Қазақтың қаржысы – Қарақалпақта

gth425 Жаңалықтар

Қолымыздағы деректерге қарағанда, өткен жылы Өзбекстанға Атыраудан пошта арқылы 750 млн. теңге аударылыпты. Ал, өздерімен бірге ала кеткендерін қосқанда бір миллиардқа жақындайтын шығар.  Сонда осынша ақшаны өзіміз ұқсатпай, өзгеге ұсынатындай күйге қалай жеттік?

gth425

Құрылысты да басқалар салады

Көршілес Өзбекстан азаматтарының Атырауға алғаш қашан қадам басқанын ешкім дәл айта алмас. Олардың кеңестік кезде республиканың оңтүстік өңіріндегі егіс алқаптарында жергілікті тұрғындармен бірге еңбек ететінін еститінбіз.

Қазіргі шындық – сол ағайындардың әр үйден, әр ауладан табылатындығы. Өйткені, бұрын өзіміз-ақ тындыратын барлық істі соларға тапсырып, шаруадан безіп шыға келдік. Қызметтен келгеннен кейін қолына күрек-сүйменін алатын бұрынғы азаматтардың бүгінгі ұрпағы ұсақталып кеткені ме?

Мамандардың пікірінше, әр ұлттың өзіне тән ерекшеліктері болады. Мәселен, қарақалпақтар егін де егеді, сауда да жасайды, мал да бағады, үй де салады. Үй демекші, былтыр біреудің баспанасын тұрғызып жатқан бірер қарақалпақпен тілдескенбіз. Тамыздың тамып тұрған ыстығында жергілікті тұрғындар көлеңкеде жан бағып жатқанда әлгілер үйдің қабырғасын қалап жүр. «Бәленше судьяның да, түгенше прокурордың да үйін салғанбыз» дейді мақтанышпен.

Айтпақшы, әлгі қарақалпақ жігіттер ағайынды екен. Алдымен ағасы келіп, Атыраудағы ахуалды аңдапты. Мұндағылардың еңбекке икемі жоқ болғанымен, қалтасы қалың екенін білген соң келесі жылы інісін ертіп келіпті. Жалпы, осында жүрген Өзбекстан азаматтарының бәрі дерлік өзара туыс. Бірі балдызы, екіншісі жиені, үшіншісі бөлесі дегендей. Солардың ішінде біреуі ғана шебер, өзгелері соған көмекші. Қарапайым тілмен айтқанда, «апарып таста, алып келдің» адамдары. Ал, осы жұмыс өзіміздің қолымыздан келмей ме?

Өзбекстаннан дихандарды шақырамыз

Жайық жағасында отырып, өмір бойы диханшылықпен шұғылданған атыраулықтар енді бұл істі де сырттан келгендерге жүктей бастапты. Тіпті, бір басқосуда егін егуге Өзбекстаннан жетпіс шақты адам алдыруымыз ықтимал екендігіде айтылған.

Әркімге жалданып жүргендерді айтпағанда, «Арнаулы автобаза» секілді мекемеде еңбек ететіндердің  де дені – қарақалпақтар. Жап-жас жігіттер мен қыздар көше сыпырып, тазалықпен шұғылданып жүр. Мұнда тіпті қажетті жұмысшы мамандары да жетіспейтін көрінеді. Рас, жалақысы мұнай-газ саласынан аздау. Бірақ, айына табар 70-80 мың теңге далада жатыр ма? Оның үстіне, биыл мекемеде жалақы өсті, вахталық әдіспен еңбек етуге мүмкіндік туды. Бұл, әсіресе, ауыл жастарына жақсы емес пе? Теңіз кеніші игеріліп жатқан сонау жылдары Волгоград қаласынан келген бұрғылау экспедицияларының орналасқан жеріне барғанбыз. Сонда көргеніміз – басқа елдің жап-жас қыздарының еден жуып, тұрғын вагондардың арасын тазалап жүргені. Жүздерінен еш қысылыс аңғарғанымыз жоқ. «Біз секілді талай қыз осындай жұмысқа кіру үшін кезекте тұр. Мұнда не қызмет атқарып жатқанымызды ешкім де білмейді. Есесіне елімізге жақсы жалақы алып барамыз» деген-ді біреуі.

Жұмыссыздықты қалай азайтамыз?

Бүгінде жергілікті атқарушы билік, әсіресе, жастар арасындағы жұмыссыздықты азайтуға бағытталған нақты шараларды қолға алды. Мәселен, жастар тәжірибесіне қатысатын мамандардың жалақысын 60 мың теңгеге дейін көтерді. «Жасыл ел» шарасына тілек білдіргендердің айлық табысы да осындай көлемде болмақ. Әрі, облыс әкімінің тапсырмасымен оның мүшелерінің саны екі мыңға жеткізілмек. Демек, бұрынғы жылдармен салыстырғанда еселеп артпақ. Мұның бәрі жастардың қызығушылығын көтеру, оларды еңбекке ертерек баулу мақсатында қолға алынып отыр. Арнайы құрылысшылар отрядтары құрылмақ. Расында да, құрылыс колледждерін бітіргендер тәжірибені қайда жинамақ? Тек соның бәріне баруға жұлқынып отырған жастар бар ма?

Жалпы, қазіргі халықаралық ахуал сырттан келгендерден қауіп бар екенін де  көрсетеді. Ал, облыстық ішкі істер департаменті көші-қон полициясы басқармасының деректеріне сүйенсек, бүгінде Атырауда 3958 шетелдік тұрақты қоныстаныпты. Осы төрт мыңға тарта адамның бәрі іргелі жобаларға қатысушы мамандар ма, әлде араларында ретін тауып, жергілікті тіркелу құқығына ие болғандар да бар ма? Тек өткен жылы ғана 404 сырттан келген азамат осындай есепке алынған. Сонымен қатар, былтыр аймаққа 52 мыңнан аса адам келген. Еңбек мигранттарына 28272 рұқсат қағаз беріліпті. Сондай-ақ, көші-қон заңдылықтарын бұзған бес мыңдай  шетелдік әкімшілік шараға тартылған. Солардың бір мыңнан астамы елден шығарылған. Бұлардың бәрі «қонаққа келген» деген сылтаумен шекарадан бері өтіп, тұрақтап қалғандар. Оларды полиция күшімен тауып алғанша біраз уақыт өтеді. Көбіне жергілікті тұрғындардың өздері жасырады. Себебі, жұмысына жұмсап, шаруасын тындырады. Дегенмен, қолданыстағы заңдылықтарды сақтамаған келімсектерге 18 млн. теңге айыппұл салынды.

Сақтанған да артық етпейді

Қазақстан, сонымен қатар, Ресейге өтіп кетуге тырысқан Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан азаматтары үшін тиімді территория саналады. Соның ішінде Атырау – аса қолайлы аймақ. Жылыой ауданымен шектесіп жатқан Бейнеу стансасы арқылы ар жағынан келгендер бері қарай Астраханға өтіп кете алады. Ал, мұнда жұмыс табылып, күйі келісіп жатса, қалып та қояды. Мұндай мүмкіндікті заңсыз мигранттарды тасымалдаумен шұғылданған қылмыстық топ та пайдаланған. Өткен жылы Ауғанстаннан Еуродақ елдеріне адам аттандырумен айналысқан төрт қазақстандық құрықталды. Заңсыз мигранттар қатарында дәстүрлі емес діни бағытты ұстанушылар да бар. Мұндай құбылыс облыс қана емес, тұтас еліміздің қауіпсіздігіне қатер төндіреді. Демек, атыраулықтардың да сырттан келгендерге күмәнмен қарағаны жөн.

Қысқасы бүгінде қазақтардың қаржысы қарақалпақтардың қалтасында жүр. Әрине, оны олар бізден тартып алған жоқ, өзіміз беріп жатырмыз.

Өткен жылы Өзбекстан азаматтары Атыраудан еліне 750 млн. теңге аударған.

Бүгінде Атырауда 3958 шетелдік тұрақты қоныстанған.

2016 жылы көші-қон заңдылығын бұзған шетелдіктерге 18 млн. теңге айыппұл салынған.

Былтыр еңбек мигранттарына 28272 рұқсат қағаз берілген.

2016 жылы облысқа сырттан 52 мыңнан аса адам келген.

Меңдібай Сүмесінов

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз