«АТЫРАУДЫҢ МАРЖАН ҚЫЗЫ МӘДИНА»

Бұл күндері еліне елеулі, халқына қалаулы жан – қоғам қайраткері, тарих ғылымдарының кандидаты, республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер, Атырау облысы мен Махамбет ауданының Құрметті азаматы Мәдина Ғабдысәлімқызы өзінің  мерейлі сексен жасын атап өтуде.

 Мерей тасыған сәт

Мерейтой шаралары Мәдина Ғабдысәлімқызының өзі дүниеге келген Махамбет ауданынан бастау алды. «Өлі жебемей, тірі байымайды» демекші, мерейгер  ең алдымен, аудан орталығындағы мешітке барып, ата-бабасы мен өмірге әкелген анасы – Файрузаның рухына тағзым етті.

Аудандық мәдениет үйінде «Атыраудың маржан қызы Мәдина» деген тақырыппен өткен шарада Махамбет ауданы әкімі Ерлан Жаңабаев, аудандық мәслихат хатшысы Асқар Құрманбаев, қоғам қайраткері Рәшила Мүрсәлиева, кәсіподақ саласының ардагері Зайдолла Қожағалиев, ауданның Құрметті азаматы Мәндірғали Оразғалиевтар сөз алып, ардагердің өнегелі өмірі мен үлгі тұтар қызметіне тоқталды. Айталық, М.Ғабдысәлімқызының комсомол, партия, кәсіподақ қызметіне сіңірген өлшеусіз еңбегі, жастарға жасаған қамқорлығы мен  көмегі, отбасында жар, әйел ретіндегі үлгі аларлық қырлары жайында айтылған әңгімелер өз тыңдарманын бей-жай қалдырмады.

– Қанша дегенмен, адамның туған жері бәрінен ыстық. Мейлі, мен қай қалада жүрмейін – бәрібір менің жұдырықтай жүрегімде осы Махамбет халқы жүреді. Рас, менің балалық шағым қиын өтті. Тұрмысымыз өте ауыр болды. Балалық шағым өткен осы жерлерді сағына еске аламын, Бақсай, Жаманқала десе, елеңдеп отырамын, – деді М.Ғабдысәлімқызы.

«Гүл сыйлайық» әнінің сазымен Мәдина Ғабдысәлімқызы өзіне тарту етілген раушан гүлдерін ораулы дестеден ағытып, залда отырған қыз-келіншектер мен аналарға таратты. Бұл сырт қарап отырған адамды ерекше әсерге бөлеп, жарасымды көрініс берді. 

Ол –  біздің мақтанышымыз

Мәдина Ғабдысәлімқызының мерейтойын өзі еңбек еткен Исатай ауданы жұртшылығы да дүрілдетіп өткізді. «Ел мақтанышы – Мәдина» деген тақырыппен өткен шараға исатайлықтар көптеп келді. Аудандық мәдениет үйін толтырып отырған жұртшылық сұрақ-жауап ретіндегі кездесуге көңілдері толып, қайта-қайта қол соқты.

Өзінің өмір жолы мен қызметінен тартымды да, қызықты естеліктер айтқан кеш қонағы осынша жасқа жетіп, көпшіліктің зор ілтипатына бөленуі аға буыннан алған алғысы мен батасының арқасы деп топшылайды. «Сол кезде Гурьев облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Нұртас Оңдасынов ағадан үйренеріміз мол еді, – деп еске алады мерейгер. – Жастарға қарата «Чай с қаймақом хотите, а на сельское хозяйство не хотите» дейтін. Ол кісінің осы сөзі менің жадымда сақталып қалды. Қайсыбірін айтайын, ол өте қиын кез болды ғой.

Біз осының бәрінің бел ортасында жүрдік. Мұнан соң осы ауданның аманатын арқалап, депутаттыққа өттім. Забурын мен Исатайдың арасына жол салу, Нарыннан мектеп тұрғызу, электр жарығын тарту сияқты тапсырмаларды шешуге кірістім, – деді ол. – Барымды салып, мемлекеттік тапсырмаларды жүзеге асырғанша асықтым».

Мерейгерді Исатай ауданының әкімі Тұрарбек Сұлтанбеков, аудандық мәслихат хатшысы Жұмажан Қадимов, қоғам қайраткері Нұрпейіс Мақашев, партия және қоғам қайраткері Рәшила Мүрсәлиева, ауданның ардагерлер кеңесінің төрағасы Төлеміс Қизатов, ардагер ағалар – Ізбасқан Хисин, Сүндет Дауылбаев, «Жайықмұнайгаз»  басқармасының кәсіподақ ұйымы төрағасы Самат Қабделов, аудандық білім бөлімінің басшысы Бақберген Қарабаевтар құттықтап, сый-сияпат жасады. 

«Кәсіподақ  –  менің  отбасым»

Мерейгерді ұлығылау шарасы «Атырау облысы Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінде жалғасты. Бірлестік төрағасы Диас Сұлтановтың құттықтауынан кейін салалық кәсіподақтар облыстық комитеттерінің төрағалары сөз алды.

Тілекқабыл Қабдолов, Шахмұрат Қанбетов, Есет Өтеулиев, Қуандық Батыров, Нұртан Сәрсенова, Қилымғали Қайненов, Жұмазия Есімова, Гүлайым Ералина жылы лебіз, ізгі тілекке қоса қызықты естеліктерінің де айтты.

Шахмұрат Абдоллаұлы өзін осы қызметке шақырған Мәдина Ғабдысәлімқызынан отбасымен ақылдасып келуіне рұқсат сұрайды. Сонда Мәдина апа «не деп тұрсың, қайдағы отбасы, сенің отбасың – менмін» деп, жүрексініп тұрған қызметкердің жігерін жани біледі. Басшыдан осындай сөз естіген Шәкең бәрін ысырып қойып, кәсіподақ қызметіне білек сыбана кірісіп кетеді…

Кәсіподақ қызметінің ардагері Зайдолла Қожағалиев та мерейгер жайында жып-жылы естеліктер айтып, тыңдаушыларды бір серпілтіп тастады.

Кәсіподақ басшылығына шын көңілден риза болған мерейгер бұрынғы әріптестерін сағына еске түсіріп, сахнаға шақырды. Олардың әрқайсысына өзінің ізгі тілегін арнап, ақ батасын берді. Ал, жастар жағына өмірде мамандық, жар, дос таңдауда қателеспеулеріне тілектестігін білдірді.

Сөзінің соңында Мәдина апа «Мені өмірге әкелген ата-анама, апам Мүнираға, інім Әсуат пен келінім Сәулеге, мерейтойымды осындай жоғары деңгейде өткізуге мүмкіндік туғызған облысымыздың бірінші басшысы Бақтықожа Салахатдинұлына, іс басында жүрген  азаматтарға, кәсіподағыма, осы отырған бәріңізге ризамын…» деді. 

«Жақсы  әйелде еркектің қайраты бар»

Қазақ қашан да тауып айтқан. «Жақсы әйелде қыздың ибасы, еркектің қайраты бар» деген біздің аталарымыз дұрыс айтқан. Сол айтқандай, Мәдина апамыздың мерей жасы қала әкімдігінде де аталды. Атырау қаласының әкімі Нұрлыбек Ожаев мерейгерді салтанатпен қабылдады.

…Он сегіз жасында Гурьев педагогика училищесін бітірген қаршадай қыз Мәдина Бақсай ауданына жолдама алады. Содан «Қызыл жұлдыз» орталау және Чкалов атындағы орта мектептерде ұстаздық етеді. Алғашқы еңбек жолын осылай, жас ұрпаққа тәрбие беруден бастаған ол бірден мектептің қоғамдық жұмыстарына білек сыбана кірісіп кетеді. Осы тұста жас Мәдинаның ұйымдастырушылық қабілеті анық байқалады. Содан ол 1955 жылдың тамызында Бақсай аудандық комсомол комитетінің екінші хатшылығына тағайындалады. Ал,   1956 жылы Новобогат ауданы қосылғаннан кейін бірінші хатшы болып сайланады.

Төрт жылдан кейін Алматы жоғары партия мектебіне оқуға жіберіледі де, 1964 жылы қаңтарда Гурьев облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып сайланады. Мұнан кейін Мәдина Ғабдысәлімқызы Гурьев қалалық партия комитетінің хатшысы, облыстық партия комитетінің үгіт-насихат, білім және оқу орындары бөлімдерінің меңгерушісі болып қызмет істейді. Ал, 1979-1982 жылдары Мәскеудегі Кеңестер Одағы Коммунистік партиясы Орталық комитеті жанындағы Қоғамдық ғылымдар академиясының аспирантурасында оқып, кандидаттық диссертациясын қорғайды.

Іскер де талантты басшы он жылдай Гурьев облыстық кәсіподақтар кеңесін басқарды. Осы тұста шешімі қиын талай мәселенің жауабын табады. Өзінің бір күнін бос өткізбейтін Мәдина Ғабдысәлімқызы құрметті еңбек демалысына шыққаннан кейін де үйде отырып көрмеді. Ол жиырма жылдан астам уақыт қазақ-түрік бірлескен «АТМА-Атырау аэропорты және тасымалдау» ЖАҚ бас директорының кеңесшісі, кәсіподақ комитетінің төрайымы жұмысын қалтқысыз атқарды.

– Осы өмірдегі менің басты мақсатым еліме қалтқысыз еңбек ету болып келді, – деп күлімдейді мерейгер. – Мен секілді сексенге келгенше жұмыстан қол үзбеген адам кемде-кем шығар…

 Атырау шаһарының басшысы Нұрлыбек Ожаевтың мерейгерді қабылдауы жылы жүзді әңгімелесу тұрғысында өтті. Әсіресе, бұрынғы Гурьев пен қазіргі Атырау қаласының жер мен көктей айырмашылығы, қала өміріндегі қиындықтар мен қызықтар кеңінен айтылды. «Өмірі кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болатын апамызды ұлықтар шаралар қала басында әлі де өз жалғасын табатын болады» деген қала әкімі Мәдина Ғабдысәлімқызын шын жүректен құттықтап, сый-сияпатын ұсынды. 

«Жайық қызы» сыр ашты

Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханада мерейгердің «Жайық қызы» атты кітабының тұсаукесері өтті.

Алғашқы құттықтау сөзді Атырау облысы әкімінің орынбасары Айгүл Әжіғалиева алды. Ол өз сөзінде адам өмірі үлкен бір тарих екенін, Мәдина Ғабдысәлімованың туған өлкеге сіңірген еңбегінің орасан зор болғанын тереңнен толғады. Сөйтіп, облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның Алғыс хаты мен гүл шоқтарын тапсырды.

«Жайық қызы» атты кітаптың тұсауын мерейгер мен Айгүл Теміртасқызы кесті. «Менің авторлығыммен шыққанымен мұның бәрі –мен туралы әр жылдары жазылған мақалалар, очерктер мен сұхбаттар, әңгімелер. Ішінде отбасылық, қызметтегі суреттерім баршылық. Осынша жасқа жеткенімде қиынды болып жиналып қалған осынау мол мұраны кәдеге асырайын, елдің адамдарының еңбегін көрсетейін, естелік етейін деп ойладым», – деген Мәдина Ғабдысәлімқызы кітабын облыс әкімінің орынбасары Айгүл Әжіғалиеваға, Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапхана қорына, облыстық ардагерлер кеңесіне, «Атырау облысы Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігіне тапсырды.

Шарада облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қатимолла Ризуанов, соғыс және еңбек ардагері Орынғали Қарасаев, қоғам қайраткері Рәшила Мүрсәлиева, журналистика ардагері Любовь Монастырская, қоғам қайраткері Нұрпейіс Мақашев, аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Диас Сұлтанов сөз алып, мерейгерге жылы лебіздерін айтып, құнды естеліктерімен бөлісті.              

«Өткен өміріме зер салсам, алпыс жылдан астам уақытым еліме қалтқысыз еңбек етумен өткен екен. Қызметімде қандай биіктікке қол жеткізсем де, адал еңбегімнің, «айналайын» деп маңдайымнан сипаған ағаларымның, өздеріңіздей тілеулес іні-сіңлілерімнің арқасында жеттім деп ойлаймын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, ауызбірлігіміз мәңгілік болсын», – деді мерейгер Мәдина Ғабдысәлімқызы.   

 

Лиза СЕЙТІМОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз