Жарнама
Жаңалықтар

Атыраулық педагог «Құрмет» орденімен марапатталды

Ұстаздар күні қарсаңында Атырау облыстық арнайы мектеп-интернатының директоры, педагог-зерттеуші, педагог-психолог, Ресей Федерациясының Оңтүстік федералды университетінің (Ростов-на-Дону) магистрі Ләззат Төлепова Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан «Құрмет» орденімен марапатталды.

Білім саласында 33 жылдық тәжірибесі бар Ләззат Жайшылыққызы еңбек жолын 1992 жылы Атырау қаласындағы Ғ.Мүсірепов атындағы №5 орта мектебінде педагог-психолог болып бастады. Кейіннен облыстық балаларды оңалту орталығы директорының орынбасары, қалалық білім бөлімінің әдіскер педагог-психологы секілді жауапты қызметтерді атқарды. 2021 жылдың қыркүйек айынан бастап «Атырау облыстық арнайы мектеп-интернаты» КММ директоры қызметін абыроймен атқарып келеді. Ол – тәжірибелі бірінші санатты басшы, педагог-зерттеуші, психолог, дефектолог-олигофренопедагог.

Кәсіби жетістіктерінің қатарында Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің Алғыс хаты, «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісі, сондай-ақ Атырау облысы Әдістемелік кабинетінің ұйымдастыруымен өткен «Үздік әдіскер – 2021» байқауының Бас жүлдесі бар. Сонымен бірге Ләззат Төлепованың ғылыми мақалалары республикалық басылымдар мен жинақтарда жарияланған, бірнеше қолданбалы курстардың авторы.

Оның басшылығымен 2022–2025 жылдар аралығында мектеп-интернаттың материалдық-техникалық базасы жаңартылып, заманауи физика, химия, биология, тарих, география, дене тәрбиесі, бейнелеу өнері, музыка және технология пәні кабинеттері толық жабдықталды. Логопед кабинеті мен сенсорлық бөлме жаңа оқу құралдарымен қамтамасыз етілді, мектеп жатақханасы жиһазбен толық жаңартылды. Бұл жұмыстар ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың сапалы білім алуына барынша жағдай жасауға бағытталды.

– Бұл марапат – ең алдымен ұжым еңбегінің бағалануы. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қоғамға бейімдеу – үлкен жауапкершілікті талап ететін сала. Осылайша еңбегіміздің еленгені – мен үшін зор қуаныш. Бұл кәсіби қызметіме деген құштарлықты одан әрі оятып, жаңа ізденістерге жол бастайды. Жас мамандарға айтарым – шәкірттің жүрегіне жол тауып, білім нәрін себе білу – болашаққа салынған ең үлкен инвестиция. Осы жолда әр педагог табандылықпен еңбек ете берсін дегім келеді. Барша ұстаз қауымын келе жатқан кәсіби мерекемен құттықтаймын, – деді Ләззат Жайшылыққызы.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button