Жарнама
Жаңалықтар

Атыраулық параволейболшылар ел Кубогын жеңіп алды

Тараз қаласында волейболды отырып ойнаудан Қазақстан Республикасының Кубогі мәресіне жетті. Елдің үздік командалары бас қосқан додада Атырау облысының спортшылары тағы да өз мықтылығын дәлелдеді. Жарыс нәтижесінде Атырау-1 командасы алтын жүлдені жеңіп алса, Атырау-2 командасы қола медальға қол жеткізді. Биылғы маусымды жарқын жеңіспен түйіндеген спортшыларды бүгін Атырау халықаралық әуежайында жанкүйерлер мен жақындары салтанатты түрде қарсы алды. Сайысқа барлығы 9 команда қатысып, бәсеке жоғары деңгейде өткен болатын.

Атыраулық волейболшылардың бұл жетістігі биылғы табысты маусымның заңды жалғасы. Команда биыл Азия чемпионатының алтынын жеңіп, Спартакиадада топ жарып, Әлем Кубогында қола медаль иеленген еді. Енді оған ҚР Кубогының алтын және қола жүлделері қосылды. Бас жаттықтырушы Бауыржан Тахауов осы маусымдағы нәтижелерді қорытындылай келе, атқарылған жұмыстардың маңызын атап өтті.

e5fbbcbc b42b 421d 964f be7ad3e254f1


– Бұл жеңіс – жүйелі дайындық пен бірліктің жемісі. Енді Паралимпиадаға дайындықты бастаймыз. Командалық спорт түрінен Қазақстан бойынша әлемдік деңгейге шыққан жалғыз команда болып тұрмыз. Командада тәртіп, дайындық, жеңіске деген жігер бар. Атырау облысының спортшылары бүгінде ұлттық құраманың негізін құрап отыр. Бұл өңір спортының деңгейін көрсетеді. Алдымызда Қытайдағы әлем чемпионаты мен Жапониядағы Паразия ойындары бар. Ең үлкен мақсат – 2028 жылы АҚШ-та өтетін Паралимпиадаға лицензия алып, Қазақстанның атын тағы әлемге әйгілеу. Қазақстан Кубогының бірінші туры Атырауда өтті, екінші туры Таразда ұйымдастырылды. Облыстың екі командасы да үздік нәтижеге қол жеткізді. Биылғы маусымды лайықты қорытындыладық. Бұйырса жақын күндері шетелдік компания командаға автобус сыйлағалы жатыр. Бұл да үлкен қолдау, дейді команданың өкілдері, — деді ол.

cfaf04ed 847d 443b 8d48 a244a2547512


Сондай-ақ бас жаттықтырушы волейболды отырып ойнау түрінің дамуына Қазақстан Параволейбол федерациясының президенті Дүйсенбай Тұрғанов та айрықша үлес қосып келетінін айтты. Ол демеушілер тартып, жарыстардың ұйымдастырылуына қолдау көрсетіп, өңірлерде волейболды отырып ойнау түрінің дамуына тұрақты түрде ықпал етіп отыр. Оның бастамасы мен қолдауы параспорттың кеңеюіне, жас спортшылардың мүмкіндік алуына және ұлттық құраманың қалыптасуына тың серпін бергенін айтады.
Осылайша ұлттық құраманың әлемдік рейтингтегі нәтижелер де көңіл қуантады. Қазіргі көрсеткіш бойынша Қазақстан құрамасы 78 команданың ішінде алғашқы бестікке енген.

Қазақстан ұлттық құрамасының аға жаттықтырушысы Ернар Матеуов та Атырау командасының жетістігін жоғары бағалады.

– Атырау – волейболды отырып ойнау түрінің локомотиві. Мұнда жүйелі бапкерлік мектеп қалыптасқан, спортшыларға жағдай жасалған. Бүгінгі жеңіс – бір күннің нәтижесі емес, жылдар бойғы еңбектің жемісі. Атырау спортшылары ұлттық құраманың негізгі күшіне айналды. Біз енді халықаралық деңгейдегі сындарға тыңғылықты дайындаламыз. Бұл жетістіктер – біздің жеңісті жолдың басы ғана, — деді ол.

Атырау пара спорты соңғы жылдары тұрақты дамып, ел спортына серпін беріп келеді. Жеңімпаздар енді келесі маусымға дайындықты бастайды.

Алмас ҚАБДОЛ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button