұлы. – Онда халқымыздың әлеуметтік ахуалына серпін беру басым бағыт алғанын байқауға болады.
Шешен бұдан әрі өндіріс және жаңа технологиялар саласындағы салық салу нысандары үшін қолайлы салық режимін енгізу қажеттігі туындап отырғанын қаперге берді.
Насихаттық топ маңызды құжатта ауыл шаруашылығын қайта өңдеуде және саудада фермерлік, шағын және орта бизнесті дамытуға баса мән беріліп отырғанына айрықша тоқталды.
Сонымен қатар кәсіпкерлікті дамыту арқылы жаңа жұмыс көздерін ашу, сапалы білім беруді және ұлт денсаулығын жақсартуға серпілісті қадам жасау мәселелері де – алдағы міндеттердің арқауында өз шешімін таппақ.
Насихаттық топтың мүшелері ауыл және қала тұрғындарының балабақша, ауыз су, жолға қатысты өздерін толғандырып жүрген сауалдарын ықылас қоя тыңдап, қаперге алды.

Қаржау ОРАЗБАЕВ,
меншікті тілшіміз.
Жылыой ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз