
Атыраулық волонтерлер халықаралық сыйлықтың жеңімпаздары атанды
5 желтоқсан – Халықаралық волонтерлер күніне орай Астанада «Жыл волонтері» халықаралық сыйлығының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Биылғы таңдаулы волонтерлер қатарында Атырау өңірінің де белсенді жастары мен қоғамдық ұйым өкілдері бар.

Күміс волонтер Алмас Есенғалиев, «Жүректен жүрекке» қоғамдық қорының әлеуметтік жобалар жетекшісі Рысты Жексенбаева және «Jana Jastar» волонтерлік ұйымының төрағасы Нұртас Айтқалиев түрлі бағыттар бойынша үздік деп танылды.

Алмас Есенғалиев «Салауатты өмір салтын насихаттауға белсенді қатысқаны үшін» номинациясында жеңімпаз атанса, Рысты Жексенбаева «Корпоративтік волонтерлік көшбасшысы» номинациясы бойынша марапатталды. Ал Нұртас Айтқалиев «Жануарлар жанашыры» аталымында жылдың үздік волонтері ретінде танылды.

Іс-шара ұйымдастырушылары волонтерлердің қоғамға қосқан үлесі мен белсенділігін атап өтіп, олардың атқарып жүрген жұмысы ел дамуына маңызды серпін беретінін жеткізді.
Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ



