Атыраулық оқушының инновациялық жобасы үздік атанды
Атырау қаласындағы ІТ мектеп-лицейдің Х сынып оқушысы Нұрай Ашетова Республика күні қарсаңында өткізілген қалалық ғылыми жобалар сайысында І орынға ие болды.

Жетекшісі Гүлфара Сағынғалиқызымен бірге жасаған зерттеу жұмысы «Мектеп пәндерін оқуға көмектесетін ЖИ элементтері бар чат-бот құру» тақырыбында ұсынылды. Жоба қазіргі білім беру үрдісіндегі ең өзекті бағыттардың бірі — жасанды интеллектіні оқу процесіне енгізу мәселесін қамтиды.

Нұрай әзірлеген чат-бот оқушылардың жазбаша жұмыстарындағы қателерді анықтап, оларды түзетуге бағыт-бағдар береді. Бұл құрал оқушылардың өзіндік талдау дағдысын қалыптастырып, оқу үдерісін жеңілдетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, чат-бот пән мұғалімдеріне де оқушылардың оқу деңгейін жылдам бағалап, тиімді кері байланыс орнатуға жәрдемдеседі.
Жетекшісі Гүлфара Сағынғалиқызының айтуынша, бұл жоба – ІТ бағытындағы білімді тәжірибемен ұштастырудың нақты үлгісі.
-Нұрай жасанды интеллект құралдарын қолдануды өз бетімен меңгеріп, оны оқу процесіне бейімдеді. Бұл жоба – жас буынның технологиялық сауаттылығы мен шығармашылық қабілетінің нәтижесі. Нұрай қазіргі заман талабына сай ЖИ элементтерін терең меңгерген жас таланттардың бірі. Оның цифрландыру бағытына қызығушылығы өте жоғары. Болашақта шәкіртімнен бұдан да үлкен жетістіктер күтемін, – дейді ұстазы.
Білім мен технологияның тоғысқан қазіргі таңда жасанды интеллектіні білім беру жүйесіне енгізу – әлемдік тренд. Ал Нұрай Ашетованың бұл бастамасы жаңа буынды цифрлық сауаттылыққа баулып, олардың бұл бағытқа қызығушылығын қалыптастыру ісіне қосылған үлес саналады.
Оқушы мен жетекшісінің еңбегі сарапшылар тарапынан жоғары бағаланып, жоба қалалық кезеңде І орынға лайық деп танылды. Алдағы уақытта бұл жұмыс облыстық деңгейдегі ғылыми жобалар байқауына ұсынылмақ.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

