АУЫЗ СУ: Тариф қаншаға төмендеді?

assets images resources 2718 atyirau su arnasyi predlagaet online schetchiki Жаңалықтар

Аtr.kz/9 мамыр, 2020 жыл. Карантин кезінде тұтынушыларды ауыз сумен жабдықтаушы «Атырау облысы су арнасы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны қызметін оңтайлы ұйымдастыруда.

Кәсіпорын директорының орынбасары Нұрлан Мұхтаровтың айтуынша, мұндағы қызметкерлердің басым бөлігі жұмыстарын штаттық режимде жалғастыруда. Атап айтқанда, жұмыс күндері су құбырлары бойынша 6 және канализация желісінде 9 бригада тұрақты жұмыс жасауда. Ал, демалыс күндері бұл міндет қос-қостан 4 бригадаға жүктеліп отыр.Одан бөлек, вакуум-автокөліктер бригадалармен бірге тәулік бойы кезекшілікте болады.

Нақтылай кетсек, тұрақты жұмысқа тартылғандардың қатарында жөндеу бригадалары, диспетчерлер, лаборанттар мен жүргізушілер бар. Төтенше жағдайдың жариялануымен байланысты, наурыз айының 30-ынан бастап барлық филиалдар мен төлем қабылдау бекеттері, сондай-ақ бақылаушылар қашықтан жұмыс істеу режиміне көшірілді.

Сол себепті, есептегіш құрылғылардағы көрсеткіштер ұялы телефонмен (WnatsApp желісімен) алынып, ақысы мобильді қосымшаның көмегімен немесе терминалдар арқылы төленеді. Дегенмен, бұл тәсіл кәсіпорын қызметкерлері үшін оңтайлы саналғанымен, тұтынушылардың бәрі бірдей түсіністік таныта бермейді. Есептегіштердің көрсеткіштерін сұраған уақытында жібере қоймайды. Оның үстіне келіп тұрған коммуналдық төлемдердің өзін де төлеуге асықпайды.

–Қазіргі уақытта «Атырау облысы су арнасы» КМК-ның 135 бақылаушысы өздеріне бекітілген учаскелердегі жұмыстарын жүргізуде. Абоненттердің солармен байланыс
жасап, қызмет көрсетушілердің өтінішіне көңіл бөліп, жауапкершілікпен қарауын сұраймыз. Одан бөлек, сумен жабдықтау құбырына жаңадан қосылған тұтынушылар үшін техникалық шарт алуға өтінімдер: 8701374 5656, есептегіш құрылғы көрсеткіштері: 8701-348 2887 және апатты жағдайларға байланысты хабарламалар: 8707-953 8903 нөмірлі ұялы телефондары арқылы қабылданатынын қаперге береміз, – деді кәсіпорын басшысының орынбасары.

Оның түсіндіруінше, мұның өзі тұтынушылардың үйлерінен шықпай-ақ, өтінімдері мен хабарламаларын көрсетілген телефондармен немесе әлеуметтік желілер және мекеме сайтының көмегіне жүгіну жолымен жолдай алатынын білдіреді. Ал, заңды тұлғалардан көрсетілген қызмет төлемақылары «Касса 24» терминалдарында және «Kaspi. kz» бөлімшелерінде қабылданады. Бұл жөнінде қажетті ақпараттарды іздестіру үшін қолданыстағы келісім-шарттың нөмірі заңды тұлғаның немесе мекеменің атауы мен банктік бірдейлендіру нөмірі (БИН) көрсетілуі тиіс.

Мемлекет басшысының тапсырмасында атап көрсетілгеніндей, биылғы 1 сәуір – 30 маусым аралығында облыстағы барлық табиғи монополия субъектілерінде, соның ішінде «Атырау облысы су арнасы» кәсіпорны бойынша да коммуналдық қызмет тарифтері 10 пайызға төмендетілді. Осылайша, сумен жабдықтау тарифі (бір текше метріне) – 93,37-ден 83,37 теңгеге, канализация қызметіне – 32-ден 28,8 теңгеге азайтылып отыр. Сонымен бірге, жеке секторда ағаш көшеттері мен баубақшаны суаруға қолданылатын су құбырына бөлек есептегіш орнату мәселесіне қатысты сәйкесінше түсінік берілді.

Дәулетқали АРУЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз