АУЫЛ КӘСІПКЕРЛЕРІ НЕГЕ АЛАҢДАЙДЫ?

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Жылыой аудандық филиалының  мамандары Қосшағыл ауылдық округіне қарасты кәсіпкерлермен және шаруа қожалықтары жетекшілерімен кездесу өткізді. Оларды толғандырып жүрген селолық бизнесті дамытуға қатысты мәселелер бойынша туындаған көптеген сауалдарға жауап берді.

 

Кездесуде алдымен ұлттық кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының маманы Е.Нұрланов «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасының екінші бағытын және «Агробизнес – 2020» бағдарламасын таныстыру бойынша түсінік жұмыстарын жүргізді. Менеджер-кеңесші М.Бахуов кәсіпкерлерге палата жанынан тегін сервистік қолдау, атап айтқанда, бухгалтерлік және салықтық есепті жүргізуге, сондай-ақ статистикалық есептілікті жасауға байланысты қызметтер көрсетілетіні туралы ақпарат берді.

Бұдан кейін ауыл кәсіпкерлері М.Оңайбаева, Т.Әділғазиев, тағы басқалар өздерін мазалаған сауалдарына нақты жауабын алды. Мәлім болғанындай, «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы тікелей қаржыландыру үшін «Құлан» бағдарламасы арқылы 4,5 млн. теңге, «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 8,5 млн. теңге, «Алтын асық» бағдарламасы бойынша 5 млн. теңгеден бастап қаражат алуға мүмкіндік бар. Ал, одан төмен қаражатты «Қаржыгер» несие серіктестігі арқылы алуға болады.

Ауылда жергілікті шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлер үшін су мәселесі күрделі күйінде қалып отыр. Осы тұста «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлер палатасы жанынан қандай көмек болады?» деген тағы бір сауал туындады. Бұдан басқа, айналым қаражатын толықтыруға байланысты да нақты түсінік берілді.

Жиында, сонымен қатар, кәсіпкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғауға байланысты жұмыстар да жүргізілетіні атап айтылды.

Қосшағыл ауылдық округі әкімі А.Ідірісов селолық бизнесті дамытуға қатысты бұл іс-шараның өткізілуі екі жаққа да пайдалы болғандығын айтып, осы тақырыптағы кездесу жиыны алдағы уақытта да жалғасын таба беретініне сенім білдірді.

Қаржау ОРАЗБАЕВ,

меншікті тілшіміз,

Жылыой ауданы.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз