
Атыраудағы ауыл жастары жаңа білім мен технологияларды меңгеруде
Атырау облысының Махамбет ауданында “Talaptan Mahambet” жобасы аясында жастардың қаржылық, құқықтық және цифрлық сауаттылығын арттыруға бағытталған «Jastar Upgrade: жаңа білім, жаңа мүмкіндіктер» атты шаралар кешені өтті.

Жоба облыстық ішкі саясат басқармасының тапсырысымен, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ қолдауымен және «Болашаққа қозғалыс» жеке қоры мен Махамбет аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен жүзеге асырылуда.
Шараның басты мақсаты — ауыл жастарының заманауи білім мен технологияларды меңгеру деңгейін арттыру, қаржылық және құқықтық сауаттылықты дамыту, сондай-ақ жасанды интеллектіні тиімді пайдалану мәдениетін қалыптастыру.

Жиын барысында қатысушылар қаржылық жоспарлау, жеке бюджет жүргізу, интернеттегі қауіпсіздік және құқықтық жауапкершілік тақырыптарында тәжірибелік білім алды. Сонымен қатар, спикерлер жасанды интеллекттің күнделікті өмірде, кәсіпкерлік пен шығармашылық бағыттарда қолданылу мүмкіндіктерін нақты мысалдармен түсіндірді.
Кездесу интерактивті форматта өтті. Қатысушылар пікір алмасып, топтық ойындар мен практикалық тапсырмалар орындады. Мамандар әр жасқа жеке кеңес беріп, қаржыны басқару, цифрлық беделді сақтау және жаңа технологияларды тиімді қолдану жөнінде пайдалы ұсыныстар айтты.

“Болашаққа қозғалыс” жеке қорының директоры Диас Бекмұратұлының айтуынша, мұндай жобалар ауыл жастарының тұлғалық және кәсіби дамуына, өз бағытын айқындауына және жаңа мақсаттар қоюына үлкен серпін береді.
– Қазіргі заманның жастары тек білім алып қана қоймай, оны өмірде тиімді қолдана білуі қажет. Осы тұрғыда «Jastar Upgrade» жобасы – жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын маңызды бастама, – дейді Д.Бекмұратұлы.
Шаралар 14–20 қазан аралығында ауданның төрт мектебінде өтті. О.Шонаев атындағы орта мектеп, Қ.Қалыбеков атындағы Сарытоғай орта мектебі, Д.Төленов атындағы жалпы орта мектеп, Е.Ағелеуов атындағы Махамбет орта мектебінде қолға алынған іс-шараға барлығы 300-ге жуық жас қатысып, өздерінің қаржылық, құқықтық және цифрлық сауаттылығын арттырды.
«Jastar Upgrade» жобасы алдағы уақытта облыстың өзге аудандарында да жалғасын табады деп күтілуде.
Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ



