Байыппен бағамдап, ертеңімізге сенейік!

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Жер кодексінің күшіне енуі орайында 2017 жылға дейін мораторий жариялағанына қатты қуандым. «Бұл қалай болар екен?» деп өзімнің де толқып жүрген көңілім орнына түсті. Енді осының себебін айтайын:

«Жер дауы, жесір дауы» деген сөз қазақпен бірге айталып келе жатқалы қай заман. Әр халықтың өзінің маңдайына жазылған жері бар, оны атамекен деп, туған жер деп аялаймыз, Жер-Ана деп жатамыз, қалай болғанда да, туғаннан өлгенге дейін жүрекке жақын тұтатынымыз – осы  ЖЕР. Біз сол жерімізді әрқашан құрметтейміз, қадірлейміз, қорғаймыз. Бұл – әрбір азаматтың парызы.

Бірақ, қай істе де бәрін алдымен терең түсініп алу керек. Айқаймен жауға шаппайды, заман өзгерді, жан-жағымызда «бұлар қайтер екен?» деп жалаңдап отырған елдер бар, көз алдымызда туысқан қырғыз халқының қырылысы, украиндардың уһілеген күңіренісі тұрған жоқ па? Бәрі осындай бір осал-ау деген тұстардан басталған жоқ па еді, ағайын?!

Біріншіден, осы 2003  жылы  шыққан «Жер кодексін», оған 2014 жылғы енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды толық түсініп оқығандарымыз бар ма өзі? Сирек, әрине. Оның ішінде өзім де бармын. Атыраудағы басты алаңда бас қосқан жұртшылықтың көпшілігі «мұнда не болып жатыр екен?» деп келіп те қатар көбейтті. Рас, сол жиынның басты табысы – халықтың Заңды оқуға, оны сақтауға назарын аударды, тіпті мәжбүр етті десе де болады. Сондықтан, осыларды ойлай келіп, аталған Заңға  мен де үңілдім. Жер шетелдіктерге мүлде сатылмайды екен, тіпті, оны қалай айналдырса да еш механизмі жоқ екен! Менің барлық күдігімнің айыққан тұсы осы болды. Мұнда былай делінген: «ауыл шаруашылығы жерлерін жекеменшік құқығымен беру тек еліміздің азаматтары мен заңды тұлғаларға тиесілі». Бұл – ең басты мәселе.

Екіншіден, жерді жалға беру жайлы. Қазақстанның аумағына бірнеше Еуропа елдері сыйып кетеді. Жеріміз ұлан-байтақ, адамдарымыз аз, соған сәйкес біз өз жерімізді лайықты пайдаланып, оның өнімімен өз халқымыздың сұранысын жете қанағаттандыра алмай отырмыз. Қаншама алқаптарымыз игерілмей жатыр. Бұл жасырын емес және оның тағдырына бейжай қарамауымыз керек.

Менің көзімнің жеткені: Бос жатқан жерлеріміздің жайқалатын да күні туады, азық-түлік мәселесі шешіледі, халқымыз жұмыспен қамтылады, еліміздің бірлігі арта түседі. Бабамыздан, атамыздан қалған қасиетті ЖЕР тағдырын тартысқа салмай, айтысқа арқау қылмай, байыппен, сабырмен елеп-екшеп, еліміздің ертеңіне сенім артайық. Ұлы даламыздың қасиетін арттырып, руханиятын жандандырайық дегім келеді.

Қойшығұл  ЖЫЛҚЫШИЕВ,

ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз