Атыраулық белсенді Рауан Тұрғантаевтың Бауыржан Байбекпен не себепті кездесе алмағаны белгілі болды

0 11 Жаңалықтар

 Әлеуметтік желіде Атырау қалалық мүгедектер қоғамының өкілі Рауан Тұрғантаевтың  «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбекпен кездесе алмағандығы туралы пост жарияланды.

«Шын мәнінде, Атырау облысына жұмыс сапарымен келген»Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек жергілікті параолимпиадашылармен тақырыптық кездесу ұйымдастырған болатын» деп хабарлайды Atr.kz.

«Партияның облыстық филиалы  ғимаратында өткен кездесуге 24 параспортшы қатысты. Пандемияға байланысты, Атырау облысы «қызыл аймаққа» енгендіктен, бізге әр адамның қауіпсіздігі маңызды. Оның үстіне, параспортшылар мүмкіндігі шектеулі азаматтар болғандықтан, қатерлі инфекция жұқтыру қаупі де жоғары. Сол себепті, бұл азаматтар екі күн бұрын ПТР тест  тапсырып, оның нәтижесі теріс шыққаннан кейін ғана кездесуге келіп отыр. Ал, Рауан Тұрғантаевтың қолында ПТР тест анықтамасы болмауы себепті кездесуге жіберілмеді. Өйткені, біз кездесуге қатысып отырған әр спортшының денсаулығын а жауаптымыз» деп түсінік берді «Nur Otan» партиясы Атырау облыстық филиалы төрағасының орынбасары Арман Азаматов.

Білгеніміздей, Рауан Тұрғантаев партияға үміткер Дүйсенбай Тұрғановпен кездесу үшін келген. Және қабылдауда болып, мәселелерімен бөліскен.

Қабылдау аяқталған соң, ол параспортшылармен шара өткізіп жатқан «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбекпен кездескісі келген.

Алайда, ең  алдымен мүмкіндігі шектеулі спортшылардың қауіпсіздігі үшін, залға ПТР сынамасы жоқ адам кіргізілмеген.

Айта кету керек,  Рауан Тұрғантаев көтеріп жүрген мәселелер әр кез назарда.

«Nur Otan» партиясының жергілікті филиалының мәліметінше, жақында Рауан Тұрғантаевқа баспана берілді. Өзге де ол көтеріп  жүрген мәселелер  ретімен шешімін табуда.

Бұл – партияның мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін
кедергісіз қоғам құруда нақты істер жасап жатқанын көрсетеді.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз