ЖаңалықтарСарапTimeЭкономика

Балықты тоғанда өсірген тиімді

Бүгінде өңірімізде бекіре тұқымдас балықтар қорын сақтау және оны көбейту – өзекті мәселелердің бірі. Өйткені, бекіре тұқымдас балықтар қоры соңғы 20 жылда күрт азайды. Жойылып кетудің аз-ақ алдын-да десе де болады. Дегенмен, аймағымызда қазір бекіре тұқымын сақтау, өсіру, көбейту бағытында нендей жұмыстар атқарылуда? Алдымен осы жайға тоқталайық.

Иә, балық шаруашылығы аймақ экономикасының жетекші саласының бірі. Қазір мұнайлы өлкемізде балық өнімдерін ішкі нарыққа таратып, шет елдерге экспорттап отырған 19 құрылым бар. Осы кәсіпорындардың үшеуі бекіре тұқымдас балықтарды өсіру, көбейту шаруашылығымен де айналысады. Олар – «Жайық-Атырау бекіре балық өсіру за-уыты» РМҚК, «Атырау бекіре балық өсіру зауыты» РМҚК және «Сaspian Royal Fish» ЖШС.

– Қолдан балық өсіру оңай шаруа емес, — дейді Атырау бекіре балық өсіру зауытының өндірістік цех басшысы Гүлшат Шайдуллина. – Оның үстіне, қызыл балықтың жөні бір бөлек. Алдымен, қыста ау құралдары дайындалады. Көктемде бекіренің аталығы мен аналығы аула-нады. Алдымен теңіздің төрт тұсынан ау салынады. Жұмысты кеме капитаны мен матрос-тар, технологтар, инженерлер, балықшылар, барлығы бірігіп атқарады. Ауланған балық тоғанға жіберіледі. Осыдан соң, аналығына толғақ шақыратын екпе егіледі.

Сөйтіп, ол жасанды жолмен уылдырық шашады. Бұл жерде бір ескеретін жағдай, тоғандағы су мен ауа температура-сы сыртқы табиғи температурамен сәйкес келуі керек. Әдетте бұл 10-20 градусты құрайды. Өйтпеген жағдайда, уылдырық жарамсыз болып қалады. Оны аталықтан алынатын жыныс жасушасымен араластырып, екі сағатқа қоямыз. Екі аптада уылдырық өзгеріске ұшырап, эмбрионның көзі мен құйрығы білінеді. Тіршілік иелері ақырындап ұсақ құрттарды жей бастайды. Екі ай өткен соң, оларды күннің көзі түсіп тұратын ашық тоғанға жібереміз.

Жаңа айтып өткеніміздей, үш кәсіпорын да жылдар бойы қалыптасқан осы жүйемен жұмыс істейді. Балық өсіруші мекемелердің барлығы да мемлекеттік тапсырыс және өздерінің шаруашылық қызметінен түскен кірістер есебінен қаржыландырылады. Бұл зауыттарда бекіре, қортпа, шип, сүйрік тұқымдас балықтардың шабақтары жа-санды өсіріліп, кезең-кезеңмен Жайық өзеніне жіберіледі.

Облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Сәдібекұлының айтуынша, аталған кәсіпорындар 2018 жылы өзенге 7 714 463 дана шабақ жіберді. Оның 7 млн. данасы мемлекеттік тапсырыс болса, қалған бөлігі табиғат пайдаланушыларымен жасалған келісім-шарттардың аясында орындалған. Ал, былтыр өзен арналарына жіберілген шабақтардың саны 7 505 838 дана болды. Мұнда да 7 млн. данасы мемлекеттік тапсырыс болса, қалған 505 838 данасы келісім-шарт негізінде.

Мемлекеттік тапсырыс жоспары пандемия жағдайына қарамастан биыл да орындалды. Шабақтардың 755 606 данасы табиғат пайдаланушыларымен жасалған келісім-шарттардың негізінде су айдындарына жіберілді. Шабақтар лек-легімен өзен-су арналарына жіберілгенмен, мамандардың зерттеуіне сәйкес, олардың тек 3 пайызы ғана уылдырық шашуға өз өрісіне, Жайыққа оралады. Өсірілген шабақтардың ұсақтары теңіздегі жыртқыш балықтардың жеміне айналса, сәл өскені браконьерлердің торында кетеді екен. Сондықтан да шабақтарды теңізге жібергеннен гөрі тауарлы бекірені қолдан өсірсек көбірек ұтатын тәріздіміз. Балық шаруашылығы басқармасы өкілдерінде суға жіберілген әр шабақтың са-нымен қоса, Жайық өзенінен алты жыл ішінде қанша балық ауланғандығының да есебі бар екен.

Тағы да цифрларға жүгінейік. Сонымен, 2015 жылы – 266 дана, 2016 жылы – 234 дана, 2017 жылы – 269 дана, 2018 жылы – 246 дана, 2019 жылы – 281 дана, 2020 жылы – 329 дана. 2018 жылдың желтоқсан айында Жайық өзенінде балықтардың жаппай өлу жайы тіркелді. Сол кезде мұз астын-да өлген балықтар легін кез келген атыраулық көре алды. Ел болып дүрлігіп, тіршілік иелерінің неліктен жантәсілім болғандығын тексеру талап етілді.

Осынау жаппай қырылу кезінде «Луговой жылқы өсіру зауыты» кәсіпорнының бекіре балығын өсірумен айналысқан Атыраудағы бөлімшесінде өсіп жатқан 36 мың дана балық өлді. Барлығы да бекіре тұқымдас. Кәсіпорынға келген шығынның есебін, нарықтағы балық бағасымен есептеп көріңіз.

Өңірімізде сонымен қоса балық өсіру бағытында «Бекіре тұқымдас тауарлы балық өсіру кешенін құру және су-мен жабдықтау тәсілі бойынша тұйықталған жүйеде бағалы балықтың уылдырығын алу» деп аталатын инвестициялық жоба жүзеге асуда. 2014 жылы қолға алынған кешенді істі «Сaspian Royal Fish» ЖШС-і атқаруда. Үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарлама аясын-да ашылған балық зауытының жалпы құны – 5 млн. 728 мың АҚШ доллары. Жоба бойынша зауыт жылына 100 тонна тау-арлы балық өндіріп, 1,0 тонна тағамдық уылдырық дайындауға негізделген. Осы мақсатта балық шаруашылығы былтыр тауарлық бекіре етінің көлемін 12,5 тоннаға жеткізді. Ал өндірілген тағамдық уылдырық 620 келіні құрады. Биыл зауыттың іргесі қаланғаннан бері алғаш рет жеке компаниялармен жасасқан келісім-шарттардың негізінде Жайық өзеніне 113 689 дана шабақ жіберді.

– Біздің басты мақсатымыз – тауарлы бекіре тұқымдас балық өсіру. Сол үшін зауыт ашылған жылы Башқұртстаннан 15 мың бекіре тұқымдас балық әкелгенбіз. Польшадан орыс бекіресінің 100 мың дана уылдырығын әкеліп, зауыттағы бассейндерде өсірдік, – дейді «Сaspian Royal Fish» ЖШС-нің бас балық өсірушісі Ахат Ниматов. – Алты жылдың ішінде бұл балықтардың салмағы 8-9 килограмға жетті. Жалпы за-уытта 60 тонна бекіре тұқымдас балықтың төрт түрі өсірілуде. Олар – орыс бекіресі, сүйрік (стер-ляд) пен қортпа, сібір бекіресі. Арасында үш-бес жылдық балықтар да кездеседі.

Қазір бұл зауытта бекіре тұқымдас бағалы су маржаны өсірілетін 26 бассейн, тұйық сумен қамтуға арналған төрт қондырғы бар. Бассейндердегі су бірнеше сүзгіден өтеді. Судың құрамы арнайы зертханада тексеріледі, температурасының әртүрлі бо-луы қадағаланады. Мәселен, 16-180С жылы су шабақ өсіруге қолданылады. Ал +20-220С су уылдырық беретін балықтар үшін қолайлы болып есептеледі. Сондай-ақ шабақтан өскен балықтардың тұйық су айдынына бой үйретуі үшін су температу-расы +3-50С болуы керек. Мұндай суда балықтар екі айдай болады.

Жыл сайын «Сaspian Royal Fish» ЖШС-нің көрсеткіші жақсарып келеді. Кәсіпорын өнімінің бағасына тоқталатын болсақ, сүйріктен алынған қара уылдырықтың бір кило-сы – 250 мың теңге, ал, орыс бекіресінің қара уылдырығы – 300 мың теңге.

Сондай-ақ, бекіре тұқымдас балықтардың бір килосы 3000 теңгеден сатылады. Ал сатылымға негізінен балықтардың аталық түрі шығарылады екен. Бренд саналатын бекіре балығының бүгінгі халі осындай. Шабақтар тоғандарда өсіріліп, теңізде жүзер қабілетке ие болғанда өзенге жіберіледі. Әзірге Табиғат-анаға жәрдем берер бұдан өзге мүмкіндігіміз де, қарекетіміз де болмай тұр. Бұған қоса, көктем шыға бағалы балығымызды браконьерлер-ден қорғау мақсатында «Бекіре» балық қорғау акциясы өткізіледі. Солай бола тұра, балық «барым-ташылары» әлі де азаяр емес.

Мұратбек ЖАҢАБАЙ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button