Жарнама
Жаңалықтар

Барлық балаға тең мүмкіндік

Білім – елдің болашағын айқындайтын ең басты күш. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында дәл осы саланың өзекті мәселелерін терең талдап, нақты шешу жолдарын ұсынды. Соның ішінде мені ерекше қуантқаны – ауыл мектептерінің жағдайына айрықша назар аударуы болды. Шындығында, ауыл мектебі – мемлекеттің тамыры, ел рухының бастауы. Сондықтан бұл бағыттағы жаңа бастамалар – ел ертеңіне салынған ең үлкен инвестиция.

Президент ұсынған «Qazaq Digital Mektebi» жобасы – ауыл мен қала арасындағы білім теңсіздігін жоюға бағытталған маңызды қадам. Бұл бастама біз сияқты шалғайдағы ауыл мұғалімдері мен оқушыларына ауадай қажет. Қазір ауыл баласының талпынысы зор, бірақ мүмкіндік шектеулі. Мұғалімдер жетіспейді, техника ескірген, интернеттің жылдамдығы төмен. Осындай жағдайда цифрлық мектептің келуі ауыл ұстаздары мен оқушыларына үлкен демеу болмақ.

Он жылдан астам уақыт ауыл мектебінде еңбек етіп келе жатқан ұстаз ретінде айтарым, білім беру жүйесін жаңғыртудың ең тиімді жолы – заманауи технологияны меңгеру мен мұғалімнің әлеуетін көтеру. Қашықтан оқыту, жасанды интеллект көмегімен білім алу, дайын цифрлық контентті пайдалану, бұның бәрі ауыл баласының да қаладағы құрбы-құрдастарымен тең дәрежеде білім алуына мүмкіндік береді. Ең бастысы, бұл жүйе оқушының да, мұғалімнің де уақытын үнемдейді, сапалы материалмен жұмыс істеуге жол ашады.

Дегенмен, цифрлық мектеп жобасының табысты жүзеге асуы тек техника мен интернет жеткізумен шектелмеуі тиіс. Мұғалімдерге жан-жақты қолдау қажет. Бізге тек құрал емес, бағыт пен әдістемелік көмек те маңызды. Арнайы курстар, цифрлық сауаттылықты арттыратын оқыту бағдарламалары, тәжірибе алмасу алаңдары көп болса, ұстаздың да, оқушының да көкжиегі кеңейеді. Себебі, мұғалім дайын болса, бала да озады.

Сонымен қатар, Президенттің Жолдауында айтылған тағы бір маңызды мәселе – салық пен қаржының ашықтығы. «Салықтан түскен әр теңге халық игілігіне жұмсалуы керек» деген сөз – қоғамның сенімін арттыратын басты қағида. Бұл, әсіресе, білім беру саласына қатысты айтылғанда, ерекше мәнге ие. Себебі, білімге бөлінген әрбір қаржы мектепке, балаға, мұғалімге нақты жетсе, еліміздің болашағы да нұрлы болмақ.

Осы тұрғыдан алғанда, «Qazaq Digital Mektebi» жобасы – тек жаңа технология енгізу емес, елдің болашағына салынған стратегиялық инвестиция. Бұл жоба жүзеге асқанда, ауыл баласы да әлемдік деңгейде білім алуға, заманауи қоғамның белсенді мүшесі болуға толық мүмкіндік алады. Ал бұл – нағыз әділетті қоғам құру жолындағы нақты қадам.

Айша АМАНҒАЛИҚЫЗЫ,

Қаракөл орта мектебінің мұғалімі

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button