БАЙҚАУ ДА, БАЙЫП ТА ҚАЖЕТ

Облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқанның төрағалығымен  облыс әкімі жанындағы бұқаралық ақпарат құралдарының мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Онда облыс журналистері мен БАҚ-тар арасында шығармашылық конкурстардың ұйымдастырылуы, аудандық газет редакциялары ұжымдарында журналистік әдеп пен қызметтік этиканың сақталуы туралы мәселелер қаралып, талқыланды. Бұл жайында алдымен «Атырау-Ақпарат» ЖШС директоры Т.Берішбай хабарлама жасады.

 

 – Жалпы, журналистер мен бұқаралық ақпарат құралдары арасында түрлі тақырыпта шығармашылық конкурстар өткізу бұрыннан бар, берік қалыптасқан дәстүр. Мәселен, «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорны Қазақстан Журналистер Одағы облыстық филиалымен және «Атырау-Ақпарат» ЖШС-мен бірлесіп, соңғы бес жылдан бері мұнай-газ тақырыбында бәйге жариялап, өткізіп келеді. Мұның өзі бұқаралық ақпарат құралдарында еңбек ететін шығармашылық адамдардың қызметіне соны серпін мен тың шабыт берді, – деді Төлеген Сақтағанұлы. – Ендігі жерде осындай конкурстардың тақырыбын түрлендіріп, ауқымын кеңейткен жөн деп есептеймін. Қашан да татулық пен бірлікті, берекелі тірлікті ту етіп, «ырыс алды-ынтымақ» деген қағиданы ұстан-ған халықпыз. Сондықтан, Қазақстанды мекендеген, оны Отаны санайтын сан ұлт пен ұлыстың ұлы достығын, мызғымастығын паш ететін шығармаларға да бәйге жарияласақ теріс болмас еді. Мұның сыртында, мұнай мен газ өнеркәсібінен өзге салалардың да барын назарда ұстап, ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі  жарияланымдардың да үздіктерін марапаттау үшін конкурс жарияланып, өткізіліп тұрғанын жөн санаймын.

Осыдан кейін күн тәртібіндегі екінші мәселеге орай әңгіме өрбіткен ЖШС директоры журналист әдебі мен шығармашылық ұжым мүшелерінің қызметтік этикасы төңірегіндегі ойларымен бөлісті. Нақты мысалдар келтіріп, «қайтсек осы жағын бір қалыпқа келтіріп, қалай интеллектуалдық деңгейімізді биіктетіп, байыпты болуға үйренеміз?» деген сауалдарға  жауаптар қайтарды.

Талқыланған мәселелерге байланысты сөз алған облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Әсия Қыстаубаева қоғамдық кеңестің қарауына ұсынылып отырған екі тақырыптың да өзекті, әрі маңызды екендігіне тоқтала келіп, бұдан былай профессор Тауман Амандосов атындағы Атырау облысы әкімінің сыйлығының иегерлерін анықтау мақсатындағы байқаудың екі жылда бір өткізілетінін, белгіленген жүлде көлемінің де көбейтілгенін мәлімдеді. Сондай-ақ, салалық басқарманың бастамасымен жүзеге асырылған гендерлік саясат, отбасы тақырыбындағы байқауларға атыраулық журналистердің қатысы мен белсенділігі ойдағыдай болмағандығын ашық айтты.

– Жоғарыда аталғандардан басқа бұрын журналистер үшін Бейбарыс пен Махамбет  атындағы жүлдені сарапқа салатын шығармашылық сайыстар да болған екен. Соларды қайта жаңғыртып, жүлде қорын ұлғайтып, дәстүрге енгізсек артық болмас, – деді осыдан соң әңгімеге араласқан облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан. Оның үстіне алдағы жыл – Ұлы Отан соғысындағы Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойы тойланатын атаулы жыл. Оған осы бастан дайындалып, бұқаралық ақпарат құралдарының, жалпы журналистер қауымының осыған орай жарияланатын байқау-конкурстарға қатысу белсенділігін көтеру керектігін, тігілетін байрақтың біршама қомақты болатындығын және доданың республикалық деңгейде өткізілетіндігін қаперледі.

Шыңғыс  Жұмабекұлы одан әрі қоғамдық кеңес мүшелерінің тарапынан болған сауалдарға орай білікті мамандарды дайындауға қатысты көкейде жүрген ойларын алға тартты. Әсіресе, осы мамандықты қалап, жоғары оқу орнына түскен жастардың кәсіби тұрғыдан дұрыс маман болып шығуы үшін қолайлы жағдай туғызуымыз керектігін еске салды. Ал, әкімдіктің қандай ұсынысты да қолдап, қуаттайтындығын айтты. Осы орайда облыс әкімдігі баспасөз бөлімінің басшысы Саламат Сабыр, облыстық «Атырау» газетінің бас редакторы Исатай Балмағамбетов, «Ақпарат» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлжан Елешова және басқалары өз пікір-ұсыныстарын ортаға салды.

Дәулетқали АРУЕВ.

Суретті түсірген

Ерлан АЛТЫБАЕВ. 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз