Бақылаусыз бала тәрбиедегі олқылықтың басты себебіне айналды

Облыстық әкімдікте2 1 Жаңалықтар

Бесіктен белі шықпай жатып ұрлыққа бейім жасөспірім келешекте қылмыскерге айналмауы үшін не істеу керек? Мектеп оқушыларына қосымша білім беруде қандай кемшіліктер бар? Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі облыстық комиссия отырысында осы мәселелер талқыға түсті.

Облыстық әкімдікте2

Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, жасөспірімдер тарапынан тіркелген 34 қылмыстың 24-і өткен жылы жасалған. Облыс прокурорының аға көмекшісі Әсемгүл Абдрахманованың айтуынша, Атырау қаласының өзінде күні бүгінге дейін  жасы кәмелетке толмаған 6 бала 29 құқық бұзушылық дерегімен тіркеліпті. Алайда, қылмыстық істер биыл тергеліп аяқталғандықтан, осы жылдың есебіне алынған. Мәселен, былтыр он жеті жасар атыраулық жасөспірім 18 ұрлық қылмысымен ұсталған. Тізбектей берсек, мұндай фактілер жалғаса береді. Бұғанасы қатпай жатып, қылмысты «кәсіпке» айналдырған жастың бұл жолға түсуіне кім кінәлі?

– Күн тәртібіндегі проблеманың бірі – ата-аналардың тәрбиеге немқұрайлы немесе жұмысбастылықпен қарай алмау салдарынан балаларының заң бұзушылыққа бет бұруы. Көп реттерде қолайсыз отбасынан шыққандар балалық шағымен ерте қоштасып, мектепке бармай отырғандығы қынжылтады. Комиссияның бір отырысында 5, кейде 10 балаға қатысты әртүрлі мәселелер қаралады. Жауапсыз ата-аналар ұрпағының болашағына балта шауып, тірі жетім атандырып жатқаны қаншама? Ондай жасөспірімдер балалар үйіне орналастырылады,-деген Атырау қаласы әкімінің  орынбасары Мейірім Қалауи биыл бірінші рет құқық бұзған балаларды ата-анасымен жиынға қатыстыру тәжірибесі енгізілгенін атап айтты. Соның өзінде, кейбірі балаларын әрі қарай тәрбиелей алмайтынын айтып, бас тартқан. Жұмыс жоспарына сай комиссия 17-20 сәуір аралығында қала мектептерін тексермек.

Ал, баспана кезегінде тұрған  ата-ананың қамқорлығынсыз қалған 800-ден астам балаға заңдылыққа сәйкес пәтер беріліп, орналастырылуда. Дегенмен, оларды әлеуметтендіру жайын да назардан тыс қалдырмаған жөн. Оның үстіне, санаулы айдан кейін оқушылар жаз-ғы демалысқа шығады. Сол кезде 14-15 жасар балалар заңсыз түрде кафе-мейрамханаларда еңбек етеді.

Облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жасөспірімдерге тегін кәсіптік білім беру, аула клубтарын ашу – кезек күттірмейтін іс екенін атап айтты.

– Кәмелетке жасы толмағандар жасаған қылмыс санының өсуі – алаңдатарлық жайт. Сондықтан, бұл проблемаға атүсті қарамайық, – деді аймақ басшысының  орынбасары.

Облыстық білім беру басқармасының басшысы Нұрсәуле Сайлауова аймақта қызмет көрсететін қосымша білім беру ұйымдарының әртүрлілігіне, баланы дамытудың басқа да бағыттарына көңіл бөлінбегенін жасырған жоқ. Сондай-ақ, ол қаладағы жаңа тұрғын үйлердің қосалқы қабаттарын осындай мақсатта пайдалануға ұсыныс жасады. «Оқушыларды мектептегі үйірмелерге қамту жайы  – маңызды мәселенің бірі. Аймақта бұл көрсеткіш 32,2 пайызды құрайды. Осы жұмысты жандандыру мақсатында арнайы жоба бастау алды. Енді мектептердегі үйірмелердің қызметі зерделенеді»,-деді ол.

Айбөпе САБЫРОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз