АЯЛАСАҢ, ТАБИҒАТТЫ АЯЛА!

«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жариялаған мәліметіне сай, адамның өмір жасы төрт факторға байланысты. Оның елу пайызы адамның өзіне, яғни өмірлік салты, салауатты өмірді ұстануына қарай, 25 пайызы экологияға, қоршаған ортаға орай қалыптасады екен. 15 пайызы генетиканың, 10 пайызы медицинаның үлесіне тиесілі болып келеді. Сондықтан, экологтардың, қоршаған ортаны қорғаушылардың жұмысын, функциялық міндетін адам өміріне байланысты сараласақ, медицина саласы мамандарынан да жоғары. Осы орайда сала мамандарының атқарып отырған міндеттері аса ауыр, әрі жауапты. Оның ішінде Атырау облысы сияқты өндірісі қарқын алған, мұнай-газ кәсіпорындары кең таралған аймақ үшін экологияның орны әрқашан жоғары болып қала бермек». 5 маусым - Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау және Экологтар күніне орай өткізілген салтанатты жиында осылай деп атап айтылды.

Жалпы, экологияның адам өміріндегі маңызы орасан. Ортақ үйіміз, тұтастай әлемнің тазалығы – өз қолымызда. Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы Жарлығымен осы күн экологтардың салалық мерекесі болып белгіленген. Бұл Елбасының сөзімен айтқанда, қоршаған ортаның ластануына жол бермеу, табиғатты қорғау, болашақ ұрпаққа тарихи мұра мен табиғи байлықтарды сақтап жеткізу баршамыздың борышымыз деп түсінуіміз қажет.

Қоршаған ортаны қорғау және жақсарту жөніндегі әрекеттердің мақсаты адамдардың салауатты және сенімді ортада өмір сүруін қамтамасыз ету болып табылады. Табиғи таза орта үшін тер төгіп отырған қоршаған ортаны қорғау қызметкерлері соңғы үш жылда облыс бюджеті есебінен 71-ден аса маңызды табиғат қорғау шараларын атқарып, ірі табиғат пайдаланушылары өткен жылдың өзінде 60 млрд. теңге қаражатты игерген. Сондай-ақ, өңірімізде биылдың өзінде 20 мың түп ағаш отырғызылды. Оны отырғызудың өзі айтарлықтай маңызды қадам болса, жас талдарды әрі қарай күтіп-баптап, мәуелі бәйтерекке айналдыру да – аса жауапты жұмыс. Сайып келгенде, бұл – экологтардың ғана емес, тұтастай қоғамның атсалысуын қажет ететін іс-шаралар.

Салтанатты шарада кәсіби мереке иелерін Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің атынан құттықтаған аймақ басшысының орынбасары Шыңғыс Мұқан атаулы күннің құрметіне орай, қоршаған ортаны қорғаудың мемлекеттік жүйесінде белсенді және табысты жұмысы, оның нығаюына қосқан үлесі мен жоғары кәсіби біліктілігі үшін бір топ сала қызметкерін облыс әкімінің Алғыс хатымен марапаттады.

Сол секілді табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының міндетін атқарушы Орақ Бисембиев те мереке иелері, әріптестеріне шынайы лебізін білдіріп, аталған басқарма басшысының Алғыс хатына лайықты қызметкерлерге марапаттарын табыстады.

Айта кетелік, 5 маусым – Қоршаған ортаны қорғау күнін дүниежүзілік мейрам ретінде атап өту туралы шешім 1972 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының отырысында қабылданған. Салтанатты жиында сөз алған Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитеті Атырау облысы бойынша экология департаментінің басшысы Ербол Қуанов саланың әрі қарай қарыштап дамуы жолында атқарылар істің аз еместігін айта келіп, ҚР Қоршаған орта және су ресурстары министрінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын бір топ сала мамандарына тапсырды.

Табиғатты аялау және қорғауға бағытталған экологиялық тәрбиені сіңіру, қоғамның қоршаған ортаға деген жауапкершілігін күшейту мақсатында өткізілген әлеуметтік бейнероликтер байқауының жеңімпаздары да осы шара барысында өз жүлделеріне қол жеткізді. Сондай-ақ, аймақтың табиғи тыныс-тіршілігін кеңінен насихаттап, таныстыру бағытындағы облыстық білім беру мекемелерінің 1-9 сынып оқушылары арасында «Қалдықтардың екінші өмірі» атты қолдан жасалған бұйымдар конкурсы мен «Табиғат – сенің үйің» тақырыбындағы облыстық жас суретшілер арасындағы сайыс жүлдегерлері де бағалы сыйлықтармен марапатталды. Аталған сайыстарда бағын сынаған жас өнерпаз-шеберлердің қолынан шыққан көздің жауын алар туындылары шара барысында жиналғандар назарына ұсынылып, мерекелік күннің маңызды атрибутына айналса, жиын соңы сазды бағдарламаға ұласып, жиналғандарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Гүлжан ӘМІРОВА.
Суреттерді түсірген
Ерлан Алтыбаев.
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз