ҚАЙРАТКЕР

Саламат Мукашев Жаңалықтар

Осыдан ширек ғасыр бұрын Қазақстан ата-бабамыз ғасырлар бойы армандаған тәуелсіздікке ие болды. Тарихи өлшеммен алғанда қысқа уақыттың ішінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың көреген әрі батыл саясатының арқасында демократиялық жолмен нарықтық қатынастар негізінде қарқынды дамып келе жатқан жаңа бейнедегі мемлекет болып қалыптасты. Қазақстан әлемдегі бәсекеге қабілетті, дамыған 50 елдің қатарынан орын алды.

Саламат Мукашев

Әрине, бұл жетістіктерді алдыңғы буын ағалардың ерен еңбегінсіз елестету қиын-ақ. Әсіресе, ХХ ғасырда адамзат баласы қарышты дамыған кезде түрлі қиыншылықтардың болғаны анық. Өткен ғасыр революция, ашаршылық, Ұлы Отан соғысы, соғыстан кейінгі қиын кезеңдер, КСРО-ның ыдырауы, КОКП-ның тарауы және Қазақстанның тәуелсіздік алуы секілді түрлі тарихи оқиғаларға толы болды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары тың өзгерістердің негізгі салмағы кеңес заманында дүниеге келіп, еңбекке араласқан әрі саяси шыңдалған аға буынға түсті. Сондықтан еліміздің экономикалық, әлеуметтік, мәдени дамуына ерекше үлес қосқан ұстаздарды  әрдайым есте ұстау бүгінгі ұрпақтың парызы.

Қазан айында еліміздің мемлекет және қоғам қайраткері Саламат Мұқашұлы Мұқашевтің туғанына 90 жыл толушы еді. С.Мұқашев 1927 жылы Гурьев (қазіргі Атырау) қаласында дүниеге келген. Фабрика-зауыттық оқуда білім алған соң Мақаттағы мұнай кәсіпорнына жер асты ұңғымаларын жөндеуші оператор жұмысына кірісті. Гурьевтегі мұнай техникумын аяқтап, елімізде тұңғыш рет өндірістік мұнай өндіру басталған Доссор мұнай кәсіпорнында бухгалтер болып еңбек жолын жалғастырды. Кейінгі екі жылда комсомол комитетінің хатшылығына сайланды. Ол өмірінің он жылын мұнайшы мамандығын меңгеруге жұмсайды. Жоғары жауапкершілік пен іскерлік және ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түскен Саламат Мұқашұлына Харьков қаласындағы (Украина) Бүкілодақтық орталық кеңестік кәсіби одақтардың екі жылдық жоғары мектебіне жолдама беріледі. Оны үздік бітіріп, елге оралды.

1951-1953 жылдары мұнай өнеркәсібі жұмысшыларының Республикалық кәсіподақ комитетінде және 1953-1954 жылдары Гурьев облыстық партия комитетінде нұсқаушы қызметтерінде болды. 1954-1961 жылдары Гурьев облыстық кәсіподақ кеңесінде хатшы және төраға лауазымдарын абыроймен атқарды.

Мен ең алғаш С.Мұқашевпен 1960 жылы Доссордағы автокөлік, трактор және мұнай жабдықтарын жөндеу зауыты ұжымының жиналысында танысқан едім. Ол 1959 жылғы өндірістік сайыста жеткен жетістіктері үшін облыстық кәсіподақ кеңесінің төрағасы ретінде ұжымға ауыспалы Қызыл туды және өндірістің алдыңғы қатарлы қызметкерлеріне грамоталарды тапсырған болатын. Солардың қатарында коммунистік еңбек екпіндісі ретінде мен де болдым.  Мен 1956-1961 жылдар аралығында аталған зауытта слесарь болып жұмыс істедім. Сол кездесуден бастап С.Мұқашевтің еңбек жолы көз алдымда болды.

С.Мұқашев 1961 жылы Гурьев облысының Жылыой аудандық партия комитетінің бірінші хатшылығына сайланды. Аудандағы мал шаруашылығы қаһарлы қыстан қатты зардап шеккен еді. Табиғаттың тосын мінезінен мал саны он жыл бұрынғы көрсеткішке төмен түсіп кетіпті. Ауыл тұрғындарының жағдайлары да мәз емес еді. Олар саз балшықтан соғылған үйлер мен жеркепеде тұрып жатты. Өнеркәсіп пен экономиканың өзге салаларында шешімін таппаған мәселелер өте көп болатын. Мұнай-газ өндіру көлемін арттырып, аудан жерінен өтетін Мақат-Маңғыстау теміржол құрылысының қордаланып қалған мәселелерін шешіп, Орта Азия – Орталық газ құбыры құрылысының түйінін тарқату керек болды. Әлеуметтік-тұрмыстық құрылыстарға баса назар аудару қажет еді. Ет, сүт және қаракөл елтірісі мен жүн тапсыру өз кезегін күтіп тұрды.

С.Мұқашев Жылыойды тоғыз жыл басқарған кезде, аудан республикалық және облыстық деңгейде алдыңғы қатарға шығып, бірнеше рет ауыспалы Қызыл туды жеңіп алды. Жоғарыда айтылған аудан көлеміндегі қиындықтар түгелге дерлік жойылды.

Мукашев2690 (2)

1970 жылдың сәуір айында Саламат Мұқашев Гурьев (қазіргі Атырау) облыстық партия комитетінің бірінші хатшылығына сайланды. 1973 жылдың наурыз айына дейін Маңғыстау өңірі Гурьев облысының құрамында болғанын, сол кезде жер көлемі 278000 шаршы шақырым екенін де айта кеткен жөн. Облыс орталығынан шығыстағы шекараға дейінгі қашықтық 2000 шақырымға жуық, ал батысқа дейін 700 шақырымға жететін. Облыс халқының саны 515 мың адам, оның 62 пайызы байырғы тұрғындар еді.

1970 жылдың тамыз айында мен Гурьев облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы және облыстық партия комитетінің бюро мүшелігіне кандидат болып сайландым. КОКП ОК жанындағы жоғары партия мектебін бітірген соң Махамбет аудандық партия комитетінде бірінші хатшы болдым. Жеті жыл қатарынан С.Мұқашевтің тікелей басшылығымен жұмыс атқарып, оның қайраткерлігі мен ақыл-кеңестеріне риза болатын едік.

Саламат Мұқашұлының бойынан жоғары деңгейдегі басшыға қажетті қасиеттің бәрі табылатын. Ұстамды, көп сөзді емес, әдепті, кісі көңіліне келу дегенді білмейтін. Стратегиялық ойлау қабілетінің арқасында басымдықтарды айқындай отырып, міндеттерді дұрыс қоятын, бастаған ісін соңына дейін жеткізетін.  Оның біреуге дауыс көтеріп, не болмаса біреуді жұмыс бабымен әділетсіз жазалағанын көрмеппін. Облыстық партия комитетінің бюросын өткізу барысында өзін ұстауы, даулы мәселелер туындаған жағдайда қарсыластарын сендіре білуі, жақсы жұмысымен көзге түскендерді көтермелеп, қателікке жол бергендерге әділ түрде шара қолдануы көпшіліктің көңілінен шығып жататын.

С.Мұқашев республикалық және одақтық басшылықтың келісімімен аймақтың жай-күйін жан-жақты терең талдау үшін Гурьев облысында арнайы жұмыс топтарын құрып, ауқымды жұмыстарды қолға алды. Маңызды тақырыптарға орай ғылыми-практикалық конференциялар өткізіп, оған одақ пен республика деңгейіндегі көрнекті ғалымдар мен мамандарды, түрлі министрліктер мен кәсіпорындардың өкілдері шақырылды. Конференция барысында қабылданған ұсыныстарда өндіріс, аграрлық, құрылыс индустриясында, денсаулық сақтау, әсіресе, мұнай-газ саласына қатысты өзекті мәселелер қамтылды. Ол құжаттар кейіннен партиялық және кеңестік ұйымдар тарапынан қабылданатын қаулылардың негізіне айналды.

Кеңестік уақыттағы жоспарлы экономика жүйесі бойынша аймақтың дамуы үшін бөлінетін қаражат алу барысында өте сенімді дәлелдер қажет болатын. С.Мұқашевтің араласуымен ондай шаруалар оң шешілетін. Ол өзіне дейінгі басшылардың бастамаларын сәтті жалғастырып, өлкенің дамуына өзгеше үлес қосты. КОКП ОК, КСРО үкіметі мен республикалық органдар тарапынан бірқатар қаулылар қабылданып, облыстың даму деңгейі арта түсті.

3

Одақтық және республикалық деңгейдегі басшылар облысқа жиі келіп, шаруашылықтардың басы-қасында болуға тырысатын. Мұндай шаралар мәселенің өзектілігіне көз жеткізіп, оң шешілуге ықпал ететін еді. Мұнай мен газ барлауының қарқыны артып, әсіресе, Маңғыстау түбегінде  жұмыс белсенді түрде жүргізілді. Бұл жұмыстар аймақты ірі отын-энергетикалық кешеніне айналдыру мақсатына сай болды.

Геологиялық барлаумен айналысатын «ҚазҒЗГБИ» және «ҚазмұнайҒЗЖИ» институттары ашылды. «Қазмұнайбарлау» басқармасы Ақтөбе қаласынан Гурьевке көшірілді. Нәтижесінде геологиялық барлау жұмыстары жандана түсті. Облыста «Ембімұнайгеофизика», «Ембімұнайқұрылыс» трестері құрылды. Ондаған мұнай кен орындары ашылып, Ембі мен Маңғыстау кәсіпорындарының еңбек өнімділігі арта түсті. Бір ғана 1972 жылы 20 миллион тоннадан астам мұнай өндірілді.

Ұзындығы 711 шақырым және диаметрі бір метрге жететін Өзен – Гурьев – Куйбышев (Самара) мұнай құбырының екінші кезеңі пайдалануға беріліп, Маңғыстау мұнайының алғашқы тоннасы тұтынушыларға жеткізілді. Жаңаөзендегі газ өңдеу зауытының бірінші блогының және Теңге кәсіпорнының газ өнімдері тасымалдана бастады. Ал Өзен кен орнынан өндірілетін мұнайдың құрамында парафин көп болғандықтан, ол 30-35 градус жылулықта қоюланады. Осыған байланысты, жер қойнауынан мұнайды мейлінше көп өндіру мақсатында теңіз суын 100 градусқа дейін қыздырып, оны 100 атмосфералық қысыммен беретін қондырғы іске қосылды.

Азот зауытында азот қышқылының алғашқы тоннасы алынып, Шевченко (қазіргі Ақтау) қаласында жылдам нейтрондағы өндірістік БН-350 реакторы іске қосылды, 3000 нөмірден тұратын қалалық АТС пайдалануға берілді. Шевченко қаласындағы әуежайға ИЛ-18 жолаушылар ұшағы алғаш рет қонды, жаңа ет комбинаты іске қосылып, тоғыз қабатты «Ақтау» қонақ үйінің құрылысы аяқталды. Сондай-ақ осы кезде қалалық телеарна мен радиостанса өз жұмысын бастап, Қазақ ССР Ғылым Академиясының стационарлық ботаникалық экспедициясының базасында Маңғыстау тәжірибелік бағы ашылды.

Шевченко қаласымен қатар, Жаңаөзен, Ералы, Жетыбай, Форт Шевченко және басқа да елді  мекендер жедел дамып келе жатты. Тұрғын үйлер, ауруханалар, мектептер тағы басқа да әлеуметтік ғимараттар салынды. Экономика көлемі және де елді мекендегі тұрғындар санының қарқынды артуы әрі облыс аумағының кеңдігі, оның қолайлы басқаруына қиындық туғызғандықтан  С.Мұқашев алқалы жиындарда Маңғыстау облысын құру туралы мәселені бірнеше мәрте көтерген еді.

1973 жылғы 20 наурызда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының жарлығы бойынша Гурьев облысын бөлу нәтижесінде жаңа Маңғыстау облысы құрылды.

КОКП Орталық комитеті, КСРО үкіметі және де республика ұйымдарының қаулыларын жүзеге асыру барысында жеті жыл ішінде Гурьев облысында қыруар жұмыстар атқарылды. 333 шақырым Гурьев-Астрахань темір жолы салынып, пайдалануға берілді, Гурьев-2 стансасында 500 адамдық вокзал іске қосылды. Облыс аумағындағы темір жолдың жалпы ұзындығы 1742 шақырымға дейін жетті.

(2)

Бозаң – Шортанбай – Ганюшкин, Құлсары – Шевченко, Индер – Калмаков, Миялы – Ойыл электр желілері іске қосылды. Ұзындығы 365 шақырымды құрайтын Гурьев – Мақат – Құлсары – Қаратон – Сарықамыс су құбыры салынып, пайдалануға берілді. Химиялық зауытта жылына 5 мың тонна этилен, 3 мың тонна полиэтилен өндіретін жаңа цехтар жұмыс істей бастады. Мұнай өңдеу  зауытында жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Ас үй ыдыстары мен тұрмыстық техника шығаратын өндіріс орындары ашылды.

Қуаты 24 мың тоннаға жететін элеватор мен нан комбинаты салынып, пайдалануға берілді. Тәулігіне 240 тонна ұн өндіретін диірмен кешенінде астық тазалау, ұсақтау мен бөлу қондырғылары, ұн және кебек сақтайтын шанақтар бар еді. 40 мың тауық өсірілетін құс фабрикасы іске қосылды. Облыста Қазақ КСР-і Су ресурстары министрлігінің Суару жүйелерінің жаңа басқармасы құрылды, Батыс Қазақстандағы Суландыру жобалау-іздестіру институтының ғимараты пайдалануға берілді, тұрақты түрде жұмыс істейтін аймақтық ауыл шаруашылығы көрмесі ашылды.

Жергілікті өнеркәсіп министрлігінің дирекциясы ұйымдастырылды, оның құрамында металдық емес материалдар комбинаты да бар еді. Республикалық коммуналдық шаруашылық министрлігінің Жөндеу-құрылыс тресі мен Автомобиль жолдары министрлігінің тресі жаңадан құрылды. Сондай-ақ  республикалық Онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты мен Өкпе аурулары ғылыми-зерттеу институтының Гурьев облыстық бөлімшелері ашылды.

«Қарабатан» деген жерде шығатын емдік балшықты қолданатын санаторий-профилакторий, теміржол жұмысшыларының балаларына арналған 300 орындық пионер лагері және аурухана кешені ашылды. Сонымен қатар 810 орындық облыстық драма театрының ғимараты, облыстық кітапхана, тоғыз қабатты қонақ үй салынды.

Политехникалық, темір жол, ауылшаруашылық техникумдарының, сондай-ақ мәдени ағарту, музыкалық және медициналық училищелерінің ғимараттары салынды.

С.Мұқашев басқарған жеті жыл ішінде Гурьев облысының өнеркәсіп өнімі 2 млрд. 100 миллион сомды құрады, 2 млрд. 500 миллион сомнан астам қаражат құрылыста игерілді, 1140 мың шаршы метр тұрғын үйлер салынды. 23 орта мектеп, 5920 орынға мектепке дейінгі балаларды дайындайтын мекемелер, 700 төсек орындық аурухана және де көптеген басқа ғимараттар бой көтерді.

Ауыл шаруашылығы саласының қызметкерлері 245 мың тонна ет, 182 мың тонна сүт, 132 миллион дана жұмыртқа, 24 мың тонна жүн, 350 мың тонна көкөніс өндірді. Денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және де спорт салалары қарқынды дамыды.  1974-1975 жылдары облыс экономикалық және әлеуметтік жетістіктері мен жылдық және бес жылдық жоспарларын табысты іске асырған үшін республикалық ауыспалы Қызыл туымен марапатталды. 1976 жылдың қорытындысы бойынша Гурьев облысы өнеркәсібінің көлемі 1972 жылғы, яғни Маңғыстау аймағы құрамында болған деңгейге дейін өсті.

1977 жылы С.Мұқашев Қазақ Республикасы Кәсіподақтар кеңесінің төрағасы болып сайланды. Осы лауазымда үш жыл бойы нәтижелі жұмыс атқарып, бұқаралық және кәсіподақ қозғалысының тиімділігін дамытуға қомақты үлес қосты. Бұл туралы сол кезде баспасөзде жан-жақты жазылды. Ал 1980 жылы маусым айында С.Мұқашев Маңғыстау облысының партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. Ол Маңғыстау аймағы әлі бөлінбеген Гурьев облысының басшысы болған кездегі жобалар мен алғашқы қадамдар ретінде болған кен игеру, кәсіпорындар құру, қалалар мен елді мекендердің сәулеттік келбетінің өзгерістері туралы бағдарламалары  жүзеге асқан нәтижелері мен  жетістіктерінің жемісін көрді.

Бес жыл ішінде (1980-1985 жылдарда) С.Мұқашевтің басқаруымен Маңғыстау облысында көптеген игі істер атқарылды. Алғашқы игеріле бастаған кезден бері кен орындарынан 200 миллион тонна мұнай өндіруіне байланысты салтанатты іс-шаралар өткізілді. Осы кезеңде 6 миллион метрлік тау жыныстары бұрғыланды. 4 мыңға жуық мұнай және газ ұңғыларының құрылысы аяқталды, 12 жаңа кен орындарын әзірлеу жоспары енгізілді.

Қазақстанда алғаш рет «Омега» электрондық кешендерінің желісі іске қосылды. Маңғыстау атом энергетикасы комбинатының теңіз суын тұшытатын сегізінші қондырғысынан алынған дистилденген ауыз су облыс орталығына жіберілді. Жаңа қалалық аэрокешені құрылды, «Ту-154» ұшақтарының тұрақты рейстері басталды, қалалық сүт зауыты іске қосылды.

Осы жылдар ішіндегі өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 2300 миллион сомды құраған болатын. 80 миллион тоннадан артық мұнай, 12500 миллион текше метр табиғи газ, 68 мың тоннаға жуық пластмасса, 800 миллион тонна қабырға құрылысы материалдары, 92 мың текше метр темір-бетон конструкциялары және олардың бөліктері өндірілді.

1595 миллион сом көлеміндегі инвестиция игерілді. 275 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт саласында ондаған ғимараттар мен жүздеген шақырым жолдар және коммуникациялар салынған.

Мал шаруашылығы өнімдерін мемлекеттік сатып алу ұлғайды, ет 42,7 мың тонна, сүт 5,5 мың тонна, жұмыртқа  250 миллион дана, жүн 6,0 мың тонна, 1250 мың дана қаракөл елтірісі өндірілді. Құрылғаннан бері 12 жылдың ішінде облыс еліміздің ең қарқынды дамып келе жатқан аймақтың біріне  айналды.

1985 жылы Маңғыстау облысы мемлекеттік жоспарын табысты жүзеге асырған үшін КОКП ОК, КСРО Министрлер Кеңесінің, Кәсіподақ және Комсомол Орталық комитетінің ауыспалы Қызыл туына ие болды. 1985 жылы қыркүйек айында С.Мұқашев Жоғарғы Кеңесі Президиумының Төрағасы болып сайланып, 1988 жылдың ақпан айына дейін осы жауапты жұмысты мінсіз атқарды. 1985 жылы наурыз айында сайланған КОКП Орталық Комитетінің Бас хатшысы М.Горбачевтың жүргізген саясатына байланысты Кеңес Одағында және оның құрамында болған мемлекеттердің жағдайы күрт өзгерді. С.Мұқашев  республикамызда болған сол қиын кезеңде өзгерістердің нақ ортасында болды.

Ол ұзақ жылдар бойы басқарушы лауазымда болған кезде көптеген жас мамандарға өмірлік жолдама берді, ұйымдастыру мен басқара білуге тәрбиеледі. Жетекші кадрларды іріктеу, орналастыру және тәрбиелеу мәселелерін үнемі назарында ұстап, олардың көпшілігінен жоғары дәрежелі басшылар шыққанына куә болды.

С.Мұқашев КОКП Орталық Комитетінің (1986-89 жылдары) және ҚКП Орталық Комитетінің (1970-1989 жылдары) мүшесі, КСРО VIII-XI шақырылымдағы Жоғарғы Кеңес және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі VII-XI  шақырылымының депутаты болып сайланды. Төрт рет «Еңбек Қызыл Ту», екі рет «Құрмет Белгісі», «Құрмет» (1999 жылы) ордендерімен марапатталды. Атырау, Ақтау қалаларының, Жылыой, Түпқараған аудандарының құрметті азаматы және жеті кітаптың авторы атанды.

Саламат Мұқашұлы зайыбы Мария Сәлімгерейқызы екеуі жеті ұл-қыз өсірген, олар тиісті білім алып, қазіргі таңда өздері таңдаған мамандықтары бойынша еңбек атқарып жүр.

Қайраткер, ойшыл, тәлімгер, стратег және отаншыл азаматтың жүрегі тоқтағанына 13 жыл өтсе де үзеңгілес азаматтар мен әріптестері, ағайын-туыстары абзал жанды естен шығарған  емес. С.Мұқашевтің есімі ұрпақтардың жадында сақталатындығында күмән жоқ.

«Егемен Қазақстан»,

2 қазан, 2017 жыл.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз