БАЙЫПТЫ БАСЫЛЫМ – САЛИҚАЛЫ ОҚЫРМАН ТАҢДАУЫ

Атырау мұнай өңдеу зауытында өткен кездесу соны көрсетті 

Турасын айту керек, еліміздің көне кәсіпорнының қызметкерлері – газетіміздің байырғы, әрі тұрақты оқырмандары. Журналистердің осы өндіріс ошағымен қарым-қатынасы еш үзілген емес. Бұл жолы да «Атырау» газетінің 20 000-шы саны шығуына орай редакция өкілдерімен бірлесіп өткізген «Газет және оқырман» тақырыбындағы «дөңгелек үстел» басындағы әңгімеге жұмыла жиналып, өзіндік ойларын ортаға салды.

Шараны кіріспе сөзімен зауыт директорының жалпы мәселелер жөніндегі орынбасары Азамат Ақышев ашып, жүргізіп отырды. Облыстық «Атырау» газетінің бас редакторы Исатай Балмағамбетов басылымның арғы-бергі тарихын қысқаша қамтып, қазіргі тынысынан да хабардар етті. 

Әлқисса…

– 1923 жылғы 1 сәуірде өңіріміздегі қазақ тілінде жұмасына бір шығатын алғашқы уездік «Ерік» газеті жарыққа шыққан. Қазіргі облыстық «Атырау» газетінің тарихы осы басылымнан бастау алады. Содан бері анау-мынау емес, ғасырға иек артқан – бақандай 93 жыл өтті! Яғни, осыншама уақыт бедерінде ғана газеттің 20 000-шы нөмірі жарық көргелі отыр! Сонда сана сарабына салып қарасаңыз, газет шығарудың оңай шаруа еместігін айқын түсінесіз, – деді өз сөзінде бас редактор Исатай Құндызбайұлы. – Басылым қайсы кезеңде де халықтың мұң-мұқтажын жоқтауға, бұқараның сенімді серігі болуға ұмтылды. Біз әрдайым да осы үрдістен жаңылмай, «Атыраудың» ел ішіндегі абыройын асқақтата береміз.

Бұдан әрі еркін микрофонға ерік берілді. Кәне, құлақ түрелік: 

Тұтас  ғұмырды  қамтыған қас-қағым  сәт

DSC 0284Қаржаубай СҰЛТАНҒАЛИЕВ, Қазақстанның Құрметті журналисі, «Атырау» газетінің бұрынғы қызметкері:

– Осындай сәтте шығыстың «Қас-қағым сәтте қырық мың жылдық тарих бар» деген нақылы еске түседі. Расында да, менің де осы редакцияның табалдырығын аттағаным күні кеше тәрізді көрінгенімен, содан бері талай уақыт өткен екен.

Сонау 1979 жылы Алматыда жоғары партия мектебін бітірген соң «Коммунистік еңбек» газетінің өнеркәсіп бөліміне меңгеруші болып орналасқанмын. Сол шақта Гурьев мұнай өңдеу зауытында кокс шығару жобасы жүзеге асып жатқан. Қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы Равиль Шырдабаев өткізген мамандар жиналысына тұрақты қатысамыз. Сөйтіп жүріп кейін өзім де осы кәсіпорынға қызметке ауыстым. Оған да, міне, ширек ғасырға жуық уақыт болыпты. Осында он шақты жыл облыстық газеттің бұрынғы қызметкері Арынғазы Мырзағалиев те еңбек етті.

Сөз жоқ, газет аймақ өмірінде өзіндік ізін қалдырды. Оның жеткен жетістігін, толымды табысын ешкім жоққа шығара алмайды. Қазір де оқырманын тауып отыр. Әйтсе де, бүгінгі кездесуді пайдаланып, біраз пікірімді білдіргім келеді. 

Алдымен, сындарлы сын керек. Содырларды сойып, өзгеге ой салатын материал қажет. Өткір тілмен жазылған фельетондарды сағындық. Байырғы оқырмандардың жадында шығар, сонау жылдары Нұри Мұфтах атты әріптесіміз талай сын садағын кезеген. Бүгінде ол өмірден өткенімен, қаламы жүйрік журналистер легі әлі де бар. «Жегі құрт» аталып жүрген жемқорлық қоғамды әбден күйретіп болды. Соған тілшілер аяусыз соққы бергені жөн.

Жастар тәрбиесі алаңдатады. Олардың жат ағымның жетегінде жүргені жүректі ауыртады. Соған қарсы бірлескен күрес керек. «Адасқанның айыбы жоқ, қайта үйірін тапқан соң» дегендей, дұрыс жолға түскендер туралы көбірек жазған жөн.

Репортаж – журналистиканың жауынгер жанры. Соның жиі көрінгенін қалаймыз. Өндіріс ошақтарынан, оқиға орындарынан кең қамтылған тың жаңалықтарды оқығымыз келеді. 

Жаста  берген  тәрбие  жас қайыңды  игендей…

DSC 0297Нағия БАЛАБАЕВА, зауыттың қазынашылық бөлімінің басшысы:

– Әлгінде жастар тәрбиесі жөнінде, олардың жат ағымдарға ілесіп кетпеуі туралы жақсы айтылды. Мен де қолдаймын. Әйтсе де, сол жастарға тәрбиені бала кезден берген дұрыс. Яғни, газеттен үлкендер ұғып қана емес, кішкене балалар да түсініп оқитын мақалалар көргіміз келеді. Осындай материалдарды бір бетке топтап, солардың тіліне бейімдеп берсе, оңды болар еді. 

DSC 0303Халықтың  көзі  –  көреген

Қанат ҚАБДЕНОВ, зауыт кәсіподақ комитеті төрағасының орынбасары:

– Зауыттықтар сауатты, ағымды жақсы сезінеді, шынайы ақпаратты ғана қабылдайды. Міне, осы тұрғыдан таразылағанда, «Атырау» газетінің сабырлы ұстанымы, арзан сенсацияға құмар еместігі қуантады. Аймақта болып жатқан жақсылықты объективті жеткізуге ұмтылады.

Әйтсе де, сын қажет. Рас, ол шын болсын. Сонда ғана оқырман дұрыс қабылдайды. Мәселен, кейбір елді мекендерде бұдан көп жыл бұрын су тазартқыш қондырғылары қондырылғандығы жалған ақпар болып шыққанын білемін. Соның бәрі соңғы жылдары ғана түзетіліп жатыр. Халықтың көзі – көреген, бәрін біліп отыр. Ендеше, осыларды сараптап жазған жөн.

Биыл 93 жасқа толып отырған «Атырау» газеті – менің әкеммен түйедей құрдас. Оның Түсіп Бисекеновтен кейінгі басшыларының бәрін де білемін. Осы орайда редакция ұжымына тек шығармашылық табыс тілеймін. 

Кәсіпорын тынысы  көбірек қамтылса…

Азамат АҚЫШЕВ, Атырау мұнай өңдеу зауыты бас директорының орынбасары:

– Баршаға белгілі, бұған дейін зауытта бензол мен параксилол алуға қатысты жобалар мәреге жетті. Енді шикі мұнайды тереңдете өңдеу жобасы жүзеге асырылып жатыр. Қазір мұнда 1800 шамасында адам еңбек етуде. Солардың дені – жастар. Жергілікті жұмысшылар тартылған. Шындығын айтқанда, Атырау мұнай өңдеу зауыты – республикадағы салалас кәсіпорындар ішіндегі ең көнесі болғанымен, қазіргі заман талабына сай қайта жарақтандырылған жалғыз өндіріс ошағы. Міне, сол жөнінде көбірек жазылғанын қалаймыз. Кең ауқымды репортаждар берілсе екен.

Халықты денсаулық мәселесі мазалайды. Түрлі дерт көбейді. Шамадан тыс семіздік пайда болды. Соның бәрі дұрыс тамақтанбаудан туады. Осы жай қамтылса дейміз. Алыстағы ауылдардың ғаламтордан мәлімет алатын мүмкіндігі шектеулі. Сондықтан, кейбір пайдалы кеңестерді көшіріп басса, шалғай мекендегілердің де кәдесіне жарар еді. 

Ел іші – өнер  кеніші

Нұрлыбек ҒИЗАТОВ, зауыттың «Новатор» газетінің тілшісі:

– Әріптес ретінде «Атырау» газетінің өмірдің барлық саласын түгел, әрі толымды қамтып отырғанын айтқым келеді. Кейбір мәселелер жөнінде жергілікті ғана емес, анау Астана мен Алматыдан сарапшылар тарту да – өте ұтқырлық.

Расында да, сатира керек. «Сын түзелмей, мін түзелмейді» деген бар. Бет-жүзіне қарамай, кінәлілерді сілкіп алса, өзгелері айылын жияр еді.

Әдебиет бетін, өнер иелерін таныстырып отыруды жиі қолға алған дұрыс. Әсіресе, жас дарындарды анықтап, солардың шығармаларымен, өнерімен жұртшылықты таныстырған жөн.

 

Дайындаған: Меңдібай Сүмесінов.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз